2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналарын өз қаражаты есебінен 2024-2028 жылдар аралығында 1,5%-дан 5%-ға дейін кезең-кезеңімен жұмыскерлерінің пайдасына аудару басталады. Осылайша, зейнеткерлікке шыққан кезде бұл жұмыскерлер қосымша жинақтаушы зейнетақы төлемімен қамтамасыз етілетін болады.
1998 жылға дейін еңбек өтіліңіз бар ма?
Жоқ болса, және 1975 жылдың 1 қаңтарынан кейін дүниеге келген болсаңыз, осы жылдың 1 қаңтарынан бастап жұмыс орнынан қосымша 1,5% зейнетақы жарнасы аударылады. Бұл не үшін керек? Өздеріңізге мәлім 1999 жылдан бастап елімізде міндетті жинақтаушы зейнетақы жүйесі жұмыс істейді. Соған дейін кем дегенде 6 ай жұмыс істеп, еңбек өтілі бар азаматтарға ортақ мемлекеттік зейнетақы тағайындалады. Ал, өзгелер, тек қана дербес зейнетақы шотындағы қаражаттан зейнетақы алады. Салымшының өзі жинап жатқан ақшасына енді жұмыс беруші көмекке келеді. Биыл 1,5% болса, жыл сайын 1% қосыла отырып, 2028 жылы 5%-ға жетеді. Сонымен азаматтың өз жалақысынан 10%, жұмыс орнынан болашақта 5% жарна аударылып отырады. Бұл мардымды (жеткілікті) зейнетақы шығу үшін ойластырылған. Ал, 1974 жылы туғандардан бастап, одан жоғары жастағылар яғни, 1999 жылға дейінгі жұмыс өтілі үшін мемлекеттік ортақ жүйеден: ынтымақты зейнетақыдан бір алады, одан бөлек қазір қорда өзі жинап жатқан ақшасынан тағы бір зейнетақы алатын болады. 1999 жылы Жинақтаушы зейнетақы жүйесі құрылғанға дейін жұмыс өтілі барлар еңбек өтілін еңбек кітапшасы бойынша реттеп, енбей қалғандары болса архив құжаттары негізінде реттеуіне болады.
Ең төменгі зейнетақы мөлшері қандай?
Ең төменгі зейнетақы мөлшері мен айлық есептік көрсеткіш мөлшері бекітілді. Заңда 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап: ең төменгі жалақы – 85000 теңге, ал, мемлекеттік базалық зейнетақы төлемінің ең төменгі мөлшері – 28215 теңге, ең төменгі зейнетақы – 57853 теңге, айлық есептік көрсеткіш (АЕК) – 3692 теңге, базалық әлеуметтiк төлемдердiң мөлшерiн есептеу үшiн күнкөрiс минимумы – 43407 теңге болып бекітілді.
Зейнетақы өсті ме?
Республикалық бюджет туралы заңға сәйкес, 2024 жылы базалық зейнетақы – 7 пайыз өссе, ынтымақты зейнетақыға 9 пайыз қосылады. Заңға сәйкес, индексация жоспарлы инфляция деңгейінен 2 пайыз артық жасалады. Орташа жиынтық зейнетақы 2023 жылғы 1 желтоқсанда 120838 теңгені құрады, оның ішінде ынтымақты зейнетақы мөлшері – 82950 теңге, базалық зейнетақы – 37888 теңге.
Дайындаған: Ә.БАҒМАНҚЫЗЫ.