Көшпелі салт ұстанып, күнделікті өмір дағдысы ат үстінде өткенімен қазақ халқының киіну мәдениеті өте ерекше болған. Зерттеушілердің жазуынша, сонау сақ, үйсін, ғұн дәуірінің өзінде-ақ бабаларымыз жібек, атлас секілді қымбат матадан тігілген киімдер киіп, асыл тастармен көмкерілген әшекейлер таққан. Мәселен, бір ғана Кеген өзенінің бойындағы Ақтас қонысына жүргізген археологиялық жұмыстардың өзі үйсін тайпаларының жүннен, бағалы аң терілері ғана емес жібектен тігілген киімдер кигенін көрсеткен.
Енді осы зерттеушінің еңбектерінде кездесетін кейбір ұлттық киім түрлеріне назар аударсақ:
Тымақ – ерлерге арналған бас киім, жаздық және қыстық болып бөлінеді. Жаздығы жеңіл, көбінде қара, қызыл елтірімен немесе пұшпақпен жұрындалып жасалады. Қысқы тымактын киізі қалыңырақ етіліп, түлкі, қарсақ, сенсең сияқты өскін жүнді аң немесе мал терілерінен жасалады. Сондықтан терісіне карай мұндай тымақтарды «елтірі тымақ», «түлкі тымақ», «пұшпақ тымақ», «қарсақ тымақ», т.б. деп атайды. Тымақ жасауда әр жүздің, ру-тайпаның, жергілікті орындардың өз үлгілері болады. Оларды жұрт «арғын тымақ», «найман тымақ», «керей тымақ», «жалайыр тымақ», «торғай тымағы», «семей тымағы» деп атайды. Қазақ ұғымында тымақ – қасиетті баскиім. Оны айырбастауға, жерге тастауға болмайды, оны іліп қою керек, оған аяқ тигізу, аяққа басу адам басын кадірлемегендік, әдепсіздік есептеледі. Әйгілі адамдардың тымағы, тақиясы атадан балаға мұра ретінде сақталады.
Бөрік – қазақтың ертеден қалыптасқан ұлттық баскиімі. Оны бағалы аң терісінен және жас төлдің елтірісінен тігеді. Оның да жаздық және қыстық түрлері болады. Терінін түріне қарай бөрікті әртүрлі – құндыз бөрік, сусар бөрік, кәмшат бөрік, жанат бөрік, түлкі бөрік, елтірі бөрік тағы басқа деп бөлінеді. Оны ерлер де, қыздар да киеді.
Тақия – ерлердің жеңіл баскиімі. Тақияның түрлері көп: биік төбелі, тегіс төбелі және үшкір төбелі тақия,т.б. Ерлер киетін тақияда теңге, моншақ, тана болмайды. Оның есесіне олар «мүйіз», «ат ерін», «шырмауық» сияқты өрнектермен кестеленеді.
Айыр қалпақ – ер адамдарға арналып киізден тігілетін жеңіл бас киім түрі. Айыр қалпаққа жұқа етіп басылған ақ киіз пайдаланылады. Айыр қалпақ екі бөліктен тұрады. Қалпақтың төбесі және қайырмасы деп бөлінеді. Қайырмасын кейде етегі деп те атап жатады. Сәнді болуы үшін қалпақ етегінің астыңғы жағын кей кездері қара барқытпен көмкеріп тігеді. Сол секілді қалпақтың төбе жағына қара немесе басқа да түсті шашақтар қосып, төбесінің төрт жағын әртүрлі жібек жіптермен әдіптейді.
Жұқа киізден жасалған айыр қалпақтар басқа жеңіл әрі өте сәнді болып шығады. Басты терлетпейді. салқын болып шығады. Соңғы кездері шеберлер айыр қалпақты түсті-түсті киіздерден құрастырып тігіп жүр.
Малақай (құлақшын) – ерлердің көбіне қыс маусымында киетін баскиімі. Оны құндыз, қарсақ, түлкі, суыр, жанат, сусар, бұлғын секілді тағы басқа да бағалы аң терісі және лақ, қозы, бұзау және құлын секілді мал төлінің елтірісінен тігеді. Малақай екі құлақ және артқы жақ бөлік және екі құлақтан тұрады. Малақай бас киімін ерлер ғана емес әйелдер де кие береді.
Сәукеле – әйелдердің бас киімі. Сәукелені ұзатылатын қыздар мен оның жанында еріп жүретін құрбылары киеді. Сәукеле тəж, құлақбау, төбесі және артқы бой деп аталатын негізгі бөліктерден тұрады. Ұзатылатын қызға дайындалатын сәукеле киімінің төбе жағы қиық яғни конус пішіндес болып келеді. Төбесіндегі аталатын жартылай дөңгелек айдарды «ТӘЖ» деп атайды. Оны алтын жіппен әшекейлеп, алтын-күміс секілді асыл тастар тағып, меруерт, маржан, теңге секілді әшекейлер тағылады.
Сыртқы жағын торғын, дүрия және қамқа секілді қымбат маталармен тыстайды. Сәукелені әшекейлеп сәндеу үшін оның түрлі түсті маталардан жасалған тысының сыртынан зерлі жіптерден тоқылған оқалар басылады. Олар белдеулеп айналдыра басылады. Сәукеленің етек жағы мақпал мата не болмаса қара барқытпен көмкеріліп, әдіптеледі. Сол секілді маңдай тұсына да зер немесе жібек шашақ шоқтары қосылып тігіледі. Зерлі шашақтардың сәукелеге ұласатын тұсына асыл тастардың бірінен көз орнатылады. Ол алтын немесе күміс түйреуіштермен бекітіледі. Сәукеленің сыртынан зерлі шашақты, ерекше әшекейленіп тігілген жібек мата жабылады. Ол сәукелені түгелдей жауып төгіліп тұруы тиіс. Ол кәдімгі көйлектің етегі секілді жер соғып сүйретіліп тұрса да жарасымды көрінеді. Айтпақшы шеберлер сәукелеге қосымша ұзын етіп құлақбау тағып жатады. Оның шет-шеті де шыр айналдырыла зерлі жібек жіптермен жалғанып көмкеріледі. Түп жағына сәнді түйреуіштер түйреледі. Қазіргі кездерде кейбір өңірлерде жаңа ұзатылып бара жатқан қалыңдықтың басына сәукеле емес желек немес ақ орамал жабатын салт бар.
Жаулық – әйелдерге арналған бас киім түрі. Ол көбіне ақ жібек пен ақ түсті матадан тігіледі. Жаулық жеке киілмейді. Кимешектің сыртынан тартылады. Жаулық тартылу түрлеріне қарай «күндік» және «қарқара» деп бөлінеді. Жаулық түгелдей енімен алынған немесе енжарма матадан ұзындығы бір-екі метр етіліп қиылып, шеттері бүріліп тігіледі.
Жаулықты қарқара етіп тартканда әйелдер оның бір ұшын көбіне желке тұсқа қарай сәл шығарып қояды да, басқа қалған шетін кимешек орамасының сыртынан айналдырып, шаш ұштарын көрінбейтіндей етіп орап қояды. Жаулықтың көлеміне қарай қарқара да әртүрлі формада болып жатады. Ал күндік деп аталатын жаулықтар кимешек орамасының сырт жағынан жартылай орама түрінде тартылып жатады. Күндіктің маңдай жағындағы үшбұрыш қаттама күн қағар ретінде қолданылады. Яғни бетке күн түспес үшін еңкейтіп сәл түсіріп қояды. Күндіктің желке тұсы қарқараға оралатын жаулыққа қарағанда ұзындау әрі етек жағы әйелдердің арқасын толық жауып тұруы тиіс. Күндік жаулыкты алтын-күміс түйреуіштермен түйреп бекітіп қояды.
Әр жердің өзіне тән қалыптасқан жергіліктідәстүріне қарай әртүрлі етіп әр үлгіде тартылады. Кей жерлерде әйелдердің басқа салатын желектерін де «жаулық» деп қояды. Ол қарқара жаулыққа қарағанда кішірек болады.
Кимешек – қазақ әйелдерінің баскиімі. Оны ақ бәтес немесе ақ торғыннан дайындайды. Кимешектің басқа киетін жағы ашық етіп жасалады. Артқы жақ етегі әйелдің сауырын, алдыңғы жақ етегі омырауын, екі жағы иықтарын жауып тұрады. Кимешек бетінің екі жағы тамаша зер жіптермен немесе қызылды-жасылды жібек жіптермен кестеленеді. Шет-шетіне оқа бастырылады, әсемдеп көркемдейді. Әдетте кимешекті жалаң өзін кимейді. Үстіне шылауыш тартып, біртұтас кимешек-шылауыш ретінде киеді. Сонда ғана ол жарасымды баскиім болады. Шылауыштың шеттеріне салпыншақ үзбелер, маржандар тағады. Мұның өзі жас әйелдің көркін онан ары арттыра түседі.
Шылауыш – кимешектің сыртынан киетін, ақ бәтес немесе ақ жібектен жасалған (тігілген) әйелдердің баскиімі. Қазақта әр жердің, әр елдің өзіндік шылауыш тарту тәртібі, үлгісі болады. Келін түсіп біраз мезгіл өткеннен кейін келіншектің желегін алып кимешек-шылауыш кигізу салты өткізіліп отырған.
Тон – қазақтың ежелден келе жатқан ұлттық киімдерінің бірі. Тон көбіне кұлынның терісінен тігіледі. Тонның негізгі екі үлгісі болған қазақ даласында. Соның біріншісі – тік тон деп аталады. Екінші түрі – бүрмелі немесе бүрме тон. Тік тондардың екі өңірі сондай-ақ артқы жағы күпі немесе шапан тәрізді тұтастай пішіліп алынады.
Ал бүрме тондардың екі өңірі және артқы жағы бөлек пішіліп алынады. Сол секілді кеуде тұсы мен сі етектері де тура солай бөлек пішіліп кесіледі. Тонның бұл түрінің кеудесі мен етегін қосып тігіп алады да артынша бүріп қайта қондырады. Етек тұсы кеуде жағына қарағанда кеңдеу өлшеніп пішіледі. Мұндай тон белінен бүрме шығатындықтан, оны шеберлер «бүрме тон» деп атап кеткен. Бүрме тондар тік түріне қарағанда біршама сәнді көрінеді.
Тонға көбіне жұмсақ аң терісінен кейде елтірі, сеңсең түрлеріне жаға салынады. Сол секілді етек жағы мен өңірі, жеңінің ұшы да сеңсең немесе елтірімен жұрындалады. Тон киімін әдемілеп сәндеу үшін екі өңірі мен етегі кестеленіп, жеңiне жiбек жіптер үйлестіріледі.
Құлын терісінен тігілген тондар «тайжақы» деп те аталады. Бір айта кетерлігі, Тайжақының жүні сыртына қаратылып, керісінше тігісі іші жағына қаратыла тігіледі Мұндай тон сәнді болуы тонның арқа тұсы мен екі жеңінің үстінгі жағына құлынның жалы келтіріледі. Мұны көбінде балаларға арнап жасайды. Балаларға арналып тігілген Тайжақыға астар қолданылмайды.
Қазақ тондарының ішіндегі ең қымбаты – қамқа тон саналады. Бұл тон түрі де екі түрлі жолмен пішіліп, тігіледі. Қамқа деп аталып жүрген бұл тон түрі көбіне жұмсақ әрі жылтыр аң терісінен тігіледі. Яғни жылтыраған түгі сыртына қаратылып тігіледі.
Қамқа тонның екінші түрі зерлі жіптерден тоқылған матадан дайындалады. Тонға қажетті зерлі жіптер үшін алтын және күміс түстер таңдалынады. Қамқа тон халық арасында өте жоғары бағаланған.
Шапан – қазақтар арасында ең көп таралған киім түрі. Шапанды тек қазақ қана емес Орта Азия халықтары да өздерінің ұлттық киімдері ретінде санайды. Шапан арасына жүн немесе мақта салынып сырылып тігіледі. Астарланады. Кейде ауа-райына баланысты қос астар қолданылады.
Шапанның тік жағалы және қайырма жағалы деген түрлері болады. Шапан дайындалу түрлеріне қарай, қималы, қаптал және сырмалы, оюлы шапан деп бөлінеді.
Оюлы шапан мен қималы шапанды көбіне қыз-келіншектер киеді. Әйелдерге арналған шапандар ерекше үлгімен тігіледі. Етек-жеңі, өңірі мен жағасы зермен оқаланады. Материал ретінде түрлі-түсті маталар мен қымбат масатылар таңдалып алынатын болған. Сол секілді түимелердің орнына қапсырма пайдаланылады. Қапсырмаға асыл тастар орнатылып, қапсырманың өзі алтын-күміспен қапталады.