ҚОҒАМДАҒЫ ЖАЛҒЫСБАСТЫ ӘКЕ: немесе бала бөлмесінен туындаған ой

615 көрілім

Қазақ қоғамында “жалғызбасты ана” деген ұғым бар,олардың арнайы мәртебесі де бар.  Ал,  “жалғызбасты әке” деген ұғым сирек кездеседі. Бірақ жоқ деп айта алмаймыз. Ұлттық статистика бюросының мәліметіне сүйене отырып  Қазақстандағы бала тәрбиелеп отырған жалғызбасты әкелер 52 мың- деп хабарлайды Tengrinews.kz. Осы тұста сұрақ туындайды осыншама жалғыс басты әкелердің қоғамдағы рөлі қандай?

Ана болу, сәби сүйіп оны жетілдіру  – әйелдің парызы деген қоғамда  да,  БАҚ-та да,  мәдениетте де көрініс табады. Осыдан біраз жыл бұрын рухани жаңғыру бағдарламасы  аясында арнайы жалғызбасты ананың қоғамдағы рөлі сынды тақырыптар жиі көтерілді. Телесериал немесе телебағдарламаларда ананың рөлін атап көрсетеді. Әрине бұған дауымыз жоқ.  Десек те жалғыз басты әкелерді қоғамнан тыс елеусіз қалдырып жатамыз, яки балалы әкелердің қоғамдағы бейнесін әлсіз аянышты бейнеде көрініп жүргендей. Мысалы, шынайы оқиғаларға негізделген «Бақытқа ұмтылу» фильмінде Уилл Смит көшеде қалған жалғызбасты әке Крис Гарднерді сомдайды. Құндылықтарын сақтай отырып, ұлын бақытты ету жолында оның жанкешті әрекеттері, адами болмысы, әкелік парызы фильмде нанымды  көрсетілген.

       ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ БАЛА ТӘРБИЕЛЕЙТІН ӘКЕЛЕР

Қазақстанда балаларды жалғыз өзі тәрбиелеп, дәстүрлі түрде ана ретінде қабылданатын функцияларды орындайтын ер адамдар бар. Олардың қоғамдық орындарда жағдайы жасалмағаны біздің демократиялық мемлекетімізде қарастырылмағаны қызық. Мәселен әрбір қоғамдық орында “Ана мен бала” бөлмесі бар, бірақ бұл орын жалғызбасты әкелерге қарастырылмаған. Бұл жағдайда бала тәрбилеп отырған әкелер не істеуі қажет? Бәлкім ана мен әке деп бөліп қарағанша сәби бөлмесі деген жөн шығар.

Заңгерлер ажырасуда балалар көбіне анасына қалдырылатыны туралы айтады. Бұл шешім, әдетте, тек дәстүрге және қоғамдағы ана институтына деген құрметке негізделген, өйткені бала тәрбиелеу – әйелдің басты міндеті, ал ер адамның ол парызды мінсіз  жасауы қиын.

КЕЙДЕ УАҚЫТ ТАБА АЛМАЙ ҚАЛАМЫН

Данияр Рамазанұлы 5 жылдан бері екі қызын өзі тәрбилеп келеді. “2016 жылы екі жақтық келісіммен заң жүзінде әйелімен ажырасып кеттік. Ал, бұрынғы жұбайым балаларды 2 жылдан соң  маған қалдырып шетел асып кетті. Өзінің аналық құқығынан уақытша бас тартты. Ер адам үшін түздің де үйдің де жұмысымен қоса бала тәрбиесін бірдей атқару оңай емес. Бірден,  дайындықсыз,  «әрі әке, әрі ана болу» маған оңайға соқпады. Перзенттерім үшін бәріне де дайынмын”, дейді кейіпкеріміз.

Данияр Рамазанұлы қыздарына көңіл бөлу үшін көп нәрседен бас тартуға тура келетінін, кейде демалыс уақытынан тыс балалары үшін жұмысынан жиі сұранатынын жасырмады. Десе де қыздарым бар, балаларым – бақытым деп қуанады.

“Ең қызығы мектепке баратын уақыт, бір жағынан таңғы ас пен киім үтіктеу, екіншісі шаш жинау. Бір комедиялық фильм сияқты. Әрине, сабаққа кешікпей тамақтандырып бару менің парызым. Кейде қоғамдық орындарда киім алатын кездерде, дәретханаға баратын уақыттарда біраз қиындықтар туады. Амалын тауып интернет пен туысқандарымның көмегіне жүгінемін”- деп сөзін аяқтады ол.

БҰЛ ТУРАЛЫ ПСИХОЛОГ НЕ ДЕЙДІ?

Түркістан қаласының психолог маманы Гүлназ Сары бүгінде балаларды тәрбиелеуде   ер адам, әлде әйел адам дген  таңдау жоқ деп есептейді. 

Маманның ойынша, тұрмыстық- материалдық жағдайдың жақсы болуы ата-ананың тауып жатқан табысына  байланысты. Егер тұрмыстық техникалары (кір жуу машинасы, газ, шаңсорғыш) болса , үй шаруалары көп қол ұстамайды,  баласына көңіл бөлетін уақыт табылады. Баламен бірге ойнап, қоршаған орта туралы айтып беру туралы әрекеттер баламен қарым-қатынастың отбасында, бала тәрбиесінде рөлі зор. Бұл функцияны атқару жыныс таңдамайды. Оны әкелер де, ана да жасайды. Бұл тұста балалар басқалар сияқты емес,  сезімтал болуы мүмкін. Мысалы, баланың санасына  бәрінің әкесі(анасы) бар, бірақ ол  менде жоқ деген ой . Бірақ бүгінде ажырасулар мен толық емес отбасылар жиі кездесетіндіктен, бұл үлкен мәселе болмауы да мүмкін. Негізгі мәселе: ажырасу қандай болды, бұрын әкеңізбен немесе анаңызбен қарым-қатынасыңыз қандай болды, үйде қандай да бір жанжал болды ма деген сұрақтардың аясында болады. Эмоцианалды сала күрделірек келетінін ескереміз. Әр адамның жан дүниесі ерекше.

Қортындылай келгенде жалғызбасты әкелер қоғамымызда аз зерттелген. Әрине, баламен жалғыз қалу екінің-бірінің қолынан келе бермейді, Бұл жанқиярлық деңгейінде ерекше ой мен мінезді, шыдамдылық пен парызды түсінуді қажет етеді. Сондықтан жалғыз қалған ата-ана рөлін жынысқа бөлмеген абзалырақ. 

Аяулым Әбдірахман,

ХҚТУ 4 курс студенті

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы