КӘСІПКЕРЛЕР ПАЛАТАСЫ АГРОӨНЕРКӘСІПТІК КЕШЕНДІ ДАМЫТУҒА АЙРЫҚША КӨҢІЛ БӨЛУДЕ

459 көрілім

Түркістан облысы кәсіпкерлер палатасы агроөнеркәсіп кешені саласында атқарып жатқан жұмыстары және дамыту бағытындағы атқарып жатқан іс-шаралары аз емес. Бүгінгі таңда егіншілік саласында ұзақ жылдар бойы топыраққа агрохимиялық сараптама жүргізілмегендіктен, химиялық тыңайтқыштарды жүйесіз қолдану арқылы егістік жерлерде топырақтың құнарлығы төмендеп нәтижесінде топырақтың сорлануы, ластануы, тұздануы сияқты келеңсіз факторлар орын алған. Салдарынан дақылдардың өнімділігі мен сапасының төмендеуі өзекті мәселеге айналуда.

Аталған саладағы кемшіліктерге маңыз бере отырып Түркістан облысы кәсіпкерлер палатасының бастамасымен «Агро-кеңес беру орталығы» құрылды. Ондағы мақсат – әр дақылдың өсіру технологиялық ерекшеліктерін ескеріп, демонстрациялық алаңдар ашып тәжірибе ретінде шаруаларға ұсыну. Бұл пилоттық жобаның өндірістік бағыты иновациялық технология қолдану арқылы дақылдарды (жүгері, бақша, көкөніс, жеміс-жидек, жылыжай т.б) органикалық негізде өсіріп алынатын өнімді арттыру, химиялық тыңайтқыштардан бас тартып толық органикалық тәсілге көшу.

Ұсынылып отырған пилоттық жобалардың мақсаты – ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері өз кәсібін жетілдіріп, туындаған кедергілермен күресу, озық заманауи агротехнологияларды меңгеруіне және технологиялық карта негізінде берілген ұсыныстарды ауыл шаруашылығында тәжірибе ретінде пайдалану және алдын алу бойынша тиімді шешім қабылдауына толық көмек көрсету.

Жобаға сәйкес, Ордабасы ауданы, Төрткүл елді мекеніндегі «Рамазан агро» ЖШС шаруашылық базасында мақта өсіру бойынша демонстрациялық алаң құрылып, 60 га алқапқа түркиялық «Эдесса», «Лима» элиталық мақта тұқымдары егіліп, өнім жиналды. Отырар ауданы, Талапты елді мекеніндегі «Марғұлан» шаруа қожалығының базасында жүгері өсіру бойынша 20 га алқапқа «Пионер» сорты егіліп, толық сүйемелдеу жұмыстары жүргізілді. Өсімдіктің өсіп жетілу фазаларының оңтайлы мерзімдерінде органикалық тыңайтқыш сумен берілді.

Сонымен қатар, Сауран ауданы, Майдамтал елді мекенінде «ИС Жангир» ЖШС базасында 20 га қант құмайы «Сорго» дақылын мал азықтық мақсатта жоңышқа дақылымен үстеме егу бойынша демонстрациялық алаң ашылды. Суға тапшы Майдамтал өңірінің жағдайында бір маусымда 4 өнім алуға болады. Жоба аясында тәжірибе ретінде дақыл кеш егілгеніне қарамастан жоңышқа дақылының жетілуін жеделдетіп, бірінші орақтың өзінде алынған өнім көлемі артты.

Түркістан облысы кәсіпкерлер палатасының ұйымдастыруымен Шымкент қаласында «Республикалық топырақ орталығы» ЖШС агрохимиялық зерттеу зертханасы ашылды. Негізгі мақсат оңтүстік өңірлерде ауыл шаруашылығын дамытуға, цифрлық егіншілікке, фермерлерге топырақ құнарлығы мен өнімділігін арттыруға мүмкіндік жасау. Айта кетсек, «Агро кеңес беру орталығы» бұл заманауи органикалық негізде өнім алуға, малдың тұқымдық құрамын жақсартуға, зиянкестермен күресуді үйрететін, шаруалардың агробіліктілігін күшейтетін орталық.

Десек те, ауыл шаруашылық саласының басқа да проблемалық мәселесі де алаңдатады. Атап айтқанда, ағымдағы жылы палатаға 62 өтініш келіп түссе, оның ішінде оң шешілген өтініштер саны – 44 өтінішті құрады. Нақтырақ айтсақ, «Яссы құс» ШҚ тарапынан өтініш келіп түскен болатын. Шаруа қожалық Өзбекстан мемлекетінен 1 тәуліктік 32 мың бас балапан (шөжек) импорттау барысында кеден бекетінде ветеринарлық талаптарға байланысты тежелу фактілері орын алған. Мәселені шешу үшін, агроөнеркәсіп кешені бөлімінің мамандары дер кезінде құзырлы органдар басшыларымен байланыс орнатып, мәселе оң шешімін тапты.

Соңғы жылдары қой шаруашылығын дамытуға мемлекет тарапыннан қаржылық қолдау болмағандықтан ескерусіз қалған жағдайы бар. «Атамекен» Кәсіпкерлер палатасының бастамасымен осы саланың дамуына маңыз беріле арнайы жұмыс тобы құрылып, қой шаруашылығының даму концепциясы ұсынылып ҚР Премьер-Министрдің орынбасары А.Жұманғариннің тікелей қолдауымен жұмыстар атқарылуда.

Н.ИМАНҚҰЛОВА.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы