ҚИЫНДЫҚТЫ ЕҢСЕРУГЕ ПАРТИЯЛАСТАР ДА ЗОР ҮЛЕС ҚОСУДА

165 көрілім

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев су тасқыны бойынша республикамыздың өңірлерінде қалыптасқан ахуалға байланысты Қазақстан халқына үндеуін арнады. Үкіметке мемлекеттік материалдық резервті пайдалану керектігін тапсырып, тұрғындардың шығындарын өтеудің тиімді жолдарын шұғыл қарастыруды жүктеді.

Апатты жағдай орын алған аймақтарға Қазақстан Қарулы күштерінің, Ұлттық ұланның, басқа да күштік құрылымдардың қызметкерлерін көмекке жұмылдыруға бұйрық берілді.

Қиындықта қалған ағайынға тұтас ел болып көмек көрсетілуде. Табиғи апат орын алған аймақтарда мемлекеттік құрылымдар азаматтардың өмірін сақтап қалуға барын салуда. Судың астында қалуы ықтимал елді мекендердің тұрғындарын қауіпсіз жерлерге көшіріп, эвакуациялық бекеттердің қалыпты жұмыс істеуін қадағалауды жолға қойды. Көшуге мәжбүр болған азаматтардың денсаулығын медицина қызметкерлері тәулік бойғы бақылауға алды. Полиция қызметкерлері су басқан аймақтардың қоғамдық қауіпсіздігін қамтуға жұмылды. Әкімдік қызметкерлері, облыстық кәсіпкерлер палатасы, еріктілер топтарымен бірлесе азаматтарды ас-сумен, ең бірінші кезектегі тұрмыс-қа қажетті заттармен қамтуға кірісті. Ең қажетті деп жіберіліп жатқан заттардың қатарында киім-кешек, азық-түліктен бөлек төсеніш, қолғап, арба, күрек, дәрі-дәрмек, жиһаздар, резина етіктер, қап түрлері, сәбилерге жөргек-жаялық сынды аса керек деген бұйымдар бар. Апатты аймақтағы нақты көмек беру жұмыстарына партиямыздың белсенді өкілдері, депутаттар, жас партияластарымыз жұмылуда.

Түркістан облысының тұрғындары еліміздің басқа өңірлерінде болып жатқан табиғи апаттың салдарын зор күйзеліспен қабылдап, көмек қолын созуға мейлінше бірігіп отыр.

Апатты аймақтардың тұрғындарына қажетті гуманитарлық көмек жинау штабтары облысымыздың барлық 17 аудан, қаласында құрылып, игілікті іске қалың ел болып кірістік. Азаматтық бірлігімізді танытып, үйлесімді әрекет етуіміздің нәтижесінде түркістандық ағайын жұмылып жинаған көмек керуендері күн сайын еліміздің батыс өңірлеріне қарай жөнелтілуде. Осы уақытқа дейін Түркістан өңірінің мейірімді халқы су басқан аймақтарға жүк көліктерімен 500 тоннадан астам гуманитарлық көмек жолданды. Ерікті жастар апат аймақтарына жіберілді.

Жуырда Түркістан қаласындағы «Экобазар» маңында Түркістан халқы атынан кезекті гуманитарлық көмек керуені қаздай тізіліп жолға шықты. Қазақстан халқы Ассамблеясының «Жүректен жүрекке» акциясы аясында Түркістан облысы ҚХА жанындағы құрылымдар мен этномәдени бірлестіктер, оның ішінде Түркістан облыстық өзбек этномәдени бірлестігі 3, ал облыстық түрік этномәдени бірлестігі 2 жүк көлігіне тиелген гуманитарлық көмекті Батыс Қазақстан облысына жөнелтті. Сонымен бірге Сайрам, Сауран, Сарыағаш, Отырар, Келес ауданы, Кентау тұрғындары атынан 4 жүк көлігіне қажетті заттар жиналып, жалпы Түркістан облысынан бүгін 9 жүк көлігі және 2 Альфард, 1 Газель жолға шықты. Сондай-ақ облыстан 50 ерікті жас арнайы автобуспен көмек беруге аттанды.

Қарғын судың таралуына алаңдап отырған жерлестеріміздің күш біріктіруінің сан қилы статистикасына тоқталмай, бірді-екілі нақтылы мысалдарды келтіретін болсақ, облысымыздағы барлық деңгейдегі мәслихаттардың аманаттық депутаттары осы мақсатта құрылған арнайы есеп шотқа қаржы аударуда. Тіпті, қатардағы партияластарымыз да, оның ішінде зейнет жасындағы азаматтарымыз жергілікті бастауыш партия ұйымдарына хабарласып, қасиетті Рамазан айындағы отбасы мүшелерінің пітір садақасын қиындықта қалған ағайынның ауыртпалығын сәл де болса жеңілдетуге арнауға ниетті екендіктерін білдірді.

Ауыртпалығын бүкіл еліміз теңдей бөлісіп жатқан қайырлы істен «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалы да құр қалып жатқан жоқ. Топан судың зардабын тартып, қазақстандықтардың көмегімен басқа түскен қиындықты еңсерген аманаттық бірқатар азаматтарды атап өткен жөн. Алғашқылардың бірі болып, Мақтаарал ауданы жұртшылығының Мырзашөл өңірінен Ақтөбе, Батыс Қазастан облыстарының тұрғындарына арналған 100 тоннаға жуық көмектер керуені аттанды. Аудандық мәслихат депутаттары 21 млн. теңге жеке қаражатын арнайы есеп шотқа аударды. Жергілікті мәслихат депутаты, партиямыздың мүшесі Қанат Мырзахметов тасқын су орын алып жатқан ауылдарға жиналмалы қайығын алып, адамдарды, мал-мүлікті құтқаруға жәрдемші болар құрал-саймандарын жинастырып, бір түн ішінде қиындыққа тап болған ақтөбелік ағайындардың арасынан табылуға жолға шықты.

Партиямыздың Жетісай аудандық филиалының атқарушы хатшысы, аудандық мәлихаттың депутаты Әділхан Асауов пен бірге партиялас депутаттарымыз Асқар Қайназаров, Айбек Сұлтанмұрат Ақтөбе облысына арнайы барып, жерлестерінен үздіксіз келіп жатқан гуманитарлық көмекті үйлестіру және тарату жұмыстарын өз бақылауына алды. Партиямыздың бастамасымен Мақтаарал ауданының депутаттары мен кәсіпкерлері Ақтөбе облысының Шығанақ Берсиев елді мекенінің тұрғындарын бір ай бойы ас атасы – нанмен тегін қамтуға үлестерін қосуда. Одан бөлек, облыстық филиал атқарушы хатшысының орынбасары, облыстық мәслихат депутаты, облыстық партия филиалы жанындағы Әйелдер қанатының кеңесшісі Қалыйма Жантөреева Ақтөбе облысындағы қарғын судан зардап шеккен ауылдар тұрғындарының жанынан табылып, өз отбасы атынан 8 млн. теңге қаржы жобасында 100 дана түйе жүн көрпе, Түркістан эмблемасы бейнеленген 255 жылы күртеше мен 300 бейсболканы жеткізіп қайтты. «AMANAT» партиясы Отырар аудандық филиалының төрағасы Еркеғали Таңатаров бастаған аудан белсенділері су басқан аймаққа гуманитралық көмек тиелген жүк көлігін алып кетті. Аталған көмекке аудан тұрғындарынан бөлек аманаттық депутаттардың да қосқан үлесі зор.

Иә, игілікті іске Түркістан облысының 17 аудан, қаласы үлес қосуда. Ауыл-аймақтарда волонтерлар, депутаттар, әкімдік қызметкерлері, мұғалімдер мен дәрігерлер, кәсіпкерлер, жастар белсенділері, партиямыздың қатардағы мүшелері, дін өкілдері, азаматтық ұйымдардың белсенділері ауызбіршіліктің жарқын үлгісін көрсетіп, қайырымдылық керуендерін жасақтап, жолға шығуын ұйымдастыруда. Түркістан өңірі табиғи апаттың зардабын тартқан ағайынды қиындықта қалдырмайды, қолдауын көрсетуді жалғастыратын болады. Жұдырықтай жұмыла білген халқымыз береке-бірлігін сақтай отырып, бұл тығырықтан да бірлесе шығамыз деген сенімдемін.

Алтынсары ҮМБЕТӘЛИЕВ,

«AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының төрағасы, облыстық мәслихат депутаты, мәслихаттағы партиялық фракция жетекшісі.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы