Жуырда «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының мәжіліс залында «Балаларды зорлық-зомбылықтан қорғау, суицидтің алдын алу, олардың құқықтары мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері» тақырыбын арқау еткен келелі жиын өтті. Осынау тақырып партиялық филиал жанындағы «Жастарды қолдау» мен «Отбасы және халықты әлеуметтік қолдау мәселелері» жөніндегі кеңестер отырысы барысында сөз болды.

Кеңестердің бірлескен отырысын ашып, жүргізіп отырған «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалы атқарушы хатшысының орынбасары Қалыйма Жантөреева Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауында Бірыңғай сенім телефонын ұйымдастыру және зорлық-зомбылық пен буллинг құрбандарына көмек көрсетудің пәрменді бағдарламасын әзірлеу міндетін қойғанын атап өтті. Нәтижесінде партияның қолдауымен тұрмыстық зорлық-зомбылық пен буллинг құрбандарына арналған «111-AMANAT» бірыңғай мемлекеттік байланыс орталығы ашылған. «ЮНИСЕФ-тің» мәліметінше елімізде 2-14 жас аралығындағы әрбір екінші бала отбасында зорлықпен тәртіпке салу шараларына душар болады екен. Мектеп оқушыларының үштен екісі қатарластарынан немесе мұғалімдер тарапынан зорлық-зомбылық көрсетуге, кемсітуге шалдыққан немесе соның куәсі болған. Зорлық-зомбылықтың жоғары деңгейі интернат мекемелерінде және мінез-құлқында қиындықтары бар балаларға арналған мектептерде байқалады. Осынау өзекті мәселе кеңестердің күн тәртібінде қаралды.
Жиынға «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалы жанындағы Отбасы және халықты әлеуметтік қолдау мәселелері жөніндегі кеңестің төрағасы Ғалымжан Елшібай, «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалы жанындағы «Жастарды қолдау» кеңесінің төрағасы Ханай Әшірбеков, облыстық мәслихат депутаты Инара Намазбаева және кеңестер мүшелері қатысты.

Түркістан облысы Полиция департаменті Жергілікті полиция қызметі басқармасы бастығының орынбасары, полиция подполковнигі Бегімхан Ахметов жастар арасындағы құқықбұзушылық, кәмелетке толмағандардың қауіпсіздігі мен олардың құқықтарын қорғау бағытында атқарылған алдын-алу жұмыстарына тоқталды. Полиция департаментінің бастығы, полиция генерал-майоры Мұрат Қабденовтың биылғы жылды «Профилактика жылы» деп атағанын мәлімдеді. Облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Айгүл Қасымбекова мектептердегі тәрбиелеу және психологиялық қызмет жұмыстары жолға қойылғанын, балалармен орын алған жағдайларды алдын алу жұмыстарын әрі қарай жандандыру үшін үкіметтік емес ұйымдарды тартып, 3 жобаның жүзеге асқанын атап өтті. Мектептегі 5 маманның жұмысын қамтитын ауқымды «Бестерек» жобасы туралы айтылып, ол бойынша кеңес қатысушылары тарапынан қызу пікірталас өрбіді.
Жиын барысында облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Нұржан Нұрашев, облыстық денсаулық сақтау басқармасының бөлім басшысы Еркебұлан Тыныштыхан, облыстық қоғамдық даму басқармасы басшысының орынбасары Болат Жанәбіл қазіргі таңда жасөпірімдер арасында «Өзіне-өзі зақымдау» аутодеструктивті әрекет, ата-аналар мен ұжым, жастар арасында зорлық-зомбылық өзекті мәселе болып тұрғанын жасырмады. Аталған жәйт аясында жергілікті өкілдер және атқарушы органдарымен өзара мекеме аралық іс-қимылдарды жүзеге асыру, алдын-алу шаралары бойынша меморандумы құрылып, бүгінде меморандум аясында жұмыстар жүргізіліп жатқаны айтылды.
Отырыста кеңес мүшелері бүгінде қоғамда өзекті болып отырған жастар, отбасы және балаларды зорлық-зомбылықтан қорғау мәселелері төңірегінде тиісті атқарушы билік өкілдеріне сауалдары мен ұсыныстарын жеткізді.
“AMANAT” партиясы Түркістан облыстық филиалының баспасөз қызметі
