ТҮРКІСТАН: «БАЛА ЕРТЕГІНІ ТЫҢДАП ӨСУІ КЕРЕК…»

243 көрілім

Отбасы – рухани жаңғырудың негізі, ұрпақ тәрбиесінің қайнары. Әр бала атаның қанымен, ананың сүтімен келетін туабітті қасиеттер сияқты ұлттық рухани құндылықтарды да ең алдымен отбасында ата-ананың тәрбиесімен бойына сіңіреді. Бүгінде қоғамда құны құлдырап бара жатқан отбасы құндылықтарының маңызы, оны сақтап қалудың жолдары туралы, ұрпақ тәрбиесінде жіберіп жатқан кем-кетіктері жайлы көптеген анимациялық және көркем, деректі фильмдердің режиссері, «Қазақстан аниматорларының ассоциясы» қоғамдық ұйымның төрағасы, «Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министірлігінің» жанында құрылған киномамандарының көркемдік кеңестің мүшесі, «Қазақ елі», «Қанатты барыс» және «Сапа олимпиадасы», «Қазақстан бренді»,  анимациялық фильмдері үшін 2008 жылы «Ең үздік режиссер-аниматор» диплом, марапаттарының иесі, сонымен қатар, «Киелі Қазығұрт» қоғамдық қорының және журналистер одағының белсенді мүшесі және 60-тан аса әндерге сөз жазған, «Бөбек» қоры жариялаған балаларға арналған әндер мен ертегілердің авторы ретінде арнайы сыйлыққа ие болған Дәуренбеков Батырхан Қалдарбекұлымен әңгімелескен едік.

– Батырхан Қалдарбекұлы, біздің жазылмаған дала заңымызда «әже институты», «ақсақалдар алқасы», «әке мектебі» сынды ұлттық ұғымдардың бар екенін өзіңіз де білесіз. Бүгінде осы құндылықтардың қоғамдағы орны қай деңгейде? Аталған мектептердің кейінгі ұрпаққа қаншалықты қажеті бар деп ойлайсыз?

«Мен үш нәрседен қорқамын. Өзінің сәбиіне бесік жырын айта алмаған анадан, өзінің немересіне ертегі айта алмаған ата мен әжеден, екі қазақтың бір-бірімен орысша сөйлесіп тұрғанынан қорқамын»,- дейді ғой Бауыржан Момышұлы. Қазіргі таңда сіз сұрап отырған ұлттық ұғымдар, яғни аталар мен әжелер институты жоқ деуге де болады. Себебі, бүгінгі ата-әже атанып отырған азаматтар немерелеріне азық болар әңгіме айта алмай, «кезінде әжеміздің даналығын мән беріп тыңдамаппыз ғой, жазып алмаппыз ғой» деп сан соғып отырады. Расында да бұрынғы кезде отбасындағы бүкіл тәрбие жүгені ақ жаулықты әжелердің қолында болды ғой. Бұл бір жағынан дұрыс қалыптасқан үрдіс. Себебі ер адамдар бала-шағаның нәпақасын тауып, түзде жүретін болған. Отбасындағы ұлды да, қызды да әжелер тәрбиелеген. Халық ауыз әңгімелерін, ертегілерін айтып, эпостық, лиро-эпостық жырларды жатқа оқып, бабалардан қалған даналық сөздерді, мақал-мәтелдерді қайта-қайта айтып, ұрпақ бойына сіңіріп, сусындатып отырған. Сосын «ұят болады», «әкең не дейді», «обал болады» деген сөздердің өзінің астарында қаншама ұлы мән, тәрбие жатыр. Біз осы ең  көркем, ең әдемі тәрбие үндестігін бүгінде үзіп алдық. Осының кесірінен де біз ұлттық құндылықтарымызды жоғалтып отырмыз деп ойлаймын. «Үлкенге құрмет, кішіге ізетті» балаға кішкентайынан үйрететіп, тәрбиесін бақылап отыратын ата-әжелер қазір жоқтың қасы.

          70 жыл Кеңес одағының құрсауында болған кезде біздің ұлттық, отбасылық құндылықтарымыздың, салт-дәстүрлеріміздің тамырына балта шабылғаны бәрімізге мәлім. Сол Кеңес дәуірінен кейін қазақта аузы дуалы, пәтуәлі әңгіме айтатын ақсақалалдарымыз азайып кетті. Жоқ дей берейікші. Себебі, қазірде ауылдағы жиындарда бұрынғыдай шешен сөйлеп, күллі өміріңе қорек болатын, ғасырдан ғасырға бұзылмай жететін даналық сөздерді айта алатын қариялар жоқ. Әрі кетсе ауылдың, күнделіктің күйбең тіршіліктің әңгімесін ғана қозғай алады. Енді осы жерде «бұдан былай ондай аузы дуалы ақсақалдар бола ма?» деген заңды сұрақ туындайды. Меніңше, мүмкін осы орта буыннан әрі қарай, жоғарыда айтқанымдай, айтқан сөзінен кие кетпеген ақсақалдар шығатын шығар.

          Біздің негізгі тәрбиеміздің көзі мақал-мәтелдерде, ырым-тыйымдарда жатыр ғой. Бұл мақалдардың түп-төркіні ислам дінінің шариғатынан алынған. Дінді жоққа шығарған дәуір орнаған соң, сол діни қиссаларды мақал-мәтелер арқылы халыққа жеткізіп отырған. Қожа Ахмет Яссауи де кезінде шәкірттеріне Құран сөздерін мақал-мәтелге айналдыру туралы тапсырма берген дейді. Мақал-мәтелдер сол кезден басталған екен.

          Қазіргі таңда осы айтылған әжелер институтын жандандырып, дамыту керек деп ойлаймын. Ол үшін пәтуәлі әңгіме айтатын ақсақалдарымыз көп болуы керек. Дана қарияларымыз көп болуы тиіс. Олар жас ұрпақтың бойына сіңіп, ғасырдан ғасырға жалғасатындай тәрбиелік мәні бар, қанатты, ұлағатты сөздерді айта алуы қажет. Осы айтылған мәселелер мемлекеттік деңгейде қозғалып, жаппай жүйелі үре жүзеге асыруға кірісіп кетеск, біздің заманымыз, қоғамымыз түзеледі ғой деп ойлаймын.

– Қоғамның ең негізгі айыл жимай тұрған мәселесі – ажырасу. Неке бұзушылықтың статистикасы күннен күнге өршімесе, азаятын түрі жоқ. Жалпы осы ажырасу мәселесінің көбейіп кетуіне нендей жағдаяттар әсер етуі мүмкін? Қуанышта да, қайғыда да шаңырағы шайқалмайтын, іргесі берік отбасын құрудың негізгі алғышарты қандай болуы мүмкін?

– Ажырасу көрсеткіштерінің көптігінің ең негізгі себептердің бірі – жетіспеушілік деп ойлаймын. Мысалы көптеген қолында дипломы бар мықты мамандар, мамандығы бойынша жұмысқа кіре алмай, басқа жұмыстармен айналысып, отбасын толыққаны асырай алмай жатады. Ұрыс та, керіс те түбі сол жетісеушіліктен туындайды деп ойлаймын. Егер бәрі жетіп тұрса, халықтың жағдайы көңіл көншітерліктей жақсы болатын болса, ажырасу да аз болар еді. Егер еркек өз отбасын, бала-шағасын асырауға шамасы жетпей тұрғанын біліп, шарасыз күйде қалатын болса, онда ол ажырасуға дайын тұрады. Мұндай қиындықты, жауапкерішлікті, көтере алмайтын шоқпарды белге байламай-ақ қояйын дейді де, түбі сол ажырасуға алып келеді. Әйелдер де мал таппайтын еркектермен тұра бермейді. Сондықтан да шаңырақтардың шайқалуына алып келетін ең негізгі жағдай – жетіспеушілік.

          Отбасын құрғалы отырған ер мен әйелдің арасындағы махаббат өте маңызды әрине. Бірақ, көп жағдайда жастар бір-бірінің, әсіресе жігіттің материалдық жағдайына қарайтыны жасырын емес. «Елу жылда ел жаңа» дейді ғой. Бүгінгі заман талаптарының, қоғам құндылықтарының өзгеруіне байланысты әркімнің-ақ жақсы өмір сүргісі келеді, балаларын жақсы оқу орындарында оқытқысы келеді. Сондықтан ажырасудан бөлек, қоғамымызда сүр бойдақ жастардың көбеюіне де осы материалдық құндылықтар себеп болып отыр деп ойлаймын.

          Қазір қыз-келіншектердің көбі қол қусырып отырмайды. Кішігірім болса да, қолдан келгенін жасап кәсібін ашып алады. Ал ондай әйелдерге өзінен мықты, өзінен көбірек қаржы таба алатын адам керек болады. Отбасында ер адам әйел адамнан аз табыс тапса да проблема. Бірақ меніңше, мейлі аз тапсын, мейлі көп тапсын еркектің тапқан табысында береке болады.

– Отбасы құндылықтары мен заңының ең басты мәселесі – бала тәрбиесі болып отыр. Жалпы бала тәрбиесіне отбасынан бөлек, білім беру ошақтары, араласатын ортасы және әлеуметтік желілер қатты әсер ететіні жасырын емес. Ал баланың тәрбиекөзін дұрыс таңдап, жақсы азамат болып қалыптасуы үшін қай тәрбие құралының ықпалын азайтып, қайсысына баса назар аударған жөн?

– Бұл мәселеге біз өзіміз айналысып жүрген саламыздың бағытынан назар аударатын болсақ, біз балаларға арналған мультфильимдер мен фильмдер шығарып жатырмыз. Міне, осыған біздің мемлекеттік идеология баса назарын аударып, мән беруі тиіс. Өткен жолы ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі қай салада да креативті индустрияны дамытудың қажеттілігі жөнінде сөз қозғады ғой. Жалпы кино да, анимация да ұлттық тәрбиенің негізгі көзі болып табылады. Өзіміздің ұлттық құндылықтарды түсіндіруге, салт-дәстүрімізді сақтауға, отансүйгіштікке тәрбиелеуге, еңбекке баулуға бағытталған жақсы тәрбиелік мәні бар анимациялық фильмдер мен балалар фильмдерін көптеп шығаруымыз керек. Себебі, бүгінде фильм, мультфильм қарамайтын балалар кемде кем. Шетелдің мән, мағынасы жоқ, түрлі-түсті анимацияларын тамашалап, фильмін көріп тілдерін бұрмалағанша, отандық анимацияларды насихаттау ұтымды болар еді деп ойлаймын.

Анимацияның идеологиялық қару екенін әлі сезіне алмай жатырмыз. Ұлттық өнімдер мүлдем аз. Қазақ халқы ақ найзаның ұшымен жерімізді қорғап қалған батырларымызбен мақтанамыз деп жатамыз. Шындығында тарихта болған батырларымыз туралы бірде-бір мультфильм жоқ. Кішкентай баладан Алпамыс кім деп сұраңызшы? Білмейді. Өйткені ол туралы  не мультфильм, не кино жоқ. Қазақфильм киностудиясы «Ер Тарғынды» жасап жатыр. Бірақ ол аңыз ғой.  Биліктегілер мультфильмді баланың ойыншығы деп түсінеді. Қарапайым мысал: біз сияқты студияларға мемлекет қолдау көрсетпейді. Ел болып қолдау көрсетпеген іс қалай өнбек, қалай дамымақ?

Көрші Ресей мемлекеті мұны әлдеқашан түсініп, бір ғана анимация саласына жылына 300 миллион АҚШ долларын  бөліп отыр. «Три богатырья», «Илья Муромец», «Алеша Попович», «Добрыня Никитич»  сияқты батырларын дәріптейтін толықметражды фильмдер шығару арқылы «великая русь», «русь не победимый», «наша русская сила» деген сияқты патриоттық сөздермен әсерлеп,  балала­рына өз тарихтарын танытып, орыс халқының рухын сезіндіріп, елжанды болып қалыптасуына ықпал етуде.  Алпауыт Қытай мемлекеті өз елінде шетел мульфильмдерін көр­сетуге тыйым салды. Олар өз елі­нің мәдениеті мен салт-дәстүрін өзге елдің мәдениетімен ластамайтынын ашық айтты.  Ал Қазақстанда шетелдің мультфильмдері қызу сатылуда. «Бала тәрбиесі – бесіктен» десек, қазіргінің бесігі теледидар болып отыр ғой. Теледидарға тел­мірген қаракөз балаларымыздың санасы атыс-шабысқа толы қаты­гездік пен жауыздықты, өзге мәде­ниет пен тәрбиені,  батыстық идеологияны насихаттайтын дүниелер­мен улануда. Ата-аналарының базардан сатып әкелген шетел мультфильмдерін азаннан кешке дейін көріп, «Тасбақа-ниндзялар», «Өрмекші-адам», «Трансформер», «Мегамозг», «Халк», «Аватар» сияқты құбы­жықтарды құрметтеп, соларға қарай баулып өсіп келеді. Жасөспірімдер арасындағы қыл­мыстың өршуі, мектептегі атыс-шабыс, өз-өзіне қол жұмсау сияқты келеңсіз жайттардың бәрі осы өнімдерді насихаттап келе жатқан «телеидеологиялық тәрбие­нің» жемісі екені бәрімізге белгілі. Бұдан бөлек қазіргі технологиялық гаджеттерде ойын түрлері өте көп. Әсіресе атыс-шабыс ойындары қатты дамып кеткен. Ол ойындарға кіру арқылы балалар ол жерден қару-жарақтардың түр-түрін таңдай алады. Және ол ойындардың дамығаны сонша, ойында жарақаттанған адамның қанының шашырағанына дейін графикалық эффекттер арқылы шынайы өмірдегідей өте сенімді көрсете білген. Әрине оны ойнап отырған баланың жауыздық пен қатыгездікке еті үйреніп кетеді. Бұл тек біздің ел ішіндегі емес, жаһандық проблемаға айналып отыр. Мектепте бір оқушы келесі оқушыға әлімжеттік көрсетіп, намысына тисе, жәбір көрген оқушы үйінен әкесінің қаруын немесе өзге де тұрмыстық жағдайда қолданылатын өткір заттарды алып барып, жәбірлеген оқушыны қорқытам деп, жарақаттап, кей жағдайда жазым қылып алып жатады. Сол сәтте бұл әрекет баланың өзіне ерлік болып көрінуі мүмкін. Бірақ мұның артында қаншама қасірет жатқанын ұғып, байыбына бара бермейді.

Келеңсіз жағдай орын ала қалған жағдайда ата-аналар мектепті, мұғалімдер ата-аналарды кінәлап, енді біреулері құқық қор­ғау органдарын кінәлап шығады. Саясаттың, нақтырақ айтқанда жастар саясатының атсалысқаны абзал. Ұлттық құндылықтарды насихаттап, түрлі іс-шаралар ұйымдастырып, бірігіп мынадай жоба жасайық, мультфильм шығарайық деген секілді жұмыстар жасау қажет. Сіз болып, біз болып, ата-аналар да, мұғалімдер де барша азаматтар бүгінгінің баласын, ертеңгінің батырларын  ұлттық кино, мультфильмдер арқылы ұлтжандылыққа тәрбиелеуіміз қажет. Ұрпақты тәрбиелеуге үлесімді қосып жатырмын және қаншалықты дәрежеде екенін білмеймін өзімді патриотпын деп есептеймін. Қазақтың әрбір азаматы да патриот болса екен деп тілеймін.

Негізгі балаларды отансүйгіштікке тәрбиелеу өте маңызды. Өйткені. патриотизм – Қазақстан азаматтарының әрбірінің бойында мен мұндалап, жалындап тұруы керек ең негізгі дүние. Ал ол жалынның шоғы бала кезде тәрбиемен бойға бітуі қажет. Өзінің елін, жерін сүйе алмаған бүлдіршін, ер жеткенде ел басына күн туа қалса, халқын, жерін қалай қорғайды? Қорғай алмайды. Көршілес елдерде болып жатқан жағдайларды өздеріңіз де бағып отырсыздар ғой. Соғыстан қашып, әлемнің түкпір-түкпіріне бас сауғалап кеткен еркектер өте көп. Сол секілді бойындағы ұлттық рухын оятпаған, отансүйгіштікке баулымаған жігіттер Отан алдындағы борышын өтеуі, оны сезінуі екіталай. Одан кейін қит еткен қиындықтан ат тонын ала қашатын қайырсыз ұрпақ пайда болады.

          Сонымен қатар бала тәрбиесіне әлеуметтік желілер қалай да әсер етпей қоймайды. Қанша жерден қатаң қадағалуға тырысқанымызбен, бала өмірінен әлеуметтік желілердің ықпалын түбегейлі алып тастай алмаймыз. Сондықтан да балалар ел ішінде, жалпы ғаламшарда не болып жатқанын, толық бақылап, жақсыны да, жаманды да көріп отырады. Мүмкін жамандықты көп көретін шығар?

          Сөз соңында айтарым, бала ертегі тыңдап өсу керек! Олар кішкентай кезінде ертегіні өте жақсы тыңдайды. Ертегілерде ылғи да жақсылық жамандықты жеңіп отырады. Және басты кейіпкер талмай күресу, қиындықтарға мойымай тік тұру арқылы ең соңында көздеген мақсат-мұратына жетіп отырады. Барлық ертегіде солай ең соңында «олар бақытты, баянды өмір сүріпті» деп аяқталады. Жауыздық жеңіледі. Ал бұл деген баланы жақсылыққа, ізгілікке сендіріп өсірудің ең керемет жолы. Және ертегілер балалардың армандау, қиялдау, ойлау қабілеттерін арттырады. Қазақта жақсы сөз бар ғой «жақсыдан үйрен, жаманнан жирен» дейтін. Солай бала жауыздыққа бару арқылы ешқандай опа таппайтынын, жақсылықтардың түбінде қалай да салтанат құратынын біліп өседі. Ал ізгілікке, жақсылыққа сеніп өскен ұрпақтың көбеюі, ұлттың да оң өзгерістерге бастау алуының ең негізгі қозғаушы күші болады ғой  деп ойлаймын.

– Батырхан Қалдарбекұлы, уақыт бөлгеніңіз үшін, сүбелі сұқбатыңыз үшін рақмет!

Әңгімелескен Сезім МЕРГЕНБАЙ

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы