ЖЕЛТОҚСАНШЫҒА АРНАЛҒАН СЫНЫП БҰРЫШЫ АШЫЛДЫ

1  780 көрілім

Түркістан қаласы «Тұран қырандары» қоғамдық ұйымының ұйымдастыруымен М.Абенова атындағы жалпы орта мектебінде Желтоқсан оқиғасына қатысқан Жанат Жұмаділлаевағ арналған сынып бұрышы ашылды. 1986 жылғы желтоқсанында «әр ұлттың өз басшысы болуы керек» деген ұстанымды ұстап, алаңға шыққан жастардың қатарында Жанат Аязбайқызы да болды. Бүгінде осы білім ордасында география пәні мұғалімі болып қызмет атқарып жатқанына 32 жыл. Айтар сыры мол жан өткен шақты былайша есіне алды:


– Мен ол кезде Қыздар педагогикалық университетінің 5 курс студенті едім. Оқиғаның болуының басты себебі елімізді 70 жыл бойы басқарып келген Дінмұхаммед Қонаев атамызды бар жоғы 18 минуттық пленумда алып тастауы. Оның орнына қазақтың тілін, сырын білмейтін Геннадий Колбинді қоюы болды. Университет маңында бір сәтте жастар толып кетті. Барлығы қатты толқуда болды. Ол күн 17 желтоқсан еді. Бір сәтте танитын, танымайтын жастар барлығымыз «Менің Қазақстаным» әнін айтып, қазіргі Желтоқсан (бұрынғы Брежнев) көшесі алаңына қарай жаяу бардық. Қазақ қыздары ер азаматтарымыздың қызу қанды екенін ескере келе алғы шепте өзіміз жүрдік. Ұл балаларға басу айтып, бұл бейбіт шеру екенін түсіндірдік. Ол кезде дала ызғарлы қарлы еді. Бір сәтте ит жетектеген солдаттар келіп, қардың үстіне су шашып, адам жүре алмайтын мұз айдынына айналды. Кейін сол шеруге қатысқан жастарды абақтыға жапты. Менде 15 күн түрмеде болдым. 15 күнім 15 жылдай болды. Алғашқы уақытта бізді ешкім елемеді. Қадірімізге де жетпеді. Қылмыскерлер деп ойлады. Бұл желтоқсан оқиғасы 1991 жылғы Тәуелсіздіктің негізі деп сенемін. Себебі сол көтеріліс болмағанда бейбітшілігіміз бен тәуелсіздігімізді жариялай алмайтын едік,- деді Жанат Жұмаділлаева.


Жиын барысында «Тұран қырандары» қоғамдық ұйымы мүшелері өткен шақты еске алып, ызғарлы күннің қиыншылықтарымен бөлісті. Желтоқсаншылар бүгінгі өскелең ұрпақ бейбіт күнді бағалап, Тәуелсіз еліміздің гүлденуі жолында аянбай еңбек етсе деген ниеттерін білдірді.
Шынар ӘДІЛХАНҚЫЗЫ,
«Түркістан».
Суреттер автордікі

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы