5 желтоқсан – Халықаралық еріктілер күні Біріккен Ұлттар Ұйымының бастамасымен 1985 жылдан бері тойланып келеді. Бұл мереке халықаралық мәртебеге ие және көптеген елдерде атап өтілуде. Еріктілер күні аясында «Ұлы дала елі» орталығында қала әкімі Нұрбол Тұрашбеков шаһардағы еріктілер мен түрлі жастар ұйымының басшыларымен кездесті.
Шаһар басшысы жиынға қатысушылармен «Түркістан – еріктілер қаласы» тақырыбында еркін форматта сұхбат жүргізді.
Басқосуда алғы сөз алған қала әкімі Нұрбол Тұрашбеков жас толқынның қала дамуында алар күшіне назар аударды.
– Жастар қоғам дамуының маңызды қозғаушы күші. Қаладағы атқарылған жұмыстар мен жүзеге асатын жоспарлардың барлығы Сіздердің жарқын болашақтарыңыз үшін. Түркістанның қауіпсіздігі мен тазалығында әрі қайырымдылық ісінде әрқашан белсенді еңбек ететін ерікті жастарымыздың көптігі көңіл қуантады. Осындай жалынды тұрғындарымыз үшін әрқашан қолдау болады, – деді шаһар басшысы өз сөзінде.
Сұхбат барысында қала еріктілерінің жыл басынан бері атқарған жұмыстары баяндалып, өздерін толғандырған бірқатар маңызды мәселелерді атап өтті.
Айта кетсек, Түркістан қаласында 8 еріктілер ұйымы болса, еріктілер саны- 440 құрайды. Солардың бірі Түркістан жоғары медицина колледжі Жастар ұйымының төрағасы, «Жүрек жылуы» еріктілер клубының жетекшісі Алтай Рамазан еріктілердің қоғамдағы орны жайлы ой-пікірін білдірді.
– Жалпы, ерікті болу – қиын және кейде шаршататын, бірақ әрқашан ризашылық білдіретін жауапты жұмыс. Сондықтан, бұл күні бүкіл әлем бойынша еріктілерді құттықтап, құрметтеп, осы игі еңбекті насихаттайтын адамдарға ерекше ілтипат білдірген жөн деп ойлаймын. Бұдан бөлек, осы күнге орай ұйымдастырылған қала әкімінің еріктілермен кездесуі бірқатар өзгерістерді жүзеге асырудың маңызды тетігі болып табылады. Осы орайда, қала басшысына жастардың басын қосып, «Түркістан еріктілері» ассоциациясын құру керектігін айттым. Сондай-ақ, шаһардағы 6 секторда еріктілер филиалын ашып, еріктілерді қалалық әкімдіктегі дербес бөлімдерге кеңесші ретінде тағайындаса деген өзекті ұсыныстарымды жеткіздім.
Аталмыш жиын келушілердің ұсыныстары мен сауалдарын талқылаумен аяқталды.
Азамат ӘЛІБЕК.