- ВКонтакте
- РћРТвЂВВВВВВВВнокласснРСвЂВВВВВВВВРєРСвЂВВВВВВВВ
- Skype
- Telegram
«Түркістан облысы әкімінің кубогі» сарапқа салынған спорттық дода мәреге жетті. 16-желтоқсан – Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күніне арналған турнир спорттың 6 түрінен өтті. Ашылу салтанатында құттықтау сөз сөйлеген облыс әкімінің орынбасары Сәкен Қалқаманов турнирді ашық деп жариялап, спортшыларға сәттілік тіледі.

«Бұл жарыс жастарымызды – қайсарлыққа, патриоттық рухын қалыптастыруға, қарсыластарын құрметтеуге, достық қатынасты нығайтуға зор септігін тигізеді. Сіздердің араларыңыздан Еліміздің Туын халықаралық ареналарда көкке желбірететін мықтылар шығатынына сенім білдіремін. Кіл мықтылар жеңіп шығуына тілектеспін. Жеңісті де жемісті күндеріңіз көп болсын»,- деді Сәкен Амангелдінұлы.

«Олимпиада резервін даярлау орталығы» жаңа спорт кешенінде өткен сайыс жекпе-жек спорт түрлерінен 2003-2004 жылдары туылған жастар арасында өрбіді. Облыстық деңгейдегі жарысқа спорттың еркін күрес, грек-рим, қазақ күресі, дзюдо, таеквондо, каратэ түрлері бойынша 700-ге жуық спортшы қатысты.

Өңіріміздің барлық аудан, қалаларынан келген сайыпқырандар күш сынасып, өзара мықтыларды анықтады. Жарыс жеңімпаздары мен жүлдегерлері диплом, медаль және арнайы кубоктармен марапатталды.
«Түркістан-ақпарат».