Түркістан облысында балық өсіруден Ордабасы ауданы көш бастап тұр. Аудан көлемінде 17 шаруа қожалық балық өсірумен айналысады. Соның бірі -Қайнар аулындағы «Алина» ШҚ. Қожалық төрағасы Ділшат Рахымжанов қазіргі таңда жылына 200 тоннадан аса балық етін өндіреді. Ол балық шаруашылығымен 2021 жылдан бастап айналысып келеді.
Кәсіпкер жеке қаржысы есебінен 100 млн теңге инвестиция салып, африкалық сом мен сазан балықтарының шабақтарын алған. Бүгінде 2 га жер теліміндегі су бассейнінде балықтарды өсіріп жатыр.
Ордабасы ауданында 2023 жылдан бастап балық өсірумен айналысатын 5 шаруашылық іске қосылған. Ауданда жыл соңына дейін 700 тонна балық етін өндіру жоспарланған.
Қазақстан балық ресурстарына өте бай. Елдің экономикалық дамуында балық шаруашылығы ерекше рөл атқара алады. Соңғы уақытта бұл салада үлкен жұмыстар атқарылуда. Бүгінгі таңда Үкімет қабылдаған бастамалардың арқасында балық шаруашылығы айтарлықтай сәтті дамуда. Мемлекет басшысы ағымдағы жылдың тамыз айында қолда бар мүмкіндіктерді дамыту қажеттігін атап өтіп, биылғы қараша айына дейін балық шаруашылығын дамытудың өңірлік бағдарламаларын әзірлеп, бекітуді тапсырды. Балық саласының қазіргі жағдайы мен даму перспективалары, сондай-ақ Президент тапсырмасының іске асырылуы туралы шолу материалынан оқыңыздар.
Қазақстан өзінің бай және бірегей табиғатының арқасында балық шаруашылығының айтарлықтай қуатты қорына ие. Бұл бағытта экспорттық әлеуеті де жоғары.
Балық өнеркәсібінің негізгі түрлері — балық кәсіпшілігі (балық аулау), балықты көбейту (балық өсіру) және балық өңдеу.
Қазақстан мұхит балығы мен теңіз өнімдерін импорттайды. Олар — майшабақ, скумбрия, асшаян, мидия және басқалары. Бұл өнімдер Норвегия, Ресей, Исландия, Қытай және Балтық елдерінен импортталады
Өз кезегінде, Қазақстан жыл сайын шамамен $60 млн сомасына 36 жақын және алыс шет елдерге 30 мың тонна балық өнімдерін экспорттайды.
Негізінен балықтың жон еті, қақталған-ысталған өнімдер және мұздатылған балық еті экспортталады. Мысалы, көксерке еті Еуропалық Одақ елдерінде (Германия, Нидерланды) қазақстандық бренд болып табылады, қақталған-сүрленген өнім Ресейге, Украинаға, Литваға, Қытайға және басқа елдерге экспортталады. Бұл ретте біздің жанымызда экспорт үшін маңызды әлеуетті нарықтар бар.
Қазақстанда жан басына шаққанда балықты аз тұтынады. Айталық, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы адам басына шаққанда жылына 16 келіден кем емес балық тұтынуды ұсынса, Қазақстанда бұл көрсеткіш бір адамға 4 келіден келеді. Өз кезегінде, көршілес Ресейде адам басына 23 келі, Қытайда 45 келі балық тұтынылады. Осылайша, шекара маңындағы аудандарды ескергенде, балық өнімдерінің экспорттық потенциалы 3 млн тоннадан асып түсуі мүмкін.
Бүгінгі таңда Қазақстанда мыңнан астам балық шаруашылығы субъектілері жұмыс істейді. Оларға 1646 балық шаруашылығы су айдыны мен олардың учаскелері бекітілген. Салада 11 мыңнан астам адам жұмыс жасайды. 2019 жылы 45 мың тонна балық ауланған.
Акваөсіру — бүкіл әлемде балық саласын дамытудың заманауи драйвері
Табиғи су қоймаларының балық қорын пайдаланудың шегі бар екені белгілі, ал көптеген су қоймаларында балық ресурстарының азайғаны байқалады. «Балық шаруашылығы ғылыми-өндірістік орталығы» ЖШС басқарма төрағасы Қ. Исбеков балық өнімдерін ұлғайтудың жалғыз баламасы акваөсіру болып табылады деп есептейді.
«Теориялық тұрғыдан алғанда, балық шаруашылығының әлеуеті 600 мың тоннаны құрауы мүмкін, бұл ретте негізгі үлесі — 80%-дан астамы Маңғыстау облысының орта Каспий акваториясына тиесілі, мұнда тормен өсіру технологиясы бойынша Каспий албырты мен бекіре тұқымдас балық түрлерін өсіруге болады. Осылайша, біз экспорттық әлеуетті көтеріп қана қоймай, импортты алмастыруды да жүзеге асыратын едік (ақсерке-албырт балығы)», — деді Қ. Исбеков.
Біріккен Ұлттар Ұйымындағы Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымының (ФАО) мәліметі бойынша, акваөсіру саласы ақуыз өнімдерін өндіруде әлемде ең қарқынды дамып келе жатқан бағыт болып табылады.
Мәселен, өсірілетін балықтың әлемдік көлемі 60 жыл бұрын небары 1 млн тоннаны құраса, бүгінде бұл көрсеткіш 82 млн тоннадан асып түседі. Бұл ретте, соңғы 25 жылдың өзінде акваөсіру көлемі 67 млн тоннаға немесе 450%-ға өсті. Ал балық аулау көлемі, тұрақты деңгейде.
Қазақстанда балық өсіру саласының потенциалы өте жоғары. Соңғы 7 жылда өсірілген балық көлемі 9 есе, яғни 800 тоннадан 7,4 тоннаға дейін өсті. Елімізде осы шаруашылықпен 180 балық өсіру шаруашылығы айналысады, онда мыңнан астам адам (1126) жұмыс істейді.
Жасанды балық өсіру шаруашылықтары бұдан да көп болуы керек. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы ұсынған жан басына шаққанда 16 келі балық тұтыну нормасына қол жеткізу үшін шамамен 300 мың тонна балық өсіру қажет.
Балықты жасанды өсіру бойынша Түркістан облысы көшбасшы болып табылады, оның көлемі 5 мың тонна (68,7%). Ал Алматы облысында шамамен 1000 тонна (12,8%), Солтүстік Қазақстан облысында 380 тонна және Шығыс Қазақстан облысында шамамен 300 тонна балық өсіріледі.
Балық шаруашылығының қандай мәселелерін шешу қажет?
Ағымдағы жылдың ақпан айында Атырау қаласында балық шаруашылығын дамыту мәселелері жөнінде өткен көшпелі жиында Премьер-Министр А. Мамин саланың дамуына кедергі келтіретін негізгі кедергілерді анықтауға бағытталған бірқатар тапсырма берді. ҚР ЭГТРМ осы тапсырманы орындау үшін бизнеспен бірге талдау жүргізіп, 3 басты мәселені анықтады. Олар — су қоймаларын балық аулаудан балық өсіруге бейімдеу, заңнамаға қажетті өзгерістер енгізу, мемлекеттік қолдау шараларын арттыру.
Бірінші. Еліміздегі су қоймаларын зерттеу нәтижесінде арасында әлеуеті жоғары деген су қоймалары анықталды. Өткізген зерттеудің аясында осы жерлерде жылына 600 мың тонна балық өсіруге болатыны белгілі болды. Осыны негізге ала отыра, балық өсіру өңірлерге бөлініп, схемасы жасалды. Мысалы, Түркістан облысындағы Шардара су қоймасы тұқы және бекіре тұқымдас балық түрлерін өсіру үшін қолайлы болса, Шығыс Қазақстандағы Өскемен, Бұқтырма су қоймаларында ақ сақа, алабалық тұқымдас балықтарды өсіруге болады. Ал Алматы облысындағы Бартоғай және Қапшағай су қоймалары мен Балқаш көлі алабалық, тұқы балықтарын, Солтүстік Қазақстан, Қостанай, Ақмола облыстары ақ сақа және тұқы түрлерін өсіру үшін қолайлы. Өз кезегінде, Маңғыстау облысында албырт және бекіре балықтарын, Қызылорда облысындағы Арал теңізінде тұқы балықтарын өсіруге болады.
Сонымен бірге, өңірлер ТСҚ, яғни тұйықталған сумен қамтамасыз етілген технологиясын пайдалана отырып, тоған және бассейндік шаруашылықтар сияқты балық өсірудің басқа да бағыттарын дамыта алады.
Жақында балық шаруашылығы ғылыми-өндірістік орталығы балық өсіру шаруашылықтарының типтік жобаларын әзірледі. Бұл бизнеске қаржылық мүмкіндіктерін ескере отырып, қолайлы шаруашылық типін, өсірілетін балық түрін таңдауға мүмкіндік береді.
Екінші. ҚР ЭГТРМ қолданыстағы заңнамаға талдау жасап, мынадай басты проблемаларды анықтады.
1. Су қорғау белдеуінде балық өсіру шаруашылықтары мен құрылыстарын салуға тыйым салынуы.
2. Балық өсіру кезінде суды тұтыну үшін артық төлем алынуы.Бұл жерде, балық өсірушілер алынған судың барлық көлемі үшін төлейді, ал қайтарылатын судың көлемі ескерілмейді.
Осылайша, булану және сүзгілеу түріндегі шығындар үшін ғана төлем төлеуді ескеру қажет.
3. Жергілікті маңызы бар су айдындарының көп бөлігі берілмеген (49%).
4. Тоғандар мен балық өсіру бассейндерінің құрылысына жобалық-сметалық құжаттама әзірлеу және мемлекеттік сараптамадан өту қажеттілігі.
5. Ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерге балық өсіру шаруашылықтарын салу кезінде шығынды өтеу қажеттігі. Бүгінде тек балық өсіретін питомниктер ғана шығынды өтеуден босатылған.
Министрлік Салық, Су, Жер кодекстерне, сондай-ақ «Жануарлар әлемін қорғау, өсіру және пайдалану», «Архитектура, қала құрылысы және құрылыс жұмыстары туралы» Заңдарға өзгерістер әзірлеп, оларды тиісті заңнамаға енгізді. Түзетулер мүдделі мемлекеттік органдармен келісіліп жатыр және күзде Парламентке енгізілетін болады.
Акваөсіру сәтті дамыған бірқатар елдерде балықты жасанды өсіру саласындағы қатынастарды реттейтін жеке заң бар. Сондықтан ҚР ЭГТРМ «Акваөсіру туралы» Заңды әзірлеу қажет деп санайды.
Үшінші. Балық өсіруді дамытуға мемлекеттік қолдау шаралары жеткіліксіз болып тұр. Бүгінгі таңда мемлекеттік қолдау шаралары балық питомниктері мен көл-тауарлы балық өсіру шаруашылықтарына арналған жем, техника мен жабдықтарға арналған.
Балық азығын субсидиялау бағдарламасын іске асыру
Ауыл шаруашылығы министрлігі аквамәдениетті дамытуды мемлекеттік қолдау мақсатында 2018 жылдан бастап тауарлық балық өсіру кезінде жемшөпті субсидиялау бойынша бюджеттік бағдарламаны іске асыруда.
Балықтың тұқы, бекіре, албырт сияқты басым түрлері субсидияланады. Бағдарлама жергілікті бюджет есебінен жүзеге асырылады. Биыл қолдау мақсатында 430 млн теңге қарастырылды. А.ж. 1 қыркүйектегі мәлімет бойынша 350,4 млн теңгеге субсидия төленді (79%-ы игерілді). Қазіргі уақытта 27 балық өсіретін кәсіпорын субсидиямен қамтылуда.
Бұдан өзге, бизнес пен «Атамекен» ҰКП ұсыныстары негізінде 2020 жылғы 4 тамызда ҚР АШМ инвестициялық салымдарды субсидиялау қағидаларына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы бұйрықты бекітті. Толықтыруларға сәйкес, қуаты 20 тоннадан бастап тұйықталған сумен жабдықтау (ТСЖ) арқылы балық өсіретін кәсіпорын және қуаты 40 тоннадан бастап тауарлық балық өсіретін орнықты шаруашылықтары құрылысының құнын 25% дейін субсидиялау көзделген.
Сонымен қатар қолданыстағы қағидалар аясында көл-тауар шаруашылықтарына арналған жабдықтар мен техниканың құнын 25%-ға дейін субсидиялау қарастырылған. 2019 жылы 450,1 млн теңге сомасына 6 шаруашылық субсидияланды.
Соңғы 10 жылда балық шаруашылығы бойынша жалпы өндірістік қуаты 3,26 мың тонна балық өнімін құрайтын 13,9 млрд теңге сомасына 13 жоба қаржыландырылды.
Атап айтқанда, биыл «AGCO Corporation» америкалық компаниясын тарта отырып, Ақмола облысында қуаттылығы жылына 500 тонна форель өсіру бойынша жабық үлгідегі балық өсіру кешенін салу жобасы мақұлданды. Қаржыландыру үшін бірінші транш бөлінді.
Ақтөбе облысында қуаты жылына 1500 тонна болатын «Мұрагер-2» ЖШС балық өсіру жобасының құрылысы жүргізілуде. Құрылыс жұмыстары 75% аяқталды. Жобаны қаржыландыру «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы аясында жүзеге асырылады.
ҚР АШМ қазіргі уақытта субсидияланатын балық түрлерінің тізбесін кеңейту, жемшөпті субсидиялау үшін сом және сига балық түрлерінің тізбесіне енгізу мәселелерін қарастыруда.