Еліміздің халық тығыз орналасқан оңтүстік өңірлерінен солтүстікке қоныс аударған азаматтар саны жыл санап артып келеді. Бұған себеп – мемлекет тарапынан барлық қолайлы жағдай жасалып, тұрақты жұмыс орындарының ашылуы. Көшіп барған азаматтардың жай-күйімен танысу мақсатында түркістандық арнайы жұмысшы тобы теріскейге барған болатын.
Олар алдымен Солтүстік Қазақстан облысы, Айыртау ауданында аға дәрігер болып жұмыс істейтін Аян Ерханұлымен кездесті. Түркістан облысы, Кентау қаласының тумасы теріскейге осыдан 5 жыл бұрын қоныс аударған. Түркістан қаласындағы Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ түлегі 5 жыл ішінде ауа райына әбден үйренгенін айтып, өзге жерлестерін де қоныс аударуға шақырды. Одан кейін, Солтүстік Қазақстан облысы Тайынша ауданында болған. Аталған ауданның әкімі Берік Әлжанов Түркістан облысынан аттанған өкілдерді қабылдап, өңірдің тыныс-тіршілігімен таныстыра отырып, алдағы жоспарларымен бөліскен. Әкімнің айтуынша, Тайынша ауданында орташа айлық жалақы 254 мың 212 теңгені құрайды екен. Жыл басынан бері 1486 жұмыссыз азамат жұмысқа орналасқан. Сонымен қатар, 2024 жылғы бүгінгі жағдай бойынша халық саны 38 995 адамды құрайды, бұл 2024 жылғы осы кезеңмен салыстырғанда 78 адамға азайғандығын атап өтті. Осылайша Оңтүстіктен солтүстікке тұрғындарды көшіру мәселесінің өзектілігі айтқан аудан әкімі, арнайы делегациямен талқылау жүргізген. Одан кейін, арнайы делегация өкілдері Тайынша өңірінің тарихи-өлкетану музейіне ат басын бұрған. Онда тарихы өлкенің құнды мұраларын көріп, тың мәліметтермен танысқан. Делегация өкілдері Солтүстік Қазақстан облысының Тайынша қаласында орналасқан «Элеватор Тайынша» ЖШС кәсіпорнына барған. Бұл теріскейдегі ең ірі кәсіпорындардың бірі. Астық өндірумен айналасатын өңір үшін элеватордың орны ерекше екені түсінікті. Осы кәсіпорында Оңтүстіктен келген мамандар жемісті еңбек етіп жүрген көрінеді. Себебі кәсіпорын директоры Шыназбек Балқыбектің өзі Түркістан облысы Түлкібас ауданының тумасы. Ол өзінің ең алғашқы еңбек жолын Түлкібастың ұн комбинатынан бастаған.
Қазіргі таңда «Элеватор Тайынша» ЖШС 100 жұмысшы адам жетіспейді дейді. Өзі басшы болып келгелі Түркістаннан Теріскейге қоныс аударушы еңбек күшіне екпін беріп отыр. Бүгінде өндіріс орнында 22 жұмысшы Оңтүстіктен келген мамандар. Солардың бірі Ерік Үсенбаев бұрын Шымкентте темір жол саласында қызмет еткен. Кейін түрлі салада жұмыс істеп, соңында «Элеватор Тайынша» ЖШС кәсіпорнына тұрақтаған. Отбасымен келген Ерік бүгінде жеке тұрғын үйі бар, жұбайы да мектепке орналасқан. Ал, түбі түлкібастық 25 жасар Дәулет те өз ауылынан тұрақты жұмыс таппай, осы элеватордан екі қолға бір күрек алған. Қазір ол басына баспана тауып, осында қоныстаныпты. Шыназбек мырзаның айтуынша, оңтүстіктен келген жұмысшыларын баспанамен толық қамтуға мүмкіндігі бар. Бұл кәсіпорыннан бөлек теріскейге көшіп, жеке бизнеспен айналысып жатқан түркістандықтар да бар. Солардың бірі Усманов Абдулмуталип пен жары Қымбат. Олар Солтүстік Қазақстан облысы, Аққайын ауданының орталығы Смирново ауылының қақ ортасынан «Шымкент» деген дәмхана ашқан. Түркістан облысы, Сарыағаш ауданынан қоныс аударған ерлі-зайыпты, бүгін міне, өздерінің жеке бизнесін жүргізіп отыр.

Ал мемлекеттік бағдарламамен қайтарымсыз грант алып, кәсібін дөңгелетіп отырғандардың бірі – Қасым. Ол теріскейден шаштараз ашқан. Бүгінде теріскейге әбден қоныстанып алған Қасым, кәсібінің екінші нүктесін ашып, 15 адамды жұмыспен қамтып отыр. Тіпті оның жұмыс беріп отырған адамдары да оңтүстіктен, шаруаға икемі бар жастары екен.
Ал Шардарадан қоныс аударған ерлі-зайыпты Алмагүл мен Тимур Тайыншада қарбыз өсірген. Олар «Надежда» деп аталатын әлеуметтік қызмет көрсету орталығында (қарттар үйі) жұмыс істейді екен. Тимур мен Алмагүл Тайыншаның ортасынан жеке тұрғын үй алған. Олардың мұнда көшіп келуінің себебі – жер ауыстыру. Ауласындағы 6 сотық жерге қарбыз өсіріп, теріскейліктерді таңқалдырып отыр.
Солтүстік өңірге бойдақ болып келген Данияр Жаппарды тілге тиек етпесек болмас. Ол Сарыағаш ауданы, Жемісті ауылынан Павлодар облысының Ақсу қаласына көшіп келген. Мамандығы ветеринар жігіт Сайрам ауданы Ақсу елді мекенінің қызына үйленген. Қазіргі таңда мемлекет көмегін пайдаланып, 8 млн теңге тұратын екі бөлмелі пәтерді жарты бағасына сатып алған.
Одан бөлек, Мақтаарал ауданы, Фирдоуси ауылының Мирзашапиров Әбдуләзиз бар. Қазіргі таңда, ол Ақсу қаласына көшіп келіп, орталық мешітте наиб имам болып жұмыс істейді. Бағдарлама аясында берілетін көмектерді алып, екі бөлмелі пәтер сатып алған. Абыройлы қызметтегі оңтүстік тумасы бүгінде екі баланы тәрбиелеп отыр.
Келесі кейіпкер – Зикрулла Сатимов. Балалар фельдшері болып Павлодар аудандық поликлиникада жұмыс істейді. Ол «Дипломмен ауылға» бағдарламасы бойынша көшіп келген. Өзі Павлодар қаласында оқыған. Қазір құжаттарын дайындап, өзі бару керек ауылды күтуде.

Арнайы делегация өкілдері Солтүстік Қазақстан облысының «Қандастар мен қоныс аударушыларға арналған ақпараттық-түсіндіру орталығы» мекемесіне және «Мансап орталығы» мекемесіне де барған. Мансап орталығының директоры Аман Төрегелдиннің айтуынша, Оңтүстік өңірлерден қоныс аударушыларға бөлінетін квотаның 60% ғана орындалған.
- Алда әлі толық тоқсан бар, жыл соңы да таяп келеді. Биыл су тасқынының кері ақпараттық әсерінен болар, қоныстанушылардың қатары азайып тұр. Тасқын су тек Есіл өзені бойындағы өңірлерді ғана мазалаған, ал Айыртау, Мәмлүт секілді Есілден қашық жатқан аудандар тыныш. Нағыз қоныс аударатын өңірлер де сол жақ. Әсіресе, басты ескеретін нәрсе, Айыртау ауданы — басты назарға аударатын өңір. Ауыл шаруашылығын өркендетуге де, кәсіпкерлікке бет бұруға да, оның ішінде туризм саласынан табыс табуға таптырмайтын өңір. Оңтүстіктен келетін жұмыс күшін сонда бұрып, насихаттай алсақ, үлкен жәрдем болар еді, – дейді «Мансап орталық» директоры.
Одан кейін, Солтүстік Қазақстан облысының «Еңбек мобильділігі орталығы» арнайы делегацияға есігін ашты. Орталық директоры Аман Жақсыбайұлы ағымдағы жылға бөлінген квотаның 60% орындалғанын айтты. Биыл өңірдің бірнеше қызыл су басуы қоныс аударуға ниетті азаматтардың үрейін тудырған. СҚО облыстың барлық жерін су баспағанын да айтып өтті. Сол себепті, шешім қабылдап, ауыл шаруашылығы, туризм дамытуға өте қолайлы Айыртау, Ғ.Мүсірепов, Тайынша аудандарына қоныс аударуға күнгейліктерді шақырды.
Жалпы түстіктегі қазақтың теріскейге көш түзеуі 2017 жылы басталған. Мемлекеттік «Еңбек» бағдарламасының «Жұмыс күшінің ұтқырлығын арттыру» атты үшінші бағыты 2021 жылға дейін жалғасты. Сол аралықта жұмыс күші көп өңірлерден жұмыс күші жетіспейтін өңірлерге 735 отбасы (құрамында 1977 адам) қоныс аударды. Еліміздегі еңбек күшін реттеуді мақсат еткен көштің қарқыны бәсеңдеген жоқ. 2022 жылы ол «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасы аясында жүзеге асырыла бастады.
Ақпаратты жинақтаған: Ердәулет САҒЫНДЫҚ
