АЛҒЫС АРҚАЛАҒАН АЗАМАТ – 63 ЖАСТА!

353 көрілім

Түркістан қаласының дамуына өзіндік үлесін қосқан азаматтардың арасында Бақытжан Бейсембаевтың орны ерекше. Шаһардағы жас та, жасамыс та құрметтейтін жанның кішіпейіл көңілі мен ақжарқын мінезі көпке үлгі. 1961 жылдың 10 ақпанында бұрынғы Оңтүстік Қазақстан облысы Tүpкістан ауданы Калинин селосында дүниеге келген ардақты азамат биыл 63 жасқа аяқ басып, зейнет жасына жетті.

Айта кетейік, Бақытжан Жармаханұлы 1968 жылдың қыркүйегінде Түркістан ауданы «Қазақстанның 30 жылдығы» атындағы орта мектептің бірінші сыныбына барып, аталған мектепті 1978 жылы маусым айында бітірген соң Қарағанды қаласындағы политехникалық институтқа оқуға түскен. 1983 жылдың маусым айында «Өнеркәсіптік және азаматтық құрылыс» мамандығы бойынша бітіріп, инженер-құрылысшы бiлiктілiгiн алған. 1983 жылдың тамызы мен қазан айларының аралығында Алматы облысы Іле ауданы Первомайка ауылында орналасқан «Алма-Атасельстрой-6» тресіне қарасты ПМК-612 мекемесінде учаскелік шебер болып істеген. Сол жылдың қараша айы мен 1985 жылдың мамыр айының аралығында КСРО Урал әскери округінің 63577 әскери бөлімінде әскери борышын өтеген. 1985 жылдың маусымы мен 1986 жылдың cәуіpi аралығында Түркістан ауданының Чапаев атындағы колхозында құрылысшы болып жұмыс icтeп, сол жылы cәyip айында Түркістан аудандық ішкі icтеp бөлімінің мемлекеттік өрт қауіпсіздігін бақылау инспекторы болып тағайындалған. Қай қызметте де абырой биігінен табылған азамат аталған қызметті 1992 жылдың тамыз айына дейін атқарған. Ал 1992 жылдың тамыз айында Түркістан аудандық ішкі icтеp бөлімінің кәмелетке жасы толмағандар ici жөніндегі бөлімшесінің инспекторы, 1994 жылдың ақпанында Түркістан аудандық ішкі істер бөлімінің учаскелік аға инспекторы болған.

Қызмет етe жүpiп 1992 жылы Қарағанды жоғары милиция мектебіне оқуға түciп, оны 1996 жылы «Құқықтану» мамандығы бойынша заңгер біліктілігін алған. Сонымен қатар, 1994-1997 жылдар аралығында алдымен Түркістан аудандық iшкi icтep бөлімінің штаб бастығы, сонан соң бөлім бастығының орынбасары қызметтерін атқарған. Халыққа қалтқысыз қызмет атқарып, қала халқының қауіпсіздігін қамтамасыз етуге атсалысқан Бақытжан Жармаханұлы Түркістан қалалық ішкі істер басқармасының штаб бастығы, онан соң 2006 жылдың ақпан айына дейін сол басқармада кәмелетке жасы толмағандар ici жөніндегi бөлім бастығы қызметін атқарған. Ішкі істер органдарындағы жалпы еңбек өтілі 31 жыл, арнайы шені – полиция подполковнигі.

Түркістан индустриалды-педагогикалық колледжінде оқытушылықпен айналысып, «Бітімгер» медиаторлардың қоғамдық бірлестігін басқарған Бақытжан Жармаханұлы 2011 жылдың 19 қарашасынан бастап медиаторлықпен айналысады. Қоғамдық жұмыстарға да белсенді араласатын кейіпкеріміз қазіргі таңда облыстық Қоғамдық кеңестің, облыс әкімінің жанындағы мемлекеттік рәміздер жөніндегі комиссияның, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі. Сонымен қатар, облыс әкімдігі жанынан құрылған саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі өңірлік комиссияның, облыстық мемлекеттік істер жөніндегі Департамент жанындағы «Тәлімгерлер кеңесі» консультативтік-кеңесші органның мүшесі.

«Еңбегімен ер сыйлы» деп дана қазақ бекер айтпаған. Алпыстан асса да Бақытжан Бейсембаев ел ағасы ретінде елеулі жұмыстар атқарып келеді. Осыған орай саналы ғұмырын Түркістанның өркендеуіне арнаған ардақты жан бірнеше биік марапаттарға да ие болды. Атап айтсақ, ҚР Президентінің, ҚР Мәдениет және Ақпарат министрінің алғыс хаты мен Түркістан облысы әкімінің «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» медалімен марапатталған. Былтырғы жылдың қорытындысымен Бақытжан Бейсембаев басқаратын “Бітімгер” медиаторлардың қоғамдық бірлестігі үкіметтік емес ұйымдар арасындағы республикалық «Таңдау» байқауының тұңғыш жеңімпазы атанды. Мұның бәрі аянбай еткен еңбектің арқасында келген алғыс деп түсінеміз. «Отаның – қуат, отбасың – шуақ» дегендей, Бақытжан Жармаханұлы жұбайы Жанбибімен үш қыз тәрбиелеп өсірген ардақты әке. Қай жерде де тағылым мен тәлімнен танбайтын, қыздарын қияға қондырған әке қазіргі таңда алты немеренің атасы.

Алпыстың асуынан өтіп, асқарлы алпыс үшке келген азаматты меншікті мерекесімен шын жүректен құттықтаймыз! Жаны жомарт, қамқор да аяулы азамат ретінде Бақытжан Бейсембаевқа зор денсаулық, қажымас қайрат тілейміз. Түркістанның дамуы, тұрғындардың құқықтарын қорғау жолындағы күрделі де жауапты қызметте абырой биігінен көріне беріңіз! Еткен еңбегіңіз бен төккен теріңіздің зейнетін көріп, жұбайыңыз Жанбибімен бірге баянды ғұмыр кешулеріңізге тілектеспіз!

Түркістан облыстық Қоғамдық кеңесі, облыстық Қоғамдық келісім КММ, облыстық «Азаматтық альянс» ЗТБ, Түркістан қалалық ІІО ардагерлер кеңесі, «Түркістан-Медиа» ЖШС ұжымы.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы