- ВКонтакте
- РћРТвЂВВВВВВВВнокласснРСвЂВВВВВВВВРєРСвЂВВВВВВВВ
- Skype
- Telegram
Орталық Азия тарихында, берірек келсек, Қазақ мемлекетінің таңбаланған тарихындағы Қазақ хандарының бірі Есімхан. Ол қазіргі Түркістан қаласын алғаш рет астана тұтқан хан Есімхан екендігін жалпы тарихшылар, оқымысты қауым біле бергенімен бүгінгі жас ұрпақ біле бермейтіні ақиқат.
Ахмет Иасауи мавзолейі қасында Есім ханның күмбезді мавзолейі болғанын сонау Ресейдің бодауында болған кезде-ақ ресейлік тарихшы ғалымдары көзбен көріп айтқандары тайға-таңба басқандай белгілі.
1771 жылы Абылай хан қайтыс болған соң, Қазақ хандығының іргесі шайқалып, 19 ғасырдың басында Оңтүстік Қазақстан елі Қоқан хандығының езгісінде қалды. Қазақ халқының бірлігі мен ынтымағының ұйытқысына айналған Түркістанды өздеріне басыбайлы етіп алуды мақсат тұтқан Қоқан саясаты бұл қала қазақтың төлтумасы, негізгі астанасы екенін дәлелдейтін белгілерді, тарихи жәдігерлерді түгелімен жойып жіберуге ұмтылғанын төмендегі мысалдардан анық байқаймыз.
1825-жылы хорунжий Потанин (Григорий Потаниннің әкесі) Әзірет Сұлтан кесенесі алдында Есім хан, Жәңгір хан, Тәуке хан мазарлары тұрғанын, Есім хан кесенесі күмбезінің бір шеті аздап құлағанын жазған.
Ал,1864 жылы орыс әскерлері Түркістанды басып алғаннан кейін, іле-шала Әзірет Сұлтан маңына, кесене ішіне зерттеу жүргізген патша офицері Г.Бекчурин Потанин жазған қазақ хандары мазарларының ешқайсысын бар деп айтпайды.
1896- жылы П.Ахмеров жариялаған Әзірет Сұлтан кесенесі ішіндегі құлпытастардағы жазулар арасынан да Абылай ханнан өзге бірде-бір тарихи тұлға атын кездестірмейміз. Бірақ, қазақтың игі жақсыларының көпшілігі осында жерленгені тарихи шындық қой. Демек, 1825-1864-жылдар арасында Қоқан билеушілері тарапынан тарихымызға қатысты ескерткіштерді, жәдігерліктерді қасақана жоспарлы түрде жоюға ден қойылған. Басқаша айтқанда, Қоқан билеушілері жерімізді бауырға басуға, қазақ деген аттың өзін өшіруге аянбай әрекет жасаған.
Бұл саясат патша өкіметі заманында да, Кеңес билігі кезеңінде де жалғасын тауып, халқымыздың тарихына, рухани дүниесіне қатысты қаншама асыл ескерткіштердің құртылғанына тарих куә. (Зікірия Жандарбек. «Түркістанның қысқаша тарихы» 2000 жыл. Түркістан).
Әзірет Сұлтан мемлекеттік қорық –мұражайының негізін қалап тікелей құрушы Өзбекәлі Жәнібеков Қазақстан Орталық Компартиясы Комитетінің идеология бойынша хатшысы қызметінде жүргенде Мәдениет министрлігінің жауапты қызметкерлеріне, ғылыми зерттеу, қайта қалпына келтіру институтының басшыларына бірнеше рет ренішпен мынадай сөз айтқан еді: «Қай жерде, қай ғасырда тарихи тұлғаларға күмбезсіз сағана орнатқан білесіңдер ме? Есім ханның кесенесінде бұрын күмбез тұрғанын ғалымдар дәлелдеп берсе, күмбез орнатуға не кедергі болып тұр?».
Сонда маман –жетекшілердің айтқан сылтауы: «Бұрынғы күмбезден қалған із жоқ. (Чертежі) сызбасы да жоқ».
Өзекең күйіп кетіп: «Жоқ болса, әдейі жойып жіберген. Қазақстан, Орта Азия бойынша орта ғасырда салынған сағана күмбездері құрып қалып па, барып көрсеңдер болады ғой»,-деп бұрылып жүре берген еді.
Ол уақыт та өте шықты. Тәуелсіз ел атандық. Өз тарихымызды, жәдігерлерімізді іздеуге, түзеуге, түгендеуге, сақтауға, насихаттауға кім кедергі жасайды?
Әзірет Сұлтан кесенесінің босаға тұсында жерден көтеріп салған жертөле кейпінде қазақтың елдігін ұйымдастырушы, көрнекті мемлекет қайраткері Есім хан кесенесі тұр. Одан әріде Әбілхайыр ханның әйелі Рәбия Сұлтан –Бегімнің биік күмбезді кесенесі көкпен таласып, кімдердің мысын басып тұрғанын көрген кісі ойланатын шығар.
2019 жылы 30 жылдан бері қалаға көрік беріп тұрған Есімхан алаңын абаттандырамыз деген сылтаумен аталған алаң өшіріліп, 2022 жылы басқа жаққа көшірілді.
Берекет Кәрібай «Түркістан және қазақ хандары» атты кітабында «12-ғасырда қазақ хандары Есімхан мен Жәңгір ханды осында жерленіп, қабірлері үстіне мавзолей тұрғызылады» деп жазады. Тағы бір деректерде Есімхан мавзолейі үстінде күмбездің бір шеті мүжіліп тұрғанын айтады. Жалпы, Түркістанды алғаш астана еткен Есімхан туралы 1983 жылы жарық көрген бес томдық Қазақ ССР тарихында ашық та, анық та жазылған. (2-том, 321 бет).
«Әзірет Сұлтан» қорық музейінің алаңында тұрған Есімханның мазарын көргенде, оның күмбезінің жоқтығы намысыңды қайнатып, өзегіңді өртейді. Мұны қалай, қашан қалпына келтіре аламыз, ағайын!
Нұрмахан Назаров, Қазақстанның Мәдениет қайраткері, Халықаралық психология ғылымдары Академиясының Құрметті академигі.