Биыл Қазақстан Республикасы мәслихаттарына 30 жыл толып отыр. Осыған орай, айтулы мерекені атап өту мақсатында облыстық мәслихат төрағасы Н.Әбішовтың бастамасымен сегізінші шақырылымдағы Түркістан облыстық мәслихаты депутаттарының қайырымды істері туралы материалдар топтамасын жариялауды жөн санап отырмыз.
«Қайырлы істің қайырымы мол» демекші, бүгін облыстық мәслихат депутаттары М.Тұрысбековтың, Қ.Жантөрееваның және Қ.Салыбектің игі істеріне тоқталып өтеміз.
Депутат Мағауия Сексенбайұлы Тұрысбеков Созақ ауданынан сайланған халық қалаулысы. Бүгінге дейін аудандық және облыстық деңгейде халық игілігі үшін айтулы жұмыстар атқарған. Соның бірі өткен жылы, жедел-жәрдем станциясын аралау кезінде медициналық аппараттардың жетіспеушілігін көріп, облыстық жедел жәрдем қызметіне құны 55 млн. теңгеге өкпені жасанды желдету аппаратының 5 данасын сыйға тартты. Бұл өңір үшін, халық үшін, медицина үшін маңызды оқиға болды.

Депутат Қалыйма Жантөреева Отырар аудандық мәдениет сарайына өз қаражаты есебінен құны 5 млн теңге болатын 16 комплекті қазақша үлгідегі киімді тарту етті. Бұл игі істі ауыл халқы депутаттың туған жерге, мәдениетке қосқан үлесі деп, жоғары бағалап, алғыстарын білдірді.
Депутат Қайрат Келесұлы Салыбек Сарыағаш ауданынан сайланған халық қалаулысы. Сарыағаш ауданы Дербісек ауылдық округінің тұрғындарымен кездесу барысында тұрғындар елді мекен ішінде мобильді байланыстың және интернеттің сапасын жақсарту туралы мәселе көтерген болатын. Осы мәселені шешу мақсатында Қайрат Келесұлы өз қаражаты есебінен ауылға мұнара орнатып берген. Нәтижесінде ауылда байланыс қызметі жақсарып, интернеттің жылдамдығы артқан.
Айта кетсек, алдағы уақытта басқа депутаттардың игі істері де жарияланатын болады.
Түркістан облыстық мәслихаты
