- ВКонтакте
- РћРТвЂВВВВВВВВнокласснРСвЂВВВВВВВВРєРСвЂВВВВВВВВ
- Skype
- Telegram
«Amanat» партиясы, Түркістан қалалық мәслихат депутаты Сәкен Хандиллаев өңірдегі газ мәселесінің қиындап тұрғанын айтып, оған өңір басшылығының көңіл бөлуін сұрайды. Ол өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында «Қанағатшыл халықпыз ғой» деген тақырыппен жарияланған постында былай дейді.
ҚАНАҒАТШЫЛ ХАЛЫҚПЫЗ ҒОЙ
Құрметті Дархан Амангелдіұлы!
Біздің халық өте қанағатшыл ғой. Аспандағыны сұрап биліктің басын ауырта бермейді. Бізге не керек; газ, су, свет – осындай бірінші кезекте қажетті заттар жетіп тұрса болғаны. Сосын 85 – 150 мың теңге арасында айлық болса, бізден “шүкіршіл” халық жоқ.
Бірақ та соңғы айларда өңірімізде автокөліктерге құятын газ дегеніңіз қайта-қайта жоғалып, көлік иелерін әбігерге салып жатқаны бар. Бірлі жарым автогаз құю бекеттерінде болып жатса сағаттап ұзын-сонар кезекте тұрасың, бірнеше сағат күтіп, кезегің келгенде таусылып қалмаса жақсы, не болмаса 2 мың теңгеге құйып кетесің. Оған да шүкіршілік деп қоямыз. Біздің өңірімізде газбен жүретін автокөліктердің жалпы саны 55000 астам екен. Бұл жалпы өңіріміздегі барлық автокөліктердің 10-15 % көлемінде. Қазір елдің көпшілігі автокөліктерге құятын газдың тапшылығы айналасындағы проблемаларды көтеруде. Әрине орынды.
Ал облысымызда тұратын жалпы 2,1 млн аса халықтың басты проблемасы назардан тыс қалып отыр. Сол 2 млн- нан астам халықтың күнделікті тұрмыста тұтынатын газ баллондармен қамтамасыз ету проблемасын көтеріп жатқан адам жоқ. Не аудан-қала әкімдері, не облыс әкімдігі үнсіз. Негізгі проблеманың үлкені осы жерде болып тұр.
Бұлай деуімізге себеп 2023 жылдың тамызында ” Газ және газдандыру туралы ” ҚР- ы заңының 28. бабын 4. тармақпен толықтырып, автогаз сату станцияларында газ баллондарға газ сатуға тыйым салынған болатын. Нәтижесінде халық автобекеттерден күнделікті тұрмыста тұтынатын газ баллондарға газ сатып алу мүмкіндігінен айрылды. Ал өңірімізде 833 елді мекеннің 500 ден астамына табиғи газ тартылған болса, қалған 318 ден аса елді мекенде тұратын 800 мыңға жуық халықтың күнделікті тұрмыста пайдаланатын газ мәселесі қалай шешілген – жоқ ешқандай .
Жасыратыны жоқ соңғы жылдары өңір тұрғандары газ баллондарды автогаз құю бекеттерінен алуы себепті әлеуметтік- тұрмыстық газ тарқатушы мекемелер халыққа тапсырыспен газ баллондарын ауыстырып беру қызметтерін көпшілік өңірлерде тоқтатқан, тіпті газ баллон сататын мекемелер мүлдем жоқ десек те болады. Ал облысымыздың табиғи газ тартылмаған елді мекендердегі 800 мыңға жуық халықтың одан қала берді қаншама мыңдаған кәсіпкерлік субъектілерінің күнделікті тұрмыста тұтынатын газ баллондармен қамтамасыз етілуі былтырғы жылдың тамызынан бастап бүгінгі күнге дейін шешілмеген және бұған жауапты облыстық энергетика немесе кәсіпкерлік басқармалары, сондай- ақ аудан әкімдері бастарын ауыртып отырған жоқ.
Бүгінде автокөліктерге газ жеткізіп бере алмай отырғанда, бір газ баллонын автокөліктеріне тиеп әкеліп, газ құю бекеттерінде жалынып тұрған ауыл тұрғындары. Ал заңына келсек газ баллондарға газ сатылмайды.
Соңында біздің қанағатшыл халық ” ата- бабамыз қазан ошаққа да тамағын істеп те күнін көрген ғой” – деп, сол баяғы “экологиялық таза отын” – тезекпен тамағын пісіріп отырғаны. Бұл жағдай табиғи газы жоқ барлық облыстарда орын алып отырса керек. Біздің облысымыздағы көтерме арзан бағамен газ алып отырған әлеуметтік-тұрмыстық газбен қамтамасыз етуі тиіс он мекеме лимитпен алып отырған газдарын қай өңірдің тұрғындарына сатып жатыр екен. Себебі не автобекеттерде тұрақты газ жоқ, не газ баллондарды толтырып, ауыстырып беріп жатқан газ жеткізіп беру қызметі жоқ.
Құрметті Дархан Амангелдіұлы Сізден ҚР-ы ” Газ және газдандыру туралы ” заңына өзгерістер енгізіліп, автобекеттерден газ баллондарға газ сатылуына тыйым салынғанына байланысты табиғи газға қосыла алмаған тұрғындардың тұрмыстық мұқтаждықтарын өтеу үшін әрбір ауданнан тұрғындардың тұрмысына тұтынатын газ баллондарды толтырып, қайта ауыстырып, арнайы жабдықталған автокөліктермен жеткізіп беру қызметін жандандыруды қайта қолға алуыңызды сұранамын.
Өтініш білдіруші С.Хандиллаев