КЕЛЕР ЖЫЛДЫҢ ЫРЫС-БЕРЕКЕСІ МОЛ БОЛСЫН!

611 көрілім

Аса қымбатты оқырмандар!

Баршаңызды есік қағып тұрған жаңа жылдарыңызбен құттықтаймын!

Биылғы жыл еліміз үшін жаман болған жоқ десек артық айтпаған болармыз. Жыл басынан бері қарашаңырақ басылым «Түркістан», «Туркистон» газеттерінің өз оқырмандарына лайықты дүниелерді яғни оқылымды мақалаларын ұсынуға тырыстық. Шаһардағы өзекті мәселелерді де көтеріп, салалардағы түйіткілдерді билік назарына жолдадық. Оған қатысты қабылданған тиісті шешімдерді көзі қарақты оқырмандарымыз оқып танысты деп ойлаймыз.

Айта кетер бір жайт мемлекет тарапынан берілетін тапсырыстар қолына қалам ұстаған әріптестерімізді атқарушы органның жұмысын кеңінен насихаттауға итермелеп отырғанын жасыра алмаймыз. Иә, қала аумағында атқарылып жатқан жұмыстар аз емес. Десе де тұрғындардың көңілін күпті еткен жағдайларды да кейін ысырмауға барымызды салдық. Кей жерде өзіміз ізденіп, билік өкілдері осы бағытқа көңіл бөлсе екен деген ниетпен қызметкерлеріміз ел ішіндегі мәселелермен танысып, оның тезірек шешімін табуына үлес қосты. Әттеген-айы, оқырмандарымызды мазалаған мәселелерді көтеріп, мүмкіндігінше солардың жанынан табыламыз ба деп жүргенде газетке жазылу науқанында қолдау көрсетпей, теріс айналушылардың қатары артып келе жатқаны редакция ұжымының жанына батып жатқаны ащы болса да шындық.

Қолында мүмкіндігі бар, біраз жұрт аузына қараған кейбір жандардың бетімізге күліп, сыртымыздан теріс әрекет жасап жүргенін де байқап отырмыз. Оның себебі, оқырмандарымыздың сөзін сөйлегеніміз әлгіндей жандарға жақпайды? Мейлі өмір деген өзенде су ағып, тас қалатыны секілді Түркістанның тарихында біздің газет бар және ол бола да береді. Осы ретте ұжым мүшелері шаһар тарихын өшірмеу жолында қызметін жалғастыра бермек.

Сөз басында биылғы жылға бағамызды беріп бастадық қой. Біздің ұжым үшін де жақсы жаңалықтар аз болған жоқ. Бірқатар табыстарымыз бар. Осы жылы «Түркістан Медиа» ЖШС-нің меншігіне «Сауран» газетін алдық. Қазір бұл басылымды Ләззат Қаныбекқызы мен Ескендір Абытханұлы басқарып отыр. Одан бөлек редакциямызға қажетті біршама құрал-жабдықтар алдық. Сөйтіп биыл бір апта ішінде үш газет («Түркістан», «Туркистон», «Сауран» газеттері) шығаруға дағдыландық. Қатарымыз да артып жатыр. Қазіргі заманда қимылдаған жан несібесіз қалмайтыны анық қой. Осындай әрекетімізбен өңірімізде бірқатар аудандармен байланыс орнатып, құлашымызды кең жаюға талпынып жатқан жайымыз бар.

Әріптестеріміз де жылды жақсы жетістіктермен, елеулі табыстармен қорытындылап жатыр. Тарихы терең басылым болғанымен, ұжым жас. Қазіргі күні редакция қызметкерлерінің 60 пайыздан астамы 30-ға толмаған жастар. Арагідік қателіктерге де бой алдырып жататынымыз жасырын емес. Оның үстіне маман тапшы. Арамызға қосылғанына жыл толмай жатып, басқа мекемелерге ауысып кетіп жатқан жастар да бар. Оларға сәт-сапар тілеп, қанаттануына себепші болғанымызға біз ризамыз.

Осы жыл ішінде газет тарихының үштен бір бөлігінде қызмет атқарған Райымжан Әлібаев облыстық «Жанубий Қозоғистон» газетіне басшы болып ауысқанын білесіздер. Жауапты хатшымыз Қуаныш Тасыбаев Сауран ауданының әкімдігінде жауапты қызметтің тізгінін ұстады. Кеше ғана Ләззат Сарыбаева әпкеміз де Түркістан қаласының әкімі Нұрбол Тұрашбековтің шешімімен «Түркістан қаласына сіңірген еңбегі үшін» медалімен марапатталды. Еткен еңбектің еш кетпегенін осындайда сезінесің. Ұжым болып қуандық. Тілекші жандарға жаппай алғыс айтып, істеріне береке тіледік. Айта берсек, осындай табыстарымыздың қатарын фототілшіміз Ердәулет Сағындық Түркістан облысында «Үздік жас фотограф» номинациясымен толықтырды. Сонымен бірге, қаламыздағы үздіктер қатарынан орын алған Дәурен Тілеухан «Үздік жас ақын», Серікбай Әметов «Үздік жас мобилограф» және «Аймақтың» шотын шапса да «Түркістанның» бір мүшесі атанып кеткен Ержан Смағұл «Үздік жас тілші» номинациясына ие болып мерейімізді үстем етті. Арамызда бас көтермей газетті компьютерде беттеумен айналысатын Мамыржан Набиев те марапаттардан құр алақан емес. Қызын ұзатып, «көңілі күпті» болып жүрген Мәкең жақында жиенді болды. Ал, Ескендір Ертай ағамыздың жөні бір басқа. Барлығымыз назарымыздан тыс қалдырмауға тырысатын көкеміз биыл зейнетке шығып, жұмысын қайта жалғастырып жатыр. Міне, осылайша айта берсек редакциямыздың әрбір мүшесі туралы жағымды жаңалықтарымыз бен олардың жетістіктері жеткілікті. Әтіркүл Тәшім, Несібелі Иманқұлова, Орынбек Қасымбек, Азамат Әлібек, Ғалия Бисейіт, Нұрдәулет Ибадуллаевтардың атқарған жұмысына берер баға жоғары. Жас журналистер арасында Ғалия Бисейіт қарындасымыздың еңбегін оқырман қауым өзі де бағамдап жатқан болар?

Қорыта айтқанда, жыл көлемінде қол жеткізген табыстарымыздың бір көрінісі осындай. Келер жылдан үмітіміз көп. Соның ішіндегі бастысы оқырмандарымыздың көңілінен шығатын сапалы дүниелердің қатарынан арттыра түссек дейміз.

Ендеше жаңа жылдың ырыс-берекесі мол болсын деген тілегімізді арнаймыз.

М.ДӘУЛЕТОВ.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы