ТҮРКІСТАН: ТАУЫС БАҒЫП ТАБЫС ТАПҚАН

364 көрілім

Құс шаруашылығы — ауыл шаруашылығының ең жаңа және ең қарқынды дамып келе жатқан саласы. Өнімнің қысқа мерзімде өндірілуі нарық сұранысына бағыт-бағдар ұстауға мүмкіндік береді. XX ғасырдың екінші жартысынан бастап, Солтүстік Америка мен Батыс Еуропа елдерінде бройлер балапандарын өсіретін ірі құс өсіру кешендері қалыптаса бастады. Бүгінгі таңда құстың саны жөнінен Қытай, АҚШ, Ресей, ал жұмыртқа өндіруден Қытай, АҚШ, Жапония, Ресей және Үндістан ерекше көзге түседі. Сұлулығы кез келген жанды тамсандырмай қоймайтын тауыс (павлин) құсын теледидардан тамашалағанда бір көруге қатты қызықпаған жан жоқ шығар, сірә! Жабайы табиғатта әсем қанаттарын жайып керіп жібергенде бұл құстың ерекшелігіне таңдай қағасың. Құстар – аспан әлемінің көркін кіргізуші ғажайып жаратылыстың бірі. Тауыс құсы – жер бетіндегі ең әдемі құстың бірі. Кезінде бұл құс тек хандардың бағында сәндік үшін бағылған. Үндістанда алғаш рет қолға үйретіле бастаған. Тауысты біздің өңірде де кезіктіруге болады.

Тауыстың талайды тамсандыратын ерекшелігі – құлаш жарымнан астам құйрығы, оны жайғанда түрлі-түске еніп, тіпті кристалдай өзгеше құлпыратыны, күншуақта айрықша көз тартатыны белгілі. Сондай бір ғаламат құс түрін қолда өсіріп отырған кәсіпкердің бірі – Тұрманов Нәлібек. Оның айрықша баптауымен тамақ талғамай-ақ, бидай, жүгерімен қоректеніп, Түркістанның анау айтқандай суық емес климатына төзімділік байқатқан сұлу құстың саны бүгінде 100-ге жетті.

– Бұрын тауысты тек теледидардан ғана көретін едік. Қызығушылығым сол кезде басталған. Сұлулығымен көз тартар құс аулада емін-еркін жүрсе, керемет емес пе?! Негізінде тауыстың 25-тен астам түрі бар. Соның ішінде индиялық түрін бағуды жөн көрдім. Бұл құстың өмір сүру ұзақтығы 15 жылдан жоғары. Жылына 1 рет жұмыртқалап, құрық басады. Жас тауыс жылына 7-8 ғана балапан басса, үлкейгенде 20-дан асады. Бірінші жұмыртқасын 3 жылдан кейін ғана береді. Бір қызығы, тауыс балапанды қай жерде басса, сол өңірдің ауа райына төзе алады. Тауыс та түйетауық секілді балапан кезінде арпа, бидай беріп жетілдіресің. 1 жастан асқанда шөп жей бастайды. Күтіміне қарай тауыстың салмағы 4-6 келіге жуықтайды. Ал сұлулығына қарай бағасы да шарықтай береді. Мысалы, балапан кездегі бағасы күніне қарай 15 мыңнан басталады. Ал 1 жылдығы 30 мыңнан 80 мыңға дейін барады. Бір ерекшелігі, тауыстың дауысы басқа құстікіне ұқсамайды. Көңіл-күйі ауа райына байланысты құбылады. Күн жылы кезде қанатын кеңге жайып, біраз жерге дейін ұша алады. Ағаш бұтақтарына қонақтап ән салатын кездері де бар. Ал күн суытса, бұлар қораның бұрышында бүрісіп жатып алады. Кейбір тауыстың қауырсыны 2 метрге дейін жетсе, дене тұрқы 100-125 сантиметрден биік болады. Қырғауыл тұқымдасына жататын тауыс құсы жауын жауарда немесе қатердің төнгенін сезген бойда мысықтың дауысын салып, сақтық шарасын жасайды, – дейді Нәлібек Тұрманов. «Тағы бір қызығы қанатын кез келген жерде тұрып жаймайды. Әрқайсысының қанат жайып, керілетін өз бұрышы бар сүйетін», – деп қызықтырды әңгімесімен аға. Бұлардың дауыстары да басқа ешқандай құстыкіне ұқсамайды. Өздерінің көңіл-күйі ауа райына байланысты көрінеді.

Негізі тауыстың жұмыртқасын, әсемдік үшін қауырсынын және құстың өзін сатып пайда табуға болады. Мысалы, сұлу құстың қауырсындары шілде, тамыз айларында түседі екен, оны биші қыздар, т.б. қажет еткен сатып алушылар бір данасын 500 теңгеден сатып алады. Тауыстың бір жұбы, яғни, аналығы мен аталығы 100 мың теңге тұрады. Алматы, Талдықорғаннан тапсырыс беріп кеткендер бар. Әлгі әңгімеге өзек болып отырған қауырсындары тауыс 3-ке толғанда шыға бастайды. «Осы маңайдағы жастар, көршіге қонақ болғандар үйге келіп сұлу құсты тамашалап, суретке түсіп кеткенді ұнатады» деп аяқтаған кәсіпкердің сөзінен шынында кеңпейілділік есіп тұр.

Тауыс жайлы қызық деректердің бірі, тауыс құсы – Мьянманың ұлттық белгісі. Тұтқында болған кезде павлиндер көбеймейді, басқа құстармен сыйыса бермейді, бірақ тағамға қарапайым және суыққа төзімді келеді. Үндістан заңына сәйкес, павлин аулауға қатаң тыйым салынған. Оңтүстік жарты шарда Тауыс деп аталатын шоқжұлдыз бар. Тауыстың құйрығы керемет безендіруі, әрқашан адамдардың назарын аударады. Тауыс құсы ежелгі дәуірден бастап қолға үйретіліп, бүкіл әлемдегі ақсүйектер саябағын, үйін мекендеген ерекше құс. Әлемдегі ең сұлу құс саналатын тауыс – періште секілді таза. Ол пиғылы теріс, тасжүрек адамдардың қолына түссе, ұзамай өледі немесе ұшып кетеді деген мысал бар.

Тауыс (павлин) – әлемдегі ең ғажайып құстардың бірі, қырғауыл тұқымдасына жатады. Туыстығы жағынан қораздарға өте жақын. Ол жәндіктермен, тұқымдармен, өсімдіктермен, кейде ұсақ жануарлармен қоректенеді. Өзгелерден өзгеше түр беріп, тартымды ететін, алып желпіткіш секілді қанатшасы тек ұрғашы түрлерінде болады, ал еркек тауыстар қарапайым құсқа ұқсайды. Ұрғашысы одан екі есе кіші болады. Біз аузымыздың суы құрып, тамсана тамашалайтынымыз – құйрығы емес, қауырсыны. Оның құйрығы қысқа, 40-50 см болады. ал қауырсыны 2 метрге дейін жетеді. дене тұрқы – 100-125 см.

Қауырсынының тағы бір ерекшелігі – өзге құстармен байланыс орнату. Бұл «тілде» тек тауыстың ұрғашы түрлері дыбыстай алады. Қауырсынын козғаған кезде адамға естілмейтін инфрадыбыс шығады. Біздің құлағымызға жапырақ сыбдырындай боп естілуі мүмкін. Негізінде жиілігі 20 Гц дейін жетеді. Бұл сұлудың бір ғана кемшілігі – мысықтың мияулағанындай ащы дауысы. Әсіресе, жаңбыр жауар алдында ерекше дыбыстайды. Мұндай үлкен әрі ұзын қауырсынды көтеріп жүру қиын секілді көрінеді. Бірақ бәрі біз ойлағандай емес. Ол мұнымен оп-оңай жүгіреді, тіпті ұшады.

Тауыстар – аса сақ құс. Олар жауының жақындағанын, ауа райының бұзылатынын да мерзімінен бұрын біледі. Осындайда қауырсыны жауынан қорғанатын қызмет те атқарады. Қауіпті сезсе, бірден қанатын жаяды.

Сонымен қатар Түркістан облысы, Келес ауданына қарасты Біртілек ауылдық округінің тұрғыны Искендер Павлиев үй жағдайында тауыс құсын өсірумен айналысуда. Шаруа павлин өсіруді осыдан 7 жыл бұрын қызығушылықпен қолға алып, бүгінде санын 30-ға жеткізіпті.

– Бастапқыда бір дана тауыс құсын сатып алып, оны егжей-тегжейлі зерттедім. Жергілікті климатқа сай келетінін түсінген соң көбейтуді мақсат еттім. Бұл құстың күтімі ерекше. Өзімізде өсетін жүгері дақылын беремін. Үнемді. Айтарлықтай егін дақылдарына зияны жоқ. Сұраныс жоғары болуына қарамай жұмыртқа күйінде сатпадым. Алдағы уақытта кәсібімді кеңейтуді жоспарлап отырмын, – дейді шаруа.
Шаруаның айтуынша, тауыс құсы өз қауіпсіздігін қатаң сақтайды екен. Ит пен құсқа оңайлықпен ұстатпайтын құстың әр басын 40-50 мың теңгеге саудалауда.
Тауыс құсын бағудың қыр-сырын үйренген шаруаның екі ұлы да ауыл шаруашылығы саласында еңбек етеді. Отбасылық кәсіпті қолға алған тұрғындар Әзірбайжан ұлтының азаматтары. Олар егін егіп, тауық, күрке секілді құс түрлерін өсіруде. Одан бөлек, 40 жәшік бал арасын бағып, жылына 1 тонна өнім алуда.

Жақында қытай ғалымдары тауыстың ерекше сұлулығының сырын ашу үшін зерттеу жүргізген екен. Олардың ғылыми зерттеулеріне сүйенсек, тауыс денесінде тек осы құсқа ғана тән бояулар бөліп шығаратын зат бар көрінеді. Оның қауырсындарының әрбір талы көк, алтын сары, қоңыр, ашық көк болып құбылатыны да содан екен. Қауырсын бойындағы жан-жаққа тармақталатын «бұтақшалар» бар емес пе? Соның әрқайсысы екі қабат кристалл құрылымдарынан тұрады, құрылымдар болса өз кезегінде меланин, кератин ақуызынан құралған деседі. Тауыстың әуел бастағы отаны – Үндістан, Шри-Ланка, Суматра аралдары. Осы елдерді алғаш аралаған еуропалықтардың арасында тауысты ұшпайтын құстың санатына жатқызғандар да бар. Алайда бұл жаңсақ пікір болып шыққан. Тауыстың құлаш жарымнан да ұзын құйрығын көріп, «мына ауыр денесімен ұша алмайтын шығар» деген болжамдар айтылған болуы керек. 1963 жылы Үндістан оны «ұлттық құсымыз» деп жариялады. Бұл сол кезден бастап қадірлі деген сөз емес. Орнитологтар оның қолға үйретілгеніне 3000 жылдай уақыт болды дейді. Цейлонда да көшеде жайбарақат жайылып жүрген құстарды көресіз. Тауыс адамдарға үйренгендіктен үрікпейді, ұша да алады. Оның ұзындығы – 2,5 метр. Ол салмағы әжептәуір болса да, лып етіп жеңіл ұшып, көздеген биігіне оңай көтеріледі екен.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы