Қазақстанда мекендеген б.з.д. V-ІV ғғ. сақ тайпаларының молаларын зерттегенде сырты аң стилімен бедерленген айналар табылған. Көне түсінік бойынша айна сиқырлы күшке ие зат болып саналып, айналарды құрбан шалу тастары мен әшекей бұйымдарымен қосып мәйітпен бірге көметін болған. Сарматтар оларды әдейі сындырып молаларға көмген. Ежелгі көшпенділерде айнаны сындыру дәстүрі белгілі бір мән-мағынаға ие болғаны мәлім. Олардың кейбірі отпен күйдірілетін болған.
Орталық Азиядан табылған мұсылман айналарында негізінен бірыңғай сюжет түрінде қарамақарсы орналасқан фантастикалық жаратылыстар – жұп сфинкс бейнеленген. Сфинкс – бейнесін насихаттау жайдан жай емес. Ежелгі және Ортағасырлық дәуір лерінде жергілікті тұрғындардың сүйікті бейнелері болған. Бұл тұрғыдан олар сфинкс бейне сі арқылы әлдебір жанды мақұ лықтың қасиеттерін табиғат құбылыстарын жанды зат бейнесінде етіп көрсеу және жақсылық пен жамандықты дуализммен ұш тас тыру арқылы көрсетеді. Айналарды біреуге беретін сыйлық ретінде тұрмыстық қажеттілікке жатқызғанымен, олар дың иесіне берілетін магиялық сиқырлары және қорғау мейірбанды қасиеті бар сакралды маңызға ие зат ретінде қараған. Қазақстан аумағындағы Текеліден табылған айнада әйел бастары бейнеленген. Ал қытайлар болса, қола айна адамдарды аурудан сақтайды деп есептеген. Айналар Қытайда 4 мың жыл бұрын пайда болған. Олар ауру-сырқау жын-албастылардың басынуынан деп ойлап, қола айнаның жарқыраған сәулесі жын-албастыларды қуалайды деп сенген. Сондықтан, шаман – бақсылар ауруды емдегенде қола айнамен науқастың ауырған жерін тарайтын болған. Қытайда қола айналарды жасау кең көлемде дамыған. Олардың ерекшеліктері – айна бетіне әр-түрлі ою-өрнектер мен жазуларды түсіреді. Қытайда қола айналардың қолданылуы мен оның басты нысанасы пәле-қазаны аластатып, әділет орнату деп түсіндірген. Шын дап қарағанда қола айна тек бет көрсететін аспап қана емес, оны Қытайдың қоғамдық өмірі мен мәдениетін әлемге кеңінен таратып жатқан мәдени тасымал құралы деп қарауға да болады. Қытай айналары Ұлы Жібек жолының ашылуына байланысты құнды мәдени зат ретінде Орталық Азия өңіріне кеңінен тарала бастайды. Айна Орталық Азия өңірінде жергілікті тұрғындардың ерекше сұраныстарына ие болған. Бұған осы өңірде жүргізілген археологиялық қазбалар барысында толассыз табылған жәдігерлер дәлел. Оған Ертіс бойындағы Шемо найха ауданындағы қорымдардың ішінен археолог Ф.Арсланова тапқан айнаны айтуға болады. Қазір бұл жәдігер Өскемен дегі мұражайда сақтаулы. Бұл қола айнада айдаһар туралы көне түркі жазуы бар. Жазуды оқы ғанда «жебеуші жирен қызыл айдаһар» деген мағына берген екен. Демек, айдаһардың бейнесі адам санасында құдіретті дүлей күштің иесі ретінде танылып, қытайлар айдаһарға барынша табынған. Батыс Қазақстан облысындағы Елек өзені бойынан да көшпенділердің қорғанынан ІХ-Х ғ.ғ. тән шеңбер түріндегі Қытайдың қола айнасы табылған. Оның өлшемі 17,1 см қалыңдығы 0,2-0,3 см Бұл айнаның жиегінде дөңгелене мәтін жазылған. Тақырыбымызға арқау болып отырған музей қорындағы Түркістандағы Қытай қола айнасы деп отырған айнамыз 1997- 1998 жылдары, Ескі Түркістан қаласының Тоған қазбасының төртінші құрылыс қабатынан табылған болатын. Қазір айна музей қорының құнды жәдігерлерінің бірі ретінде «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік музейі ӘСММ КК 980/ АБ-қл-418 номерімен тіркеулі. Айнаның диаметрі 13 см, ол сары түсті қоладан жиектері сегіз жапырақты болып келетін формада құйылған.
Ортасындағы сабы сынып қалған. Айнаның адам беті көретін беті сақталмаған, сыртқы бетінде сынған саптың орнын айналдыра бұлттар арасында ұшып жүрген екі қасиетті айдаһар бейнесі бедерленіп салынған. Олардың төменгі жағына үш аяқты құрбандық шалатын қасиетті ыдысы «трипод» бейнеленген. Бұл қола айна туралы т.ғ.к. М.Тұяқбаев Түркістан облысында бұрын айдаһар бейнелі айналар кездеспегендігін, айнаның шамамен ғасырларын анықтау үшін Е.И.Лубо-Лесниченконың «Привозные зеркала Минусинской котловины» деген кітабына жүгінгендігін және осыған ұқсас ХІ-ХІІ ғғ. тән айна Краснояр өлкетану мұражайында сақтаулы тұрғандығын айтады. Сондай-ақ, ол айнаның ғасырлары ХІ-ХІІІ ғасырлармен мерзімделгендігін, бірақ оның жиегі сегіз бөлікке бөлінбей тегіс шеңбер түрінде жасалғандығын және диаметрі 9,5 смге ғана тең екендігін, бұған қоса, онда құрбандық шалу ыдысы мен жер бетінің бедері түсірілмегендігін айтады. Айна сыртындағы бедерленген айдаһардың бейнесіне қарап, жергілікті шеберлердің жасаған көшірмесі деуге де болады. Айнаның түпнұсқа екендігін дәлелдеу үшін спекторлық анализ жасату қажет. Үржар ауданынан Қытайдың VІІ-Х ғғ. тән қола айнасы қазбадан табылған болатын. Қазiр ол Эрмитаждағы шығыс бөлiмi қорында сақтаулы тұр. Бұл қола айнаның жасалуы технологиясы Қытайдiкi болғанымен, оның сыртына көне түркi таңбалары бедерленген. Бұған қарап ерте орта ғасырларда Түркі мен Қытай мәдениетінің бір-біріне еткен әсерін байқаймыз. Үржардан табылған қола айна шеңберінің диаметрі – 13 см. Айна Тан әулеті заманында жасалынған. Сипаттамасында «Айнаның сырт жағы сегіз жапырақшадан тұратын лотос гүлінің формасындай болып жасалынып, лотос гүлді табақшаның ортасында өсімдіктің, құстың бейнелері бұдырлана салынған деп суреттелген. Түркістаннан табылған айнаның сыртындағы бедерлі суреттері сәйкес келмегенімен өлшемдері мен сегіз жапырақшадан тұратын пішіндері өте ұқсас. Оған қоса, Түркістаннан табылған қола айнаның ХІІІ ғасырдан сол кезде айнаны реставрация жасаған Қ.Қошқаровтың айтуынша оның сынып қалған сабының бірнеше рет қола сияқты ақ металмен қайта дәнекерленгені байқалған яғни, айна ұзақ уақыттар бойы қымбат та қасиетті зат ретінде ұрпақтан ұрпаққа өтіп, бірнеше жөндеуді бастан кешіріп, кейінгі ғасырларға жеткен Қытайдан әкелінген айна болуы керек деп жорамалдаймыз. Әйтседе, бұл айна Қытайда жасалды ма, әлде жергілікті ұсталар жасады ма деген сұраққа жауап беру үшін әлі де терең зерттеулер қажет екендігі мәлім. Тақырыбымызға арқау етіп музей қорындағы ерекше жәдігерді зерттеу барысында, адамдар айналарды ерте замандардан пайдаланғандығын және қажетті зат ретінде тіпті алыс шетелдерден сатып алғандарына көз жеткіздік. Сонымен бірге Қазақстан тарихы мен мәдениетіне қызығушылық білдіріп, мұраларымызды ұлықтап, оның көп көлемде танылуына үлес қосам деушілерге мәлімет бердік.
Әшіркүл ЕГЕУБАЕВА, қор сақтау бөлімінің қызметкері