Мемлекет басшысы кәсіпкерлікті дамытуға үлкен мән беріп келеді. Соңғы жылдары кәсіпке бет бұрып, өз ісін бастағандар саны артты. Облыс тұрғындары да нарық заңына бейімделіп, түрлі кәсіп ашуға ұмтылуда. Оған қайтарымсыз гранттар өз септігін тигізуде.
Бәйдібектік кәсіпкер Бауыржан Молдабеков мемлекеттен 1 млн 380 мың теңге көлемінде қайтарымсыз грант алып, көлік жөндеу орталығын ашқан. Сондай-ақ, ол қажетті құрал-жабдықтарын да толық сатып алған.
-Мемлекеттен қайтарымсыз грантты жеңіп алып, жеке кәсібімді бастағаныма қуаныштымын. Орталық ашылғаннан бері келушілер саны артып жатыр. Қызметке жүгінушілердің көпшілігі аудан тұрғындары. Алдағы уақытта кәсіпті ұлғайтып, аудан азаматтарын жұмыспен қамтуға әрекет жасаймыз,- дейді Бауыржан Молдабеков.
Талаптанып, кәсіппен шұғылданғысы келетін адамға бүгінде Үкімет тарапынан қолдау көп. Әсіресе, жұмыссыз отырған отбасылар үшін мемлекеттік қолдаудың маңызы зор.
Осы орайда кәсіп ашып, өрісін кеңейткісі келетін Түркістан облысының тұрғындарына керек кеңестерді ұсынамыз.
Бағдарлама шарттарына сәйкес келетін әрбір кәсіпкер грант беруге арналған қолданыстағы шарттар болмаған кезде бір бизнес-жоба бойынша жаңа бизнес-идеяларды іске асыру үшін мемлекеттік гранттар беру мақсатындағы конкурстық іріктеуге қатысушы бола алады.
Жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға арналған бизнес-жобаның міндетті шарттары:
1) берілетін мемлекеттік грант көлемінің кемінде 10% мөлшерінде оны іске асыруға арналған шығыстарды кәсіпкердің, оның ішінде бизнес-жобаға қатысатын жылжымалы және/немесе жылжымайтын мүлікпен қоса қаржыландыруы;
2) жаңа жұмыс орындарын құру;
3) кәсіпкердің бизнес-жобасында инфрақұрылымның болуы және/немесе жобаны іске асыру үшін жеткілікті инфрақұрылым құру көзделген инвестициялық жоспардың болуы талап етіледі.
Кәсіпкерлер жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға арналған мемлекеттік грант қаражатын мынадай мақсатқа пайдаланады:
Мемлекеттік грант қаражатын мынадай мақсатқа пайдаланады:
1) тауарлар шығаруға немесе қызметтер көрсетуге қажетті негізгі құралдарды, шикізат пен материалдарды сатып алу;
2) материалдық емес активтерді сатып алу;
3) технология сатып алу;
4) кешендi кәсiпкерлiк лицензияға (франчайзинг) құқықтарды сатып алу;
5) зерттеу жұмыстарымен және/немесе жаңа технологияларды енгізумен байланысты шығыстар.
Жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға арналған мемлекеттік грант қаражатын мына мақсатқа пайдалануға болмайды:
Мемлекеттік грант қаражатын мына мақсатқа пайдалануға болмайды:
1) жылжымайтын мүлікті және/немесе жер учаскесін сатып алуға;
2) жалдау ақысын төлеу ретінде;
3) үлестес/байланысқан компаниялардан/тұлғалардан негізгі құралдарды/активтерді сатып алуға;
4) бұрын қолданыста болған негізгі құралдарды сатып алуға болмайды.
Кәсіпкердің жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға арналған мемлекеттік грант қаражатын игеруі жеке тұлғадан автокөлікті сатып алу жағдайларын қоспағанда, кәсіпкерлік субъектісі ретінде тіркелген контрагент шотына қолма-қол жасалмайтын төлем арқылы жүзеге асырылады.
Бір кәсіпкер үшін мемлекеттік грант сомасы 2 млн теңгеден 5 млн теңгеге дейін.
Мынадай кәсіпкерлерге грант берілмейді:
1) қайта ұйымдастыру, тарату немесе банкроттық сатысындағы, сондай-ақ, қызметі еліміздің қолданыстағы заңнамасына сәйкес тоқтатылған;
2) салықтар мен мемлекеттік бюджетке басқа да міндетті төлемдер бойынша берешегі бар;
3) қызметінің негізгі түрі жылжымайтын мүлікті жалға беру болып саналатын;
4) мемлекеттік грант алуға өтінім берген кезде берілетін мемлекеттік грант көлемінің кемінде 10% мөлшерінде бизнес-жобаны іске асыруға арналған шығыстарды бірлесіп қаржыландыруын растамаған (халықтың әлеуметтiк осал топтарын қоспағанда);
5) конкурсқа қатысушының кредиттік тарихына сәйкес қаржылық міндеттемелері бойынша мерзімі өткен берешегі бар кәсіпкерлерге
Жаңа бизнес-идеяларды іске асыру үшін мемлекеттік гранттарды алуға үміткер кәсіпкерлер өтінімге PDF форматындағы құжаттардың мынадай сканерленген көшірмелерін қоса береді:
Қажетті құжаттар:
1) басшының қолымен және өтініш берушінің мөрімен расталған, өтінім беру кезіндегі жалдамалы жұмыскерлердің орташа саны туралы анықтама (бар болса);
2) Бағдарламаның және (немесе) ҚР Үкіметінің 2018 жылғы 13 қарашадағы №746 қаулысымен бекітілген Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» бағдарламасы аясында кәсіпкердің оқудан өткенін растайтын, ескіру мерзімі 2 жылдан аспайтын құжат (бар болса);
3) берілетін мемлекеттік грант көлемінің кемінде 10 % мөлшерінде бизнес-жобаны іске асыруға арналған шығыстарды қоса қаржыландырудың болуын растайтын құжаттар, кәсіпкердің ағымдағы шотында ақша қаражатының болуы туралы банктік шоттан үзінді көшірме немесе бизнес-жобаға қатысатын жылжымалы және/немесе жылжымайтын мүліктің бағалау құнын растайтын құжаттар (халықтың әлеуметтік осал топтарын қоспағанда);
4) өтінім берушіде халықтың әлеуметтік осал топтарына жатқызу мәртебесінің бар екенін растайтын құжат;
5) кәсіпкердің экономиканың басым секторларында қызметті жүзеге асыруы туралы мәліметтері бар жеке кәсіпкерді тіркеу туралы хабарламаның көшірмесі.
