«ҚАРЫЗСЫЗ ҚОҒАМ» ЖОБАСЫ ТҮРКІСТАНДА ҚАЛАЙ ЖҮЗЕГЕ АСУДА?

457 көрілім

Соңғы үш жылда Қазақстанда тұтыну несиесін алғандар саны артқан. Бүгінде халықтың 84 пайызында қарыз бар. Соның ішінде шағын микроқаржы ұйымдарынан 197 млрд теңге онлайн-қарыз рәсімделген. Соңғы бір жарым жыл ішінде бұл көрсеткіш 27 пайызға өскен. 90 күннен кешіктірілген қарыз көлемі – шамамен 1,4 трлн теңге. Яғни, 1,7 миллион адам қарызын уақытылы төлей алмай отыр деген сөз. Мұны азайтуға 2019 жылғы кредитті кешіру науқаны көмектескен жоқ. Бұл туралы жақында ғана парламенттік тыңдауда Ерлан Қошанов мәлімдеме жасады. Халықтың шамадан тыс несие алуын азайту және қаржылық сауаттылықты арттыру туралы тез арада жүйелі қадам жасалмаса, қиынға соғатынын ескерткен болатын.

Біздің елде қарызға өмір сүру үй­рен­шікті жағдайға айналып кеткені соншалық, эко­номикалық белсенді қауымның 80%-ның басында бірден, екіден, тіпті үштен не­сиесі бар. Бір қарағанда, бұл адамның жеке басының ісі сияқты, бірақ, түптеп келгенде, ол – мемлекеттің әлеуметтік-экономикалық тұрақтылығының ең көкейкесті мәселелерінің бірі. 2019 жылы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен кепілсіз тұтынушылық қарызы бар 500 мың адамның жалпы сомасы 300 мың теңгеге дейін негізгі берешегі мен оған есептелген өсімақы қарыздарын өтеуді мемлекеттің өз мойнына алуының бір сыры осында болатын.

Осыған байланысты, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында азаматтардың қаржылық сауатын арттырудың маңызын тілге тиек етіп, биылдан бастап «Қарызсыз қоғам» жобасын іске қосқан болатын. Бүгінде осы жоба асында 50 мыңнан астам отандасымыз қаржатын тиімді басқаруды және шығындарды оңтайландыруды үйренген. Мәселен, несиені қай банкте рәсімдегені немесе несие шартының түпнұсқасы қайда жатқаны көп адамның есінде жоқ. Жобаның кеңесшілері азаматтарға банктер мен шағын қаржы ұйымдары алдындағы мерзімі өткен берешектерді реттеу бойынша кеңес береді, әрі қарай бизнесті жоспарлауға және жұмысқа орналасуға көмектеседі екен.

Жалпы, «AMANAT» партиясы Halyk bank-пен бірге халықтың қаржылық сауатын арттыруды көздейтін «Қарызсыз қоғам» жобасы Түркістан облысын да қамтыған болатын. Мысалы Түркістан облысы бойынша «ҰЛЫ ДАЛА» ауылдық бизнесті дамыту қауымдастығының төрағасы, қаржыгер Жандос Азимбай жоба аясында тренинг өтіп, қаржылық сауаттылық бойынша дәріс оқыған маманның бірі. Ол бастапқыда тренинг сабақтарға қатысушылар саны аз болғанын, бертін келе қызығушылық артқанын айтады.

Жандос Азибай, қаржыгер

«Түркістан облысы бойынша «қарызсыз қоғам» жобасы аясында тренинг дәрістерін бастап кеттік. Жалпы түсінгенім, оңтүстік өңірі қаржылық сауатқа шөлдеп тұр. Олар жоба аясындағы әр дәріске мұқият көңіл бөліп, кейде регламент бойынша аяқтау керек сағатымызды одан әрі созуға мәжбүр боламыз. Бір қызығы біздің бірнеше күндік сабағымыздың алғашқы дәрісіне адам аз келеді. Алайда ертесіне қатысушылар саны көбейеді. Демек, жоба аясындағы сабақтар көпшіліктің көңілінен шығады деген сөз» – дейді қаржыгер.

Республикалық жобаның алғашқы легінде 40 463 адам қаржылық сауаттылық бойынша оқуды аяқтап шыққан екен. Ал олардың басым бөлігі Түркістан облысынан қамтылған. Қаржылық тренер Жандос Азимбайдың айтуынша, семинарға қатысатындардың үштен бірінен астамы көп балалы аналар.

«Жобаға қатысушылардың басым бөлігінің екіден астам несиесі бар және олардың мерзімі өтіп кеткен, алған несиелерін өтеуде қиындықтарға тап болып отыр. Бұл жағдайдың басты себебі – халықтың қаржылық сауаттылығының төмендігі. Оқу курсы барысында жобаға қатысушылардың 82%-дан астамы алынған несиелер бойынша артық төлем сомасы және жоғары пайыздық мөлшерлеме бар екенін оқып жатқанда ғана білді. Бірақ бір қуантарлығы жобаға қызығушылық танытатын көбіне әйелдер. Себебі ер адамға қарағанда әйел адам ақшаны үнемдеу, тиімді жұмсауға бейім келеді. Бізге әр отбасыдан кем дегенде бір адам қатысса соның өзі үлкен жеңіс. Түркістан облысы менің пайымдауымша ең белсенді аймақ. Себебі мұндағы әр тұрғын білсем, көрсем, түсінсем екен деп талпынады. Қаншама аймақта қаржылық сауат бойынша сабақ бердім, бірақ оңтүстік тұрғындар ешнәрсеге бей-жай қарамайды» – дейді Жандос Азимбай.

Түркістан қаласында қаржылық сауат курсынан өткендердің бірі Айнагүл Орынбасарова. Ол жобада тың ақпараттармен танысып, пайдаға жаратқанын айтады. Алайда жоба аясында берілетін сертификатты ала алмаған.

«Осы жобаға қатыса отырып, өз қаражатымды тиімді жұмсауды, артық шығындарға ұрынбауды, сонымен қатар белгілі бір деңгейде отбасылық кіріске жоспар жасап, оны жоспарлы түрде жұмсау секілді дүниелерді үйрендім. «Қарызсыз қоғам» жобасы әсіресе қарапайым адамдар үшін өте қажетті жоба дер едім. Мен өте кеш біліп қалдым. Нақтырақ, курстың соңғы 1 күндік сабағына ғана қатысып, сертификат ала алмай қалғаным болмаса, бәрі жақсы» – дейді, қатысушы.

Жоба аясында берілетін сертификат туралы Жандос Азимбайдан сұрап көрген едік, оған кез келген қатысушы қол жеткізе алмайтынын айтты.

«Әрине біздің сертификаттарды кез келген адам оңай алып кете алмайды. Біз оны жобаға толық қатысқан, үзбей үй жұмыстарын орындаған, бірнеше күндік семинарға қалмай келгендерге ғана береміз. Себебі оның да өз жауапкершілігі бар. Жоба барысында бір-ақ күн қатысып, сертификат талап ететіндер көп. Ондай адамдарға, егер сен курстың мәнін түсінбей, қаржылық сауатыңды шын мәнінде арттырмасаң бір жапырақ қағазды алып қай деңгейге шығасың деп айтқым келеді. Алмақтың да салмағы бар деген керемет аталы сөз бар емес пе, сол секілді сертификатты да лайықты адамдар алады» – дейді қаржылық сауаттылық бойынша сабақ беретін жаттықтырушы.

Облыс деңгейінде қолға алынған жобаның бір күндік семинарына қатысып көрдік. Жобаның шын мәнінде пайдасы бар немесе жоғын анықтау мақсатында ешкімге ескертпей, курсқа қатыстық. Жаңадан қосылған қатысушы ретінде тізімге тіркеліп, соңына дейін бақыладық. Біз жоба аясындағы семинардың екінші күніне түсіппіз. Курсты қаржы сарапшысы Аслан Нағашыбайұлы жүргізеді. Сабақты бастамай тұрып, қаржыгер үй тапсырмаларын сұрап, аудиторияны бір сергітіп алды. Әу баста бір сағат деп жоспарланған семинар екі сағатқа ұласты. Себебі қатысушылар қаржыгер көрсеткен жүйе бойынша өз шығындарын есептеп, болашаққа жоспар құрып, қызу талқыға түсті. Соңында өзге қатысушылармен жарыса кіріс-шығысымызды есептеп, беріліп кеткеніміз сонша, бастапқы миссиямызды қалай ұмытып кеткенімізді байқамай қалдық.

«Қарызсыз қоғам» жобасы аясында биыл оқыту 8 өңірде жүргізілсе, енді ол бүкіл еліміз бойынша, тек ауылдарда ғана емес, аудандық, облыстық және республикалық маңызы бар қалаларда да қолжетімді болады екен. Келер жылы барлық орта мектептердің бесінші сыныбынан бастап «қаржылық сауаттылық» қосымша пән ретінде оқытылады дейді үкімет. Осылайша қарызсыз қоғам қағидатына жақындай түсетініміз анық. Алайда алғашқы әрі соңғы қадамды жасау өзімізде екенін ұмытпайық.

Ғалия БИСЕЙІТ.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы