Киелі шаһардың шетінде орналасса да жаһандану заманынан шетте қалмай келе жатқан рухани һәм заманауи мектеп бар бұл қалада. Қазақ поэзиясының дүлдүлі, «ХХ ғасырдың Гомері» атанған жыр алыбы Жамбыл Жабаев атындағы №11 жалпы білім беретін мектебі жайлы болмақ бүгінгі әңгімеміз. Бірер уақыт бұрын білім ұяларының жағдайына талдау жасап көру мақсатында сауалнама жүргізу үшін арнайы сұрақтар әзірлеп, білім бөліміне қарасты жалпы орта мектеп басшыларына хат жолдадық. Сонан соң мектеп тынысын көзбен көріп, танысу үшін өзіміз бірқатар білім ұяларына барып қайттық. Осы орайда қаншама жылдық жүйелі жұмыстары арқылы ұстаз бен шәкірт арасындағы алтын көпірге айналған тарихы терең, тағылымы мол Жамбыл Жабаев атындағы білім ұясы жайлы оқырман назарына ұсынып отырмыз.
Тарихы ертеден тамыр тартқан мектептің ең алғаш 1961 жылы іргетасы қаланып, төрт жылдық тәлім мекемесі болып ашылған. Алғашында қазақ, өзбек, орыс тілдерінде ғана бала оқытатын білім ордасы тағылымды тарих беттерінде талай түлекті тәрбиелеген еді. Ал біз барған жаңа ғимарат 2015 жылы тұрғындар игілігіне пайдалануға берілген екен. Аталмыш білім ордасы 300 орындыққа арналса да, қазіргі таңда 634 оқушы екі ауысыммен білім алып жатыр. Білім ордасын басқарғанына 1 жарым жыл ғана уақыт болса да өзінің ізденімпаздығы мен талапшылдығының арқасында ұжымды біріктіріп, білім ұясына көптеген жаңашылдықтар енгізіп, мектептің техникалық базасын жаңартуға үлкен ықпал жасаған мектеп директоры Өмірбекова Индира Сатыбалдықызының еңбек өтіліне тоқталар болсақ, ол 18 жылдан аса қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі болып шәкірт тәрбиелеген білікті ұстаз. 600-ден аса баланың талабын байқап, талғамынан шығып, қалауын таба білген ұстаздар қауымына, зайырлы мемлекеттің ертеңі үшін зияткер шәкірттер тәрбиелеп заманауи білім ордасына айналдырған ұжымға айтар алғысымыз шексіз. Сөзімізге дәлел болсын, аталмыш оқу ордасындағы шәкірттердің ішкі мәдениеттері мен үлкенді сыйлау, үлкенге сәлем беру секілді тағылымды тәрбие мен білімді бойына жиып, армандарына қанат бітіріп жатқанының куәсі болдық. Кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі ювеналды полиция бөлімінде тіркелгендер жоқ. Биылғы оқу жылында мектепті бітіруші түлектер саны – 21, оның ішінде 3 алтын белгіге үміткер бар. Олар ғылыми жоба, олимпиада, т.б жетістіктері бар 11 сынып оқушылары – Райымжан Асылай, Тұрсын Айжан, Хасан Зарина. Сондай-ақ 2 үздік аттестат иеленуге үміткер бар. Олар: Кабулова Гулжаухар мен Құжат Мөлдір. Мектеп ұжымы түлектердің 90 пайызынан жоғары үміт күтіп отыр.

Жыл сайынғы бітіруші түлектердің білім нәтижесіне қарай мектептің мәртебесі өсетіні белгілі. Жоғары көрсеткіш көрсету мектеп ұжымының тынымсыз еңбегі мен шәкірттердің білімге деген ынта-жігеріне байланысты десек қателеспейміз. Мектепте 86 мұғалім оқушыларға білім беріп, шәкірт тәрбиелеуде. Оның ішінде 26 мұғалім педагог-зерттеуші, 15 мұғалім педагог-сарапшы, 25 мұғалім модератор, 3 мұғалім педагог санатында. Сонымен қатар білім ордасында жоғары санаттағы, еңбек өтілі 25-30 жылдан асқан тәжірибелі педагогтер білім береді. Мектептің материалдық-техникалық жағдайы жақсы, мектеп базасы соңғы үлгіде жаңартылған, барлық кабинет заман игілігіне сай LED экрандарымен және жаңа технологиялармен жабдықталған. Осы орайда қаншама атқарылып жатқан жұмыстар мен жаңашылдыққа жасалған бетбұрыстардың артында «бір әттеген-айы» бары жасырын емес. Неге десеңіз, аталмыш білім ұясында интернет жылдамдығы небәрі 20/40 МГ-ты құрайды. Кейде сабақ барысында барлық LED экрандары қосылған жағдайда интернет сапасы нашарлайтыны, шетте орналасқандықтан жиі жарық та өшіп жататыны тағы бар. Ал «Қазақтелеком» арнайы онлайн тестілеу кезінде интернет сапасын жақсартып бергенмен, одан бөлек жай күндері мектепте байланыс сапасы көңіл көншітпейтіні тағы бар. ХХ ғасырда «Жамбыл – менің жай атым, Халық – менің шын атым» деп жырлаған жыр алыбы халықтың ғасырлар бойғы көкейінде жүрген арманын өлеңмен жеткізген еді. Біз редакция тарапынан халықтың көкейіндегі арманы мен тілегін тиісті орындарға жолдап, алдағы уақытта мәселелер толығымен шешілуіне ықпал жасайтын боламыз. Мектептің материалдық-техникалық жай-күйі жақсы деңгейде дедік қой, жоғарыда. Оған себеп те бар. Бізді таңғалдырған дүние – бұл мектепте бұлжымас жүйе қалыптасқан секілді. Ол – оқушының талабы мен қалауын табу арқылы жетістікке жету жолы. Тіпті еңбек пәні кабинетінің бір бөлігін оқушылардың жасаған бұйымдарын жинақтап, мұражай секілді жасақтап қойған. Ол жерге домбыра, қобыз, киіз үй және т.б. секілді түрлі ұлттық-мәдени бұйымдар топтастырылған. Түрлі техникалар мен станоктар, мұрын жарар ағаштың иісі бәрі де өзгеше әсер сыйлайды. Жуырда еңбек пәні барысында «Біз қамқоршы баламыз, құстарға ұя саламыз!» атты акция өтті. Акция аясында қоршаған ортаны жанашырлықпен қорғауға бейімделіп, құстарға арнап пән бірлестігі мен оқушылар бірігіп жасаған құс ұяшықтарын мектеп ауласындағы ағаштарға іліп шықты.

Биылғы оқу жылында 1-4 сыныптарда оқитын 223 оқушыны ыстық тамақпен қамтамасыз ету жұмыстары ұйымдастырылды. Сонымен қатар «Жалпыға міндетті білім қоры» есебінен жеке санаттағы 67 оқушы ыстық тамақпен қамтылып отыр. Тамақ сапасы мен құнарлығы мектеп оқушыларының ата-аналары арасында үнемі бақыланып отырады. Сондай-ақ күнде таңертең мектеп медбикесі мен социология маманы асхананы тексеріп, асханаға жеткізілетін тамақ өнімдерінің сапасына, тағамдарды дайындау технологиясына, өнімдердің және дайын тағамдардың сақтау мерзімдері мен жағдайларына үнемі қатаң қадағалау жасайды. Асхананың материалдық-техникалық базасы жақсы деңгейде. Қойма бөлмесі, мұздатқыш, ауа тазалағыш жұмыс жасап тұр. Жасөспірімдердің ішетін тамақ нәрлілігі мен құрамы талапқа сай болуы мектеп ұжымы үшін басты назарда. Бұл да бір мектепішілік қалыптас-қан ішкі жүйе деп түйдік. Өзге мектептерге де бұл тәжірибелерді іске асырсақ деген ой туындады. Ұрпақ тәрбиелеу жолында ешбір кедергіге қарамай, әрқашанда даму жолынан тайқымай келе жатқан берекелі мектеп ұжымының жұмыстарына тоқталып өтейік.
Бірер ай бұрын ғана қалалық мектептер арасында үлкен бастама бастап, «Ата-аналарды қолдау» кабинеті мен «Би», «Домбыра», «Робототехника» үйірме кабинеттерін ашқан болатын. Цифрландыру заманында балаларға ең қажетті осындай үйірмелердің ашылуы – оқушылар, ұстаздар, ата-аналар тарапынан үлкен қолдау тауып, зор қуанышқа бөледі. Қалалық білім бөлімінің басшысы Оразкүл Шайхықызы ашылу сал-танатына арнайы қатысып, лентасын қиып, қазақтың қара домбырасының күмбірлеген күйін тыңдап, биші-лердің биін көріп, ІТ – технологияларын тез меңгеріп алған «Робототехника» үйірмесі бойынша оқушылар-дың жұмысымен танысты. Үйірмелер жайлы айта кетейік, «Би» үйірмесіне 40-қа жуық оқушы қатысып, мектепішілік байқауларда өнер көрсетеді. Алдағы уақытта қалалық, облыстық байқауларда өнер көрсетуге ниетті. Ал домбыраны өмір бойы жанына серік еткен Жамбыл Жабаевтың есімімен байланысты мектепте ашылған «Домбыра» үйірмесінде 15 оқушы өз өнерлерін ары қарай дамытып, ұлттық құндылықтарды бойына ұялатуда. Сондай-ақ «Робототехника» үйірмесінде жалпы екі ауысымда 4-8 сыныптар аралығында 20 оқушы қатысып, түрлі роботтарды құрастырып, уақытты тиімді өткізеді. «Робототехника» үйірмесінің кабинетінде шахмат үйірмесі де бар. Баланың ой-қиялын ұштап, армандарына қанат жалғау үшін атқарылып жатқан жұмыстардың пайдасы ұшан-теңіз. Білім ордасының оқушылары Ә.Сұлтанмұрат «Робот Бармен» жобасының қалай жүзеге асатынын көрсетсе, Д.Мүтәлбек «Жүк тасушы робот» жобасын көпшілікке таныстырды. Қазіргі таңда мобилография мамандығына сұраныс өте жоғары екенін білеміз. Осыған орай М.Бейбітхан «Оператор робот» жобасын жоғары дәрежеде түсіндіріп өтті. Ал Б.Бейбітхан оқушыларға ең қажетті жол ережесін сақтауды үйрететін «Үкі роботы» жобасын таныстырды. Жиын соңында қалалық білім бөлімінің басшысы Оразгүл Шайхықызы білім ордасындағы атқарылып жатқан игі істерге оң бағасын беріп, үйірме жетекшілері мен пән мұғалімдеріне сенім білдіріп, үнемі ізденісте жүруді қалайтын, өмірге жаңашылдықпен қарайтын мектеп басшысы Индира Сатыбалдықызы мен орынбасарларына, жалпы мектеп ұжымына үлкен алғысын білдірді. Сонымен қатар Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Наурызнаманың онкүндігінде де мектеп ұжымы белсене атсалысты. Мәселен, жаңару күнінде мектеп ұжымы болып ағаш егу дәстүріне атсалысты. Мектеп басшысы Индира Сатыбалдықызы бастаған мектеп әкімшілігі, ұлағатты ұстаздар, кіші қызметкерлер бірігіп мектеп ауласына шырша, қара тал, раушан гүлдерін отырғызды. Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің жоспарына сүйене отырып 2024 жыл-дың 20 наурызы күні «Күй күмбірі» атты республика-лық челленджі өткізілді. Челленджге «Домбыра» үйірмесінің 5-10 сынып оқушылары қатысып, «Тепең көк», «Келіншек» күйлерін орындады. Білім алушылар-дың рухани-адамгершілік мәдениетін, эстетикалық, патриоттық сезімдерін тәрбиелеу, елдің мәдени мұрасын сақтау, балалардың домбырада ойнау өнерін насихаттауды мақсат еткен челлендж ойдағыдай өтті. Сонымен қатар Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес мектеп директоры Өмірбекова Индира Сатыбалдықызының ұйымдастыруымен «Таза Қазақстан» акциясы бойынша «Таза мектеп, таза аула» тақырыбында мұғалімдер мен кіші қызметкерлер арасында сенбілік өткізілді. Сондай-ақ «Таза Қазақстан» акциясы аясында «Өнегелі ұрпақ» апталығында мектеп ұстаздары қасиетті Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің маңына тазалық жұмыстарын жүргізуге атсалысты. Біз бір мақала аясында барлығын қамтып өте алмауымыз мүмкін. Аталмыш оқу ордасының жетістіктері әлі де жалғаса бермек.
P.S.: ХХІ ғасыр ғылым мен техниканың қарыштап дамыған заманы ғана емес, өзгерістер кезеңі болып тұр. Соған сай балаларды қалыптастыру жолында білім беру саласының ұдайы өзгеріп, дамып отыруы – заңдылық. Мемлекет басшысы дәстүрлі Тамыз кеңесінде отандық білім беру жүйесінің үздік үрдісін сақтай отырып, бір орында тұрып қалмай, әрдайым даму жолында болу керектігін атап өткен болатын. Президенттің айтуынша, бәсекеге қабілетті балаларды қалыптастыруда басты үміт мұғалімдерге артылады. Педагогтардың, әлбетте ата-аналардың да міндеті – еліміз үшін лайықты азаматтарды тәрбиелеу. Жаңа ұрпақты алдағы сын-қатерлерге дайындау қажеттігін, бұл ретте балалар еңбексүйгіштік идеялары мен құндылықтары негізінде тәрбиеленуі тиіс екенін тілге тиек етті. Мектеп – ертең мен бүгінді жалғайтын білім ошағы, сәулелі болашаққа апарар кеме. Елімізде қазіргі таңда есепсіз білім ордалары салынып, ұрпаққа жаңаша бағытта білім таратуға атсалысу үстінде. Тарихы тағылымға толы, руханияты биік білім ордасының алар асуы алда. Талай ұрпақтың көкірек көзін ашқан білім ордасының атауы тарих сахнасында алтын әріппен жазылары сөзсіз. Түркістан қаласында ертеректе салынған оқу орны болып іргетасы қаланып, қазіргі таңда қайта түлеп-түрленген білім ошағының келешегі кемел болсын деп тілейміз.
Азамат ӘЛІБЕК.