Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі 2020 жылғы 1 қаңтарда іске қосылды. МӘМС есебінен денсаулық сақтауды қаржыландырудың айтарлықтай өсуі медициналық көмектің қолжетімділігін жақсартуға мүмкіндік берді.
2023 жылғы 1 қаңтардан бастап ең төменгі жалақы (ЕТЖ) мен айлық есептік көрсеткіш (АЕК) мөлшерінің артуына байланысты міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруға жарналар мен аударымдар мөлшері өзгерді.
Жұмыс беруші – жұмысшының еңбекақысының 3%-ын, бірақ 21 мың теңгеден аспайды, өйткені есептеу объектісі 10 ЕТЖ-нан аспауы тиіс. Маңызды: егер жұмысшы 15 жеңілдік санатының біріне жататын болса, онда ол үшін аударым жасаудың қажеті жоқ.
Қызметкерлер, оның ішінде азаматтық-құқықтық сипаттағы шарттар бойынша табыс алатындар – өз табысының 2%-ын құрайды, бірақ 14 мың теңгеден аспайды, өйткені есептеу объектісі 10 АЕК-ден аспауы керек.
Жеке кәсіпкерлер және жеке практикамен айналысатын адамдар – ЕТЖ-ның 1,4 еселенген мөлшерінің 5%-ы.
Өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтар БЖТ төлейді:
– елорда, республикалық және облыстық маңызы бар қалалардың тұрғындары үшін – 1 АЕК;
– басқа елді мекендердің тұрғындары үшін – 0,5 АЕК.
Дербес төлеушілер – ЕТЖ-ның 5%-ын.
Мемлекет азаматтардың 15 жеңілдікті санаты үшін төлейді – бұл 11 млн-нан астам адам.
«Сақтандырылған» мәртебесін қалай алуға болады?
Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша, 2022 жылғы 5 қыркүйектен бастап «Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы» Заңына МӘМС жүйесіне қатысудың баламалы тәсілін көздейтін өзгерістер күшіне енді.
Бұрын сақтандырылған мәртебесін алу үшін өткен 12 айға төлем жасау керек болды. Ал төлемдер болмаса, қарыз пайда болатын. Енді мәртебені алдағы 12 айға жарна төлеу арқылы алуға болады, яғни өткен жылғы қарызды өтеудің қажеті жоқ.
Бір жыл бұрын сақтандырылу үшін әр айға 3 500 теңгеден жарна төлеу қажет. Ескеретін жайт, 12 айды жеке жеке төлеу маңызды. Өйткені жарналарды бір сомамен 42 000 теңге етіп төлеген кезде, жүйе жаңа тетік бойынша мәртебе бермейді.
МӘМС жарналарын кез келген екінші деңгейдегі банк, банктердің мобильді қосымшалары, жылдам төлем терминалдары және «Қазпошта» филиалдары арқылы төлеуге болады.
Мемлекет есебінен сақтандырылған жеңілдікті санатқа келесі азаматтар кіреді:
-18 жасқа дейінгі балалар;
-жұмыс істемейтін жүкті әйелдер;
-бала үш жасқа толғанға дейін оны тәрбиелеп отырған жұмыс істемейтін адамдар;
-жүктілікке және босануға, жаңа туған баланы асырап алуға, сондай-ақ баланы үш жасқа толғанға дейін күтуге байланысты демалыста жүрген адамдар;
«Алтын алқа», «Күміс алқа» алқаларымен наградталған немесе бұрын «Батыр Ана» атағын алған, сондай-ақ I және II дәрежелі «Ана даңқы» ордендерімен наградталған көп балалы аналар;
мүгедек балаға күтім жасайтын жұмыс істемейтін тұлғалар;
бала кезінен мүгедектерге күтім жасаушылар;
мүгедектер;
зейнеткерлер мен ҰОС ардагерлері;
орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, жоғары білім беру, сондай-ақ жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарында күндізгі оқу нысанында білім алатын адамдар;
жұмыссыз ретінде тіркелген тұлғалар;
жұмыс істемейтін мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек алушылар;
жұмыс істемейтін қандастар;
қауіпсіздігі барынша төмен мекемелерді қоспағанда, қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінде сот үкімі бойынша жазасын өтеп жүрген адамдар;
тергеу изоляторларындағы адамдар.
Егер сіз көрсетілген санаттардың біріне кіріп, бірақ сақтандырылмаған болсаңыз, онда растайтын құжаттардың тізімін жинап, оларды ХҚКО-ға ұсыну қажет. Құжаттар ақпаратты растау үшін мемлекеттік органдарға жіберілетін болады. Барлық қажетті рәсімдерден кейін мемлекет сіз үшін жарна төлейді және «САҚТАНДЫРЫЛҒАН» мәртебесі жеңілдікті санаттағы өкіл ретінде берілетін болады.
Айгерім АЙДАРБЕКҚЫЗЫ,
Клиника Талғат ЖШС емханасының жалпы тәжірибелі дәрігері.