Ғ.ТЕМІРӘЛІҰЛЫ: «ӘЛЕМ СПОРТШЫЛАРЫ ТӘУЕЛСІЗДІК КҮНІМЕН ҚҰТТЫҚТАДЫ»

640 көрілім

Жақында Түркістан қаласының тұрғыны Ғани Темірәліұлы редакциямызға келіп, екеуміз біраз әңгіменің тиегін ағытқан болатынбыз.

Соның ішінде көп ұзамай Біріккен Араб Әмірліктерінде өтетін марафонға қатысатынын айтты. Жарыс еліміздің қастерлі мерекесі – Тәуелсіздік күнінің қарсаңына тұспа-тұс өтетінін, осыған байланысты түркістандық тәжірибелі желаяқ көк туымызды желбіретіп, дархан даламыздың даңқын аспандатуға бар күш-жігерін салатынын жеткізіп еді. Сол сәтте біз де сәт-сапар тілеп, жолың ашық болсын деген ниет білдіріп едік.

Уақыт шіркін лезде өте шығады емес пе? 25 мыңға тарта спортшы қатысқан Абу-Даби марафонынан ақжолтай хабар жетті. Осылайша 10 шақырым қашықтықта жүгірген жерлесіміз азат еліміздің көк туын Біріккен Араб Әмірліктерінде желбіретті.

Сөз басында айтып өткеніміздей жеңіл атлет бұл ісімен отандастарын тәуелсіздік күні мерекесіне орай құттықтағысы келген. Сондай-ақ тәуелсіз Қазақстанға әлем назарын аударуды өзінің азаматтық парызы санайды. Ғани бауырымыздың бойындағы мұндай қасиетін көптен білеміз. Әлеуметтік желіде туған жерге деген құрметін, жанашырлығын іспен танытып жүрген шаһарымыздағы белсенді азаматтардың бірі.

«Абу Даби қаласында көк туымызды желбіретіп жүгіріп шықтым. Бүкіл әлемнің спортшылары мені Тәуелсіздік мерекесімен құттықтады. Керемет әсер, керемет эмоция алдым. Осындай мүмкіндік сыйлаған «International Turkistan marathon» дирекциясының құрметті президенті Нұрбах Рүстемовке алғысымды айтамын» – деді ол.

Спорттық сайысқа әлем елдерінен 25 мыңға жуық спортшы қатысып, 42,10, 5, 2.5 шақырымда бақ сынады. Желаяқтардың бұл жарысы 2023 жылы әлемдегі ең маңызды спорттық сайыстардың бірі атанды.

Алдағы уақытта қазақстандық марафоншылар «International Turkistan marathon» дирекциясының қолдауымен халықаралық жарыстарға тұрақты түрде қатысуды жоспарлап отыр.

М.ДӘУЛЕТОВ.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы