- ВКонтакте
- РћРТвЂВВВВВВВВнокласснРСвЂВВВВВВВВРєРСвЂВВВВВВВВ
- Skype
- Telegram
Түркістан қаласындағы Конгресс Холл көпсалалы кешенінде облыстық «Оңтүстік Қазақстан» қоғамдық-саяси газетінің 100 жылдығына орай «Ескірмейтін естелік» атты фотокөрме ұйымдастырылды.
Түркістан облыстық қоғамдық даму, мәдениет басқармаларының қолдауымен өткен іс-шараның ашылу салтанатына Түркістан облысы әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаев қатысып, қарашаңырақ басылымның 100 жылдығымен құттықтады. Ғасыр мұрасы жинақталған фотокөрменің ашылу салтанатына қоғамдық даму басқармасының басшысы Ерлан Күзембаев, мәдениет басқармасының басшысы Әзімхан Қойлыбаев, облыстың зиялы қауым өкілдері, қаламгерлер, журналистер мен фотограф мамандар қатысты.
Жиын барысында «Оңтүстік Қазақстан» облыстық қоғамдық-саяси газетінің директор-бас редакторы Абай Балажан сөз сөйлеп, басылымның ғасырлық тарихына тоқталып, бүгінгі фотокөрменің мән-маңызы жайлы әңгімеледі.
«Баршаңызға белгілі Түркістан өңірі баспасөзінің қарашаңырағы – «Оңтүстік Қазақстан» газетінің жарық көре бастағанына биыл 100 жыл толып отыр. Тұнба бастауын «Ақ жол» газетінен алатын бұл басылымды шығаруға Сұлтанбек Қожанов, Тұрар Рысқұлов, Міржақып Дулатұлы, Нәзір Төреқұлов секілді ұлт қайраткерлері атсалысып, халық мүддесін көздейтін мақалалары мен шығармаларын жариялап отырған. Одан беріде қазақ руханиятының сөзін сөйлеп, жоғын жоқтаған бұл газетте Мұхтар Әуезов, Жүсіпбек Арыстанов, Бейсенбай Кенжебаев сынды біртуар тұлғалардың қаламының табы қалған. Өткен ғасырдың елуінші-сексенінші жылдары аралығында да «Оңтүстік Қазақстан» газеті өз мұратынан айнымай, кеңестік цензураға қарамай салт-дәстүрімізді, тарихымызды, тілімізді, ділімізді кейінгі ұрпаққа жеткізу, руханиятымызды сақтап қалу жолында талмай қызмет етті. Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін де газет сол соқпақты әрі қарай жалғастырып, егемен еліміздің саяси тұрақтылығын сақтау, облыс экономикасы мен мәдениетін дамыту жолында маңызды рөл атқарып келеді» – деді Абай Бекназарұлы.
Сондай-ақ Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ профессоры, филология ғылымдарының докторы Сейдолла Садықов та құттықтау сөз сөйледі.
Айта кетейік, «Оңтүстік Қазақстан» газетінің 100 жылдығы аясында ауқымды, тағлымы мол іс-шараларды көптеп өткізу жоспарланып отыр. Осы айдың басында Сауран ауданында «Бақытым сенсің, Түркістан!» атты жыр мүшәйрасы өтіп, үздік ақындарды марапатталды. Бүгін, міне, «Оңтүстік Қазақстан» газетінің 100 жылдығына орай «Ескірмейтін естелік» атты фотокөрме өтіп жатыр. Мұндай іс-шаралар жыл бойына жалғасын табады.
Ердәулет САҒЫНДЫҚ.