Сауран ауданында Абдукамал Матмұсаевтың бастамасымен жеке кәсіпкер «Жандос» тері өңдеу кәсіпорынның қазығы қағылды. Сауран ауданы құрылғаннан бері қаншама істер өз нәтижесін тауып, ауданымыз өсіп өркендеп, көркейіп келеді.
Шараға аудан әкімі Мақсат Таңғатаров арнайы қатысып, игі тілегін жеткізді. Сонымен қатар, жеке кәсіпкер «Жандос» басшысы Абдукамал Матмұсаев, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Сейілхан Ахметов сөз сөйлеп, ауданның дамуына кәсіпорынның алар орны ерек екенін, қаншама жастарымыз жұмыспен қамтылатынын жеткізді.
Аудан орталығында қазығы қағылған кәсіпорынның жоба құны 1 млрд теңгені құрайды. 30 гектар жерге орналасқан кәсіпорынның жоба қуаттылығы жылына 100 мың дана тері өңдеп, 50 адамды жұмыспен қамтымақ. Құрылыс жұмыстары қарқынды бастау алып, күз айында пайдалануға беруді жоспарлап отыр.
ҚОЛӨНЕРШІЛЕРГЕ ҚОЛДАУ КӨРСЕТІЛЕДІ
Аудан әкімдігінің мәжіліс залында аудан әкімінің орынбасары Бақытжан Букебаев аудан көлеміндегі қолөнершілермен кездесіп, пікір алмасты. Ондағы мақсат аудандағы қолөнершілердің басын қосып, қауымдастық құрып, олардың жұмысын жандандыру бағытында ұсыныс-пікірлері айтылды.
Сонымен қатар, жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Дәуірхан Асылбек жастарға 2,5 пайыздық 5 млн. теңгеге дейінгі жеңілдетілген неселендірудің талаптарын атап өтсе, кәсіпкерлік және туризм бөлімінің бас маманы Ермек Өмірбеков «Ауыл аманаты» жобасының 6-шы бағыты бойынша 8 млн. теңге көлемінде несие алудың алғы шарттарын түсіндіріп өтті.
Жиында қолөнершілер тарапынан көптеген ұсыныс пікірлер ортаға салынып, алдағы уақытта бірлесе отырып, жұмысты жандандыру мақсатында ортақ келісімге келді.
АУДАН ӘКІМІ ШАҒЫН ЖӘНЕ ОРТА БИЗНЕС ӨКІЛДЕРІМЕН КЕЗДЕСТІ
Аудан әкімі Мақсат Таңғатаров аудан аумағындағы шағын және орта бизнес өкілдерімен кездесті. Кездесуге кірістер басқармасы, аудандық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы, төтенше жағдайлар бөлімі, статистика басқармасы және шағын және орта бизнес өкілдері қатысты.
Кездесуде шағын және орта бизнес өкілдерінің ауданға тіркелуі, жалпыға бірдей декларациялау, санитарлық-эпидемиологиялық қорытынды туралы, қауіпсіздік бойынша төтенше жағдайлардың алдын алу бойынша мәселелер қаралды.
“Елімізде шағын және орта бизнеске экономиканың драйвері ретінде мемлекеттік тұрғыдан басымдық беріліп келеді. Сауран ауданында шағын және орта бизнес қарқынды дамуда. Бүгінгі таңда жұмыс істеп тұрған шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің саны 7 мыңға жетіп отыр. Шағын және орта бизнесті дамыту экономикалық өрлеудің және әлеуметтік-саяси жаңғыртудың басты құралы. Сонымен бірге, шағын және орта кәсіпкерлік – экономиканың тиімді әрі нәтижелі секторы. Шағын және орта кәсіпкерлік жұмыссыздықты жоюда, нарыққа қажетті тауарларды жеткізуде жеке өндірушілердің монополиясын шектеуде және экономиканы тұрақтандыруда шешуші фактор болып табылады. Сондықтан сіздермен бірлесіп жұмыс жасауға, әрқашан қолдауға әзірмін”, – деді аудан әкімі Мақсат Асылбекұлы.
Кездесуде төтенше жағдайлар бөлімінің бас маманы Нұртас Қасым, аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының маманы Айсара Төлешова, кірістер басқармасы басшысының орынбасары Мұхтар Исабаев, статистика басқармасының басшысы Камилжон Нұрышов өз салалары бойынша шағын және орта бизнес өкілдерімен жұмыс жүргізудегі заңнамаға сәйкес, талаптарын кеңінен түсіндіріп өтті. Сонымен қатар, жиында кәсіпкерлер тарапынан тиісті мамандарға сұрақтар қойылып, оларға заң аясында жауап берілді.
