НАУРЫЗ НАҚЫШТАРЫ

442 көрілім

Ауа райы қаншалықты құбылмалы болса да “Керуен сарай” кешеніндегі халық қарасыны қалың. Тек Түркістан қаласынан ғана емес, өзге аудандардан келген меймандар да наурыз мерекесінің әсем көріністері мен думанын сүйсіне тамашалағандығының куәсі болдық. Мәселен, Қазығұрт аудандық ардагерлер кеңесі жанынан құрылған “Әжелер алқасы” қоғамдық ұйымның төрайымы , ардагер- ұстаз Бағила Мұратқызы гүлдеп, көркейген Түркістанның қонақжайлығына, мерекенің ұйымдастырылуына оң баға беріп, игі тілегін білдірді:

– Мереке өте жоғары дәрежеде өтті.Барша қазақ халқын қасиетті рамазан айымен қатар келген наурыз мерекесімен құттықтаймын. Еліміз тыныш, жұртымыз аман, бауырымыз бүтін, бейбітшілік заман болсын! Ауданымызда он үш ауыл округі бар. Онда 150-дей әже осы тәрбие жұмысымен айналысып келеміз.Қоғамға пайдамыз тисе,келешек ұрпақтарымыз кемел болса, аяғынан нық тұрған егеменді елдің болашағы жақсы болса деген ниет бізде. Наурыз мерекесіне он сегіз адам келдік. Бізді он екінші киіз үйде бақылау департаменті күтті.Оларға алғысымыз шексіз – деп ризалығын білдірді қазығұрттық ақ кимешекті әже.

Жағалай тігілген киіз үйлердің арасындағы ашық алаңқайларда түрлі қызықты шаралар қызған шағында екен. Халықтың қарасыны көптеу жиналған жерге бұрылсақ, түрлі ұлттық ойындар өтіп жатыр . Бөрене көтерген палуандардың ойынының қызығына берілген жұрттың даусы жарқын- жарқын шығып жатыр . Мән- жайды білмек болып, ұйымдастырушыларды сөзге тарттық.

Түркістан облысы денешынықтыру және спорт басқармасы бастығының орынбасары Муслимова Жазира Рүстемқызы наурыз мерекесінде өткізіліп жатқан “Толағай- алыптар сайысы” атты жарыс туралы кеңінен таратып айтты:

– Биылғы жылы, өздеріңізге белгілі, Астана қаласында қыркүйек айында дүниежүзілік бесінші көшпенділер ойындары өтеді. Сол жарысқа біздің Түркістан өңірінен, облысымыздан қатысатын палуандар арасында іріктеу жарысы өтіп жатыр. 100 килограммдық тас көтеру, қап көтеру, 200 кг. жүк тиелген арбаны сүйреу, 10 кг найзаны лақтыру құмның үстінде тұрып, сондай-ақ 130 кг бөренені отырып, көтеріп тұру сияқты көшпенділер ойыны түрлерінен жарыс өтіп, соның барлығынан сүрінбей өткен мықты адам Қазақстанның республикалық құрама командасының жарысына Түркістан облысының атынан барып, қатысып жеңген жағдайда “Көшпенділер ойындарына қатысатын болады.Қуанарлығы, бүгінгі сайысқа он жеті ауданнан түгел тілек білдіруші, спорт құмар жастар қатысуда. Жеңімпаздарға алғыс хаттар мен бағалы сыйлықтарымыз бар. Төрешілерді өзіміздің спорт мекемелерінен дайындадық. Ең күшті, білектілер Шардара ауданының спорт мектептері.Нұржан Туракулов басқаратын облыстық спорт мектебіміз бар солы жерде. Сондай-ақ үш аудандық балалар мен жасөспірімдер спорт мектептері бар. Сол мекемелердің басшылары, әдіскерлері, спортшылары, өзге де қызметкерлері бірлесіп, осы жарысты ұйымдастыруға атсалысты.

Сайыс қорытындысында Арыс қаласының тумасы, спортшы, бұған дейін де осындай сайыстарға қатысып жүлдегер атанып жүрген Азамат Мақұлбеков ұлттық ойын түрлері бойынша өзгелерден көш бойы озық шығып, жеңімпаз атанды.

Наурыз айы туғанда

Той болушы еді бұл маңда.

Сақталушы еді сыбаға,

Сапарға кеткен ұлдарға,-” деген ән жолдарындағыдай,наурыз-думан, наурыз- тойымыз тарқамасын.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы