Балаларға неліктен екпе жасау керек?

622 көрілім

​Құрметті ата-аналар! Қазіргі уақытта вакцинация қауіпсіз өмірге апаратын қадам. Вакцина ауыр, қауіпті, асқынулар тудыруы мүмкін (өлімге әкеп соғатын) жұқпалы ауруларға, сонымен қатар көптеген адамдар бір уақытта ауыратын инфекцияларға (мысалы, тұмау) қарсы жасалады.
​Тек профилактикалық екпелер ғана балаңызды полиомиелит, дифтерия, көкжөтел, туберкулез, сіреспе, В гепатиті, қызылша, эпидемиялық паротит, қызамық, пневмококк инфекциясы, гемофильді инфекция сияқты аурулардан қорғай алатындығын білуіңіз керек. Жұқпалы аурулар бала кездегі барлық аурулардың басым бөлігін құрайды, олар мүгедектікке және өлімге әкелетін ауыр асқынулармен қауіпті. Жыл сайын әлемде түрлі инфекциялардан шамамен 12 млн. бала көз жұмады, оның ішінде 4 млн. астам бала вакцинамен толық алдын алуға болатын аурулардан көз жұмады.
​Иммундаудың арқасында табиғи (қара) шешек сияқты қорқынышты ауру қазір мүлдем жойылды. Дифтерияның сирек жағдайлары ғана тіркеледі, балаларды мүгедек қылатын полиомиелит іс жүзінде жойылды, қызылша, қызамық және туа біткен қызамық жағдайлары сирек кездесетін болды, сіреспе толығымен жойылды десе болады. Ұлдардың бедеулігіне әкелетін орхит (ұрықтың қабынуы) деген ауыр асқынуы бар эпидемиялық паротит те азайды.
​Қазіргі уақытта өкінішке орай, иммундаудың зияны, екпеден кейінгі асқынулардың көп болуы, вакциналардың қауіптілігі туралы көптеген жалған ақпараттар тарауда. Бұл – негізсіз ойлар. Вакциналар туралы ғылым бір орында тұрған жоқ. Бүгінгі таңда вакциналарды қажетсіз компоненттерден тазарту жоғары деңгейге жетті, нәтижесінде жағымсыз реакциялар саны айтарлықтай төмендеді.
​Қазақстан Республикасында Ұлттық екпе күнтізбесіне сәйкес әрбір адам Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2020 жылғы 24 қыркүйектегі №612 қаулысымен белгіленген мерзімде немесе жеке кесте бойынша жоспарлы профилактикалық екпелерді алуға құқылы. №612 қаулыда жоспарлы иммундау жүргізілетін аурулардың тізбесі көрсетілген.
​Қорытындылай келе, вакцинация жұқпалы аурулармен күресудің өте тиімді әдісі және қауіпсіз екендігі туралы сөзсіз ғылыми консенсус бар екенін айту қажет. ДДҰ вакциналар аутизм спектрінің бұзылуына әкелмейтінін мәлімдейді. Әр адамның вакцина алуға құқығы бар. Бұл өмір сүру құқығы сияқты қажетті шарт. Сіздер екпеден бас тарта отырып, балаңыздың денсаулығы мен өміріне қауіп төндіресіздер!

Түркістан қалалық СЭББ басшысы

О.Жиеналиев

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы