Өз-өзіне қол жұмсау – баса назар аударуды қажет ететін жаһандық мәселе. Статистикалық мәліметтерге сүйенсек өз-өзіне қол жұмсау фактілері айтарлықтай өсіп, қоғам үшін күрделі мәселеге айналған. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДСҰ) мәліметтері бойынша жыл сайын 700 000-нан астам адам (әр 40 секунд сайын 1 өлім) өз-өзіне қол жұмсайды екен, бұл әлемдегі жалпы өлімнің шамамен 1,5% құрайды. Ал Біріккен Ұлттар Ұйымының 2023 жылғы статистикасы бойынша суицид жасаушылар саны бойынша Қазақстан 178 елдің ішінде 19-орында тұр.
«СУИЦИД – СҰРАЛҒАН КӨМЕКТІҢ ЖАУАПСЫЗ ҚАЛУЫНЫҢ НӘТИЖЕСІ»
Өз-өзіне қол жұмсау мәселесі жайында сөз қозғағанда туындайтын бірінші сұрақ – оның себебі. Түркістан қаласындағы Қожа Ахмет университетінің клиникалық-диагностикалық орталығының психологы Надира Турсинходжаеваның айтуынша, адамдарда суицидтік ойлардың пайда болуына ықпал ететін негізгі факторлардың бірі – психологиялық жағдай. Жұмысынан айырылу, қаржылық проблемалар, жақыны қайтыс болуы, зорлық-зомбылық, жалғыздық, стресс6 депрессия секілді мәселелер суицидтік ойдың пайда болуына себеп болуы мүмкін. Психологиялық көмек пен қолдаудың болмауы, отбасылық проблемалар да суицид жасауға итермелейтінін, депрессияға ұшырайтын адамдарға көбінесе туыстары мен достарының қолдауы жетіспегендіктен өз-өзіне қол жұмсау туралы ойға келуі мүмкін екендігін айтады маман.
– Проблемаға тап болған адам бірден суицидке ұмтылмайды. Алдымен жан-жақтан көмек іздейді. Көңіл-күйі өзгереді. Адамдардан вербальсыз түрде көмек сұрай бастайды. Мен өлгім келеді деп айтпайды. Жанама түрде сұрақтарды қоя бастайды. Өмірден шаршап кеттім, тек менің өмірімде ғана осы проблемалар бар. Қашан бітеді екен дегендей сезімде жүреді. Тек сол кісінің басына ғана қара бұлт төніп тұрғанға ұқсап тұрады. Сол кезде жақындарынан сөзбен болса да көмек күтеді. Өміріндегі қиындығын шешу үшін қолынан келгенше барын салып талпынып көреді. Сол кезде суицидті мәселені шешудің ең соңғы жолы деп ойлайды. Өйткені, осыған дейін ашық түрде де, жабық түрде де көмек сұрады. Суицид – сұралған көмектің жауапсыз қалуының нәтижесі, – дейді психолог.
Надира Авазқызының сөзінше, суицидтің алдын-алу үшін адамдар әртүрлі жастағы трансформациялық кезеңдерде, өмірлік қиындықтарға тап болған кезде психолог маманға барып консультация ала алатындығы туралы ақпарат болуы керек. – Көп адамдар психологқа бару үшін қаражат керек деп ойлайды. Емханаларда, жастар орталықтарында тегін психологиялық көмек көрсетілетінін көп адамдар білмейді. Психологқа 1 рет барғанының өзі «мен өмірден кетсем проблемадан құтыламын, барлығы жақсы болады» деген ойдан арылуға көмектеседі. Сонда ғана жағдайды қабылдап, өмірге басқа көзбен қарап, маманның бағыт-бағдары арқылы сол мәселені шешудің жолын өзі табады, – дейді маман.
Айта кетейік, елімізді суицидтің алдын-алу үшін тегін психологиялық көмек көрсететін Alem Daneker, Zhanym секілді бірнеше әлеуметтік жобалар мен Call-орталықтар бар. Солардың бірі, №150 Балалар мен жастарға арналған сенім телефон желісі. Оған тәуліктің кез-келген уақытында №150 қысқа нөміріне қоңырау шалып, кәсіби психолог мамандардан анонимді түрде және тегін психологиялық көмек алуға болады.Мамандар эмоционалдық және психологиялық қиындықтар, стресс, үрей, депрессия және басқа да осыған ұқсас проблемаларды қамтитын кең ауқымды мәселелер бойынша кеңестер береді. Телефон желісінен бөлек, мамандармен байланысудың тағы бір жолы – онлайн чат. Чатқа Www.telefon150.kz веб-сайтты арқылы кіруге болады. Көмекке мұқтаж адамдар арнайы дайындықтан өткен психологтармен құпия түрде сөйлесе алады. Ұйым балалар мен жастардың оң психологиялық дамуына бағытталған профилактикалық жұмыстарды да жүргізеді. Олар жастарға салауатты өмір салтын және эмоционалдық салауаттылықты насихаттау үшін көптеген іс-шаралар, семинарлар мен тренингтер ұйымдастырады. Аталмыш телефон желісінің психологы Сабина Кенжинамен телефон арқылы байланысқа шыққан едік. Сабина ханым сенім телефонының адамдарға көмектесетін әдістері өте шектеулі екенін, егер қоңырау шалып тұрған абонент тұтқаны қоя салса оған ештеңе алмай қалатынын айтады.
– Хабарласып отырған адам дәл қазір өз-өлтіргісі келіп тұрады. Мен өмірден шаршап кеттім, мені ешкім түсінбейді деп шағымданады. Телефон арқылы терең тыныс ал, былай әрекет ет деген дегініңіз оған әсер етпейді. Себебі, ол алыстағы бір ауылдан хабарласып тұрған болуы мүмкін. Ал мен мұнда кеңседе отырмын. Ол тұтқаны тастай салса мен ештеңе істей алмай қаламын. Ол көпірден секірейін деп тұрған болуы мүмкін. Дәл сол кезде мен оған өзіңнің балалық шағың туралы айтып берші, кім болуды армандадың деген сұрақтар қоя алмаймын. Сондықтан төтенше жағдайда жұмыс істейміз деп айтсақ та болады. Соған байланысты консультация да өзгеріп отырады, – дейді Сабина ханым. Қоңырау шалған абоненттің қазір қандай жағдайда тұрғанына, қиындыққа тап болу себебіне, оның жасына, кәмелетке толу, толмауына, психикалық тұрғыдан сау ма, жоқ па, екеніне байланысты консультация да өзгеріп отыратын айтты психолог.
Қорытындылай келе, суицид проблемасы өте күрделі және қоғамнан барынша назар аударуды талап ететінін атап өткен жөн. Сол себептен де суицид жасау туралы ой келгенде айналаңдағы адамдардан көмек сұрау – әлсіздіктің белгісі емес, батылдық. Сізге немесе сіз білетін адамға көмек қажет болса, көмек сұрай біліңіз. Әрбір өмірдің құндылығы бар және әрбір адам қолдау мен түсінуге лайық.
Гүлжан Ниязова,
ХҚТУ, 4-курс студенті
