СКРИНИНГ ДЕГЕН КӨЗҚАРАСҚА НЕМҚҰРАЙЛЫ ҚАРАМАУЫМЫЗ КЕРЕК

510 көрілім

Жыл сайын 4 ақпанда Дүниежүзілік қатерлі ісік ауруына күрес күні атап өтілетіні белгілі. Оның мақсаты – халықтың онкологиялық аурулардың алдын алу және ерте анықтау туралы барынша ақпараттандыру, өз денсаулығына жауапкершіліпен қарауды қалыптастыру, қолжетімді скринингтен өту қажеттілігі туралы хабардар ету. Осы ретте газетіміздің тілшісі Түркістан қалалық емханасының онколог дәрігері Иса Мейрамхан Ерманұлымен сұхбаттасқан еді.

– Мейрамхан Ерманұлы, бұрындары осы онкология дегенді аса көп естімеуші едік. Ал бүгінде осы дертке шалдыққандар жайлы жиі құлағымыз шалатын болды. Бұл немен байланысты, қатерлі ісіктің жиілеп кеткені рас болғаны ма?

– Өздеріңіз байқағандай, қатерлі ісік ауруымен ауыратын науқастар саны жылдан-жылға көбеюде. Осыны біліп отырған әр елдің онкологтері қатерлі ісікті мейлінше ерте сатыда анықтап, науқасты емдеп жазудың ең тиімді тәсілдерін меңгеруге күш салуда. Ауру санының артуының әртүрлі себептері бар. Жүргізілген зерттеулерге сәйкес, дұрыс тамақтанбау, семіздік, темекі шегу, есірткі, алкоголь тұтыну, тұқым қуалаушылық, вирус, депрессия, иммунитеттің әлсіреуі себеп болса, сыртқы факторлардан радиацияның, өнеркәсіптік шығарындылардың әсері де аз емес деп айтуға толық негіз бар. Бұрын тамақ нәрлі, табиғи таза болатын болса, қазір тамақтар химиялық тәсілдермен дайындалып, көкөністер мен жер құнарсызданып барады, яғни адам өзіне қажетті дәрумен мен минералдарды толыққанды ала алмай жатыр. Қазір олардың барлығын химиялық элементтерді қолдана отырып өсіріп жатқанын білеміз. Осылайша, айтып отырғанымыздай, жалпы технологияның дамуы нәтижесінде осы аурулар кеңінен таралды деген болжам бар.

– Осы ретте, аты жаман аурудың пайда болуына алып келетін негізгі факторларды кеңінен атап өтсеңіз жөн болар…

– Қауіпті факторлардың біріне тағамдық концерогендерді жатқызуға болады. Адам ағзасы ол жеген нәрседен түзіледі. Статистика бойынша аурудың үштен бірінен астамында қатерлі ісіктің пайда болуы дұрыс тамақтанбаумен байланысты. Сондықтан ғалымдар онкологиялық аурулардың пайда болуының ықтимал себебін адам ағзасына тағам арқылы кіретін канцерогеннің әсері деп есептейді. Осы канцерогендер бауырдың, талақтың, бүйректің қатерлі ісігіне шалдығуына бірден-бір әсерін тигізетін болғандықтан бұл аурудың жиілеуі байқалатыны рас.

Көптеген зерттеу онкология мен темекі шегудің нақты байланысы бар екенін көрсетті. Бұл, ең алдымен, өкпенің қатерлі ісігіне қатысты. Темекі шегетін адамда өңеш, жұтқыншақ, ауыз қуысы және басқа да мүшелердің ісіктерінің пайда болу қаупі жоғары. Қатерлі ісік салдарынан дүниеден өткендердің шамамен бестен бір бөлігі темекі шеккен. Сонымен қатар, темекі шегетіндер өздеріне ғана емес жанында жүргендерге де темекінің түтіні арқылы қауіп төндіреді.

Сондай-ақ, онкологиялық ауру тарихында қарапайым вирустар қатерлі ісіктің пайда болуына алып келеді. Мысалы папиллома вирусын жұқтыру жатыр мойны обырын тудыруы мүмкін, бауыр ісігінің бастапқы дамуы әртүрлі формадағы созылмалы гепатитпен, B және C инфекциямен байланысты болуы мүмкін; кейбір вирустар асқазанның қатерлі ісігін тудырады.

Қоршаған ортаның әсері туралы да айтпай кетуге болмас. Онкогендік факторға қазір кездесетін көптеген химиялық зат және радиацияның әсері жатады. Мысалы тұрмыстық химия өнімдері, асбест, кейбір пластмассалар. Автокөліктердің пайдаланылған газдарында да канцерогеннің мөлшері аз емес. Құрамында бензол, формальдегид, диоксиндер бар өнеркәсіптік ластаушы заттар канцерогендік қауіптер тізіміне өз үлесін қосады.

Айтпақшы, депрессияның түрлі ауруға жол ашатынын ұмытпайық. Онкология мен психикалық жағдайдың арасындағы байланысты түсіну өте маңызды. Ғалымдардың біразы стресс пен ұзаққа созылған депрессия қатерлі ісік ауруының себебі болуы мүмкін деген пікірде. Стресс ісік түзілімдеріне тікелей әсер етпейді, бірақ ол иммунитеттің саулығын нашарлатады, бұл ісікке қарсы қорғанысты бұзуы мүмкін. Адам ағзасында стресс кезінде эндокриндік бездер иммундық жүйенің қорғанысын бұзатын гормондар шығарады. Сондықтан ұзақ уақыт бойы стрессте жүруге болмайды.

– «Онкология» дегенде адамдар санасын қорқыныш билеп, психологиялық күйзеліске түсетіні жасырын емес. Жұрттың көбі осы себепке байла­нысты емделуден қашқақтап жүре­ді де, ауруы әбден асқынғанда ғана барып дәрігерге жүгіреді. Осы түйт­кілді қалай жоюға болады деп ойлайсыз?

– Қазір әр емхананың учаскелік дәрігері скринингтен өту туралы алдын ала хабарлайды, емханаға келген адамды жіберетін скрининг бөлмесі бар. Бірақ, көбі ол жаққа барғысы келмейді. «Өзімнің мазалаған жерімді көрсетейін де қайтайын. Скрининг бөлмесіне қанша уақытым кетеді?» дейді. Өз денсаулығымызға өзімізден артық ешкім қарамайды, осыны есте сақтайық, сондықтан ең бірінші скринингіге деген көзқарас өзгеруі керек, оған немқұрайлылықпен қарамағанымыз жөн. Жылына бір рет сала мамандарына қаралып, емханадағы скрининг бөлмесінен тексерілуге уақыт бөлген дұрыс. Мысалы, қыз-келіншектер еш жері ауырмаса да, көрініп тұруы керек. Кез келген адам жылына бір рет бүкіл ағзасын тексерістен өткізуге тиіс. Дәрігерге уақытылы қаралу арқылы аурудың қаупін азайтуға болады. Егер дер кезінде скринингтік зерттеулер жүргізілсе онкологиялық аурулардың басым бөлігін ерте аныктауға болады. Обырды дәл сәтінде анықтау ем-домның нәтижесін арттырып, пациенттердің өмірін ұзартуға, өмір сүру сапасын жақсартуға мүмкіндік береді. Мысалы сүт безі обырын бастапқы кезеңде анықтаған жағдайда науқастардың 94%-ын толық емдеп жазуға болады. Кейбір азаматтарды онкология диспансеріне жіберген кезде қорқып, 3-4 ай немесе 1-2 жылға дейін бармай жүреді, аты жаман ауруды өздері өршітіп алады. Асқынып кеткен қатерлі ісікті тоқтату қиынға соғатыны баршаға белгілі.

– Диагнозын ерте біліп, уақытылы ем алатын науқастар санын көбейту үшін не істеу керек? Жалпы, аурудың алғашқы белгілері қалай байқалады?

– Тағы қайталап өтейін, профилактикалық тексерулер мен скринингтен уақытылы өтудің маңызы зор! Жылына бір рет салалық мамандарға барып қаралған жөн. Пациент өзіне қарасты емханада скринингтен тегін өтеді. Тегін скринингтік түрлер 40-70 жас аралығындағы әйелдер 2 жылда бір рет сүт безі обыры қауіпі жоғары топқа жатады, сондықтан олар мамографиялық тексерістен тегін өтеді. 30-70жас аралығындағы әйелдер – 4 жылда бір рет жатыр мойын қатерлі ісігіне тегін тексеріледі. 50-70 жас аралығындағы ерлер де, әйелдер де 2 жылда бір рет тоқ ішек, тік ішек обырына тегін тексеріле алады. Бастапқы кезеңде, яғни өсіп үлкейгенге дейін қатерлі ісік ауыртпайды. Тіпті сезілмейді де. Адамдардың кеш қалатыны сондықтан. Ісікті ерте кезінде емдеп шығу бізге де жеңіл, адамның өзіне де жақсы.

Алғашқы белгілеріне тоқталсақ, әр адамда әртүрлі, дегенмен жұтынған кезде тамағы ауыру, бірден салмақ тастау, үнемі іші ауыру, лоқсу, бастың жиі ауыруы, аяқ-қол ұйып, өзін нашар сезіну, аяқ-қолы тырысып қалу, дауыстың қарлығуы, созылмалы құрғақ жөтел, ентігу, қызуы көтерілу, үнемі шаршап жүру, теріде немесе кеуде тұсында үлкен без пайда болып, жараға айналуы сияқты белгілерде күттірместен, дәрігерге көрінген абзал.

– Қаламыздағы науқастар жағдайына тоқтала кетсеңіз, МӘМС есебінен медициналық көмек қолжетімді ме?

– Түркістан қаласы бойынша жылына 190-200 астам науқас бірінші рет анықталып есепке алынады. Оның 60% қатерлі ісігі ерте I-II сатысында анықталса, 40% науқас өкінішке қарай, ауру әбден асқынған кезде, ісіктің III және IV сатысында бір-ақ қаралады. Науқастар дәрігерге дерттің жаңа басталып келе жатқан сатысында келетін болса, тағайындалған емнің тиімділігі, нәтижесі жоғары болар еді дегім келеді.

МӘМС жүйесіне мүмкіндігіне қарай төлем жасаған әр азамат МӘМС бойынша көмек алу үшін жүгінген кезде қажетіне қарай ем алады, тіпті шұғыл жағдайда құны қымбат жоғары технологиялық медициналық қызметтер де МӘМС жүйесінде тегін жасалады. Қазақстан Республикасында онкологиялық ауруларға қарсы күрес жөніндегі 2023–2027 жылдарға арналған кешенді жоспары әзірленген, қаржыландыру жылдан жылға артуда.

Негізі, осы сәтті пайдаланып айта кетейін, біздің халық «онкология» деген сөздің өзінен қатты қорқады. Ол өліммен аяқталады деген қорқыныш бар. Десе де, ісік анықталып, емделіп, өмірінің мәнін түсініп, басқаша өмір сүре бастағандар өте көп. Қатерлі ісігі бар аурулар өзінің диагнозын білгеннен бастап неше түрлі жағымсыз сезім мен күйзелістерге тап бола бастайды. Сосын дәрігер-онколог жазып берген ем-шараларын алғанда денелік ауырсынуларымен байланысты қосымша жағымсыз сезімдер мен күйлерін тағы басынан кешеді. Сондықтан, мұнда психолог-онкологтың рөлі ерекше. Осындай психологиялық кеңестер берілген соң қатерлі ісігі бар аурулардың емделуге деген құлшынысы мен сенімін артыру үшін өзінің көңіл-күйін түсірмей қалыпты ұстауына септігін тигізеді.

«Ауырып ем іздегенше ауырмайтын жол ізде» дегендей, өз денсаулығыңыз-ға жауапкершілікпен қарап, жылына 1 рет дәрігерге көрініп уақытылы скри-нигтік тексеруден өтуге шақырамын.

-Әңгімеңізге рахмет!

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы