ӨЗБЕКӘЛІ ЖӘНІБЕКОВКЕ АРНАЛҒАН ОҚЫРМАН ЗАЛЫ АШЫЛДЫ

2  169 көрілім

Бүгін Farab әмбебап кітапханасында еліміздің мәдениеті мен өнерінің дамуына өлшеусіз үлес қосқан мемлекет және қоғам қайраткері, этнограф Өзбекәлі Жәнібектің құрметіне арнайы оқырман залы ашылды. Біртуар тұлғаға арналған танымдық зал тың дүниелермен толықтырылып, безендірілген. Оқырман залының ашылуына қаламыздағы зиялы қауым өкілдері, оқырмандар, кітапханашылар мен БАҚ өкілдері қатысты. Сондай-ақ, Түркістан облысы әкімінің орынбасары Бейсен Тәжібаев, облыстық ақсақалдар алқасының төрағасы Жарылқасын Әзіретбергенов және қалалық әжелер алқасының төрайымы Айғаным Серім залдың лентасын қиды.


Ашылу барысында арнайы жасақталған мемориалды бөлме және «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінен және Отырар аудандағы Өзбекәлі Жәнібек атандағы лицей-интернатынан арнайы құнды жәдігерлер келушілер назарына ұсынылды.
Тарих ғылымдарының докторы, профессор Хазіретәлі Тұрсынның модераторлығымен өткен конференцияда қонақтар Өзбекәлі Жәнібек жайлы естеліктерімен бөлісті. Мәдени іс-шарада кітапхана қонақтары тағы бір жағымды жаңалықпен таныс болды. Оқырман залымен қоса кітапхананың төл туындысы «Арда туған Өзағаң» атты Өзбекәлі Жәнібек жайлы мақалалар мен әңгімелер жинақталған кітаптың тұсауы кесілді.


Көпшілікке әсерлі әңгіме мен мол рухани азық сыйлаған кеш соңында «Отбасы хрестоматиясы» баспа үйінен шыққан «Өзбекәлі және мәдени майдан» кітабына арнайы түсірілген буктрейлер көрсетілді. Айта кетейік, алдағы уақытта Өзбекәлі Жәнібек залы оқырман игілігі үшін қызмет ететін болады.
Дәурен ТІЛЕУХАН.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы