Жуырда Астанада Шанхай ынтымақтастық ұйымы Cаммиті аясында өткен Қазақстан-Қытай бірлескен іскерлік кеңесінде Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды жалпы құны 1 млрд. 615 млн АҚШ долларын құрайтын 4 ірі инвестициялық жоба бойынша ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойған болатын. Қазіргі таңда әкімшілік іскерлік орталықтың аумағынан 11,8 гектар жер учаскесі қонақүй жобасына нақтыланды. Онда 18 қабатты қонақ үй, аквапарк және вилла кешені мен бизнес орталықтарының құрылысын бастау жоспарланған.
Осыған орай, өңір басшысы Дархан Сатыбалды және облыстық мәслихат төрағасы Нұралы Әбішов бастаған делегация Қытай Халық Республикасына іссапармен барды. Айта кетейік, Түркістан облысы мен Қытай арасында тығыз қарым-қатынас орнаған. Осымен екінші рет ұйымдастырылған жұмыс сапарында облыс делегациясы бірнеше провинция мен қалаларындағы алпауыт компаниялардың жұмысымен танысады. Жергілікті билік басшыларымен екіжақты байланысты нығайту, әріптестік туралы меморандумға қол қою көзделген. Облыс әкімі тың жобаларды жүзеге асыру, ІТ саласында тәжірибе алмасу, ауыл шаруашылығы саласын дамытуда білім жетілдіру, озық технологиямен қамту, терең өңдеу бойынша, білім, мәдениет, туризм, Түркістандағы әуежайдың логистикалық әлеуетін пайдалану, әуе рейсін ашу және өзге де мәселелерде әріптестік орнатуға келіссөздер жүргізеді. Басты мақсат – халықаралық тәжірибе жинақтап, Түркістан өңірінде жаңа жобаларды жүзеге асыру, инвестиция тарту, облыс аумағында зауыт-фабрикалар ашып, халықтың әл-ауқатын арттыру.
Түркістан облысының әкімдігі мен Қытайдағы Қазақстан елшілігі мен Бас консулдықтың бірлесіп ұйымдастыруымен Шэньси провинциясында ауқымды іс-шара жоспарланған. Бағдарлама бойынша облыс әкімі Дархан Сатыбалды бастаған делегация мен Қазақстан Республикасының Сиань қаласындағы Бас консулы Жошыхан Қыраубаев Шэньси провинциясының Вэйнань қаласында орналасқан «Chian Chuangshi Construction Group» компаниясына тиесілі «Weinan Jianguo» қонақүйіне барды. Түркістанда дәл осы жобамен бес жұлдызды қонақ үй кешені мен аквапарк және бейнебақылау камераларын шығаратын зауыт салынбақ. Жобаның жалпы құны 270 млн АҚШ долларын құрайды.
«Hongji Shiye Group» компаниясы жылжымайтын мүлікті дамыту, құрылыс, монтаждау, қонақүй, қарттарға дұрыс күтім жасау, мейірбикелік күтім орталығы және мүлікті басқару сияқты 10-нан астам бизнес салаларын құрған.
Сондай-ақ Дархан Сатыбалды бастаған делегация көпсалалы аурухана мен ардагерлерге арналған сауықтыру орталығында болды. Құрылысы енді біткен әлеуметтік жоба аурухана, мейірбике орталығы, қарттар үйінен тұрады.
Медициналық және сауықтыру кешені ерекше күтім мен қауіпсіздікті басты қағида ұстанады. Орталық ыңғайлы жиһазбен, қажетті құралдармен толық жабдықталған.
Түркістан облысы делегациясының іссапары әрі қарай жалғасуда. Нәтижесінде Қытайдың бай тәжірибесі негізінде Түркістан өңірінде жергілікті кәсіпкерлердің қолдауымен жаңа кәсіпорындар іске қосылады деген жоспар бар.