ТҮРКІСТАН: ӨҢІР ТУРИЗМІНЕ СЕП БОЛАТЫН КӨЛІК ЛОГИСТИКАСЫН ДАМЫТУ ЖОЛДАРЫ ҚАРАЛДЫ

215 көрілім

Түркістанда әлемнің түкпір-түкпірінен үздік бизнес және туризм өкілдерінің басын қосқан TIF’23 – «Түркістан: Туризм, Инвестиция, Экономика» халықаралық форумы өтіп жатыр. Келелі басқосуға Қазақстан, Түркия, Қырғызстан, Өзбекстан, Әзербайжан, Ресей және Қытай елдерінің беделді саясаткерлері, ірі кәсіп иелері, сала көшбасшылары мен сарапшылары, инноваторлары қатысуда.

Форумның пленарлық сессиясы әрі қарай салалық сессияларға жалғасты. «Жібек жолы Қытай – Еуропа: Орта және Оңтүстік дәліздердің мүмкіндіктері мен мәселелері» тақырыбында өткен халықаралық логистиканы дамыту жөніндегі сессияда Түркістан облысы әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасов форумның маңыздылығына тоқталып, Түркістан облысы халықаралық көлік логистикасы саласында жоғары әлеуетке ие екенін тілге тиек етті.

– Осындай ауқымды форумдар мемлекеттік және іскерлік құрылымдар диалогы үшін өте тиімді. Онда негізгі мәселелер талқыланып, шешу жолдары қарастырылады. Түркістан облысы халықаралық көлік логистикасы саласында жоғары әлеуетке ие. Облыс аумағында бірнеше көлік бағыты өтеді. Түркістан қаласының облыстық маңызы бар қала және түркі әлемінің астанасы мәртебесіне ие болуына байланысты халықаралық әуежай салу қажеттілігі туындады. 2020 жылы заманауи халықаралық әуежай салынып, пайдалануға берілді. Бұл – Тәуелсіздік жылдары Қазақстанда нөлден салынған алғашқы ірі әуежай. Әуежай бір уақытта 2 халықаралық немесе 4 ішкі рейсті қабылдай алады. Бүгінгі форум Қазақстанның транзиттік мүмкіндіктерін одан әрі дамытуға және жақын, алыс шет елдердің кәсіпорындары мен компаниялары арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға үлес қосатынына сенімдімін, – деді Зұлпыхар Жолдасов.

Түркістан облысы аумағында маңызды көлік маршруттары өтеді. Атап айтсақ, «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық автомобиль дәлізі, шығысты батыспен біріктіретін теміржол, «Түркістан халықаралық әуежайы» арқылы халықаралық және ішкі рейстер орындалады.

Түркістандағы «Түркістан халықаралық әуежайы» Халықаралық азаматтық авиация ұйымының 1-ші санатына сәйкес келеді. Әуежайдың жалпы ауданы – 905 га, әуе айлағының өткізу қабілеті сағатына – 450 жолаушы немесе жылына – 3 млн. жолаушы. Қазіргі уақытта «Түркістан халықаралық әуежайы» 2 халықаралық (Ыстамбұл, Эль-Кувейт) және 6 республикаішілік рейстерге (Астана, Алматы, Ақтау, Қарағанды, Ақтөбе, Орал) қызмет көрсетеді. Аталған рейстерді «Turkish Airlines», «Jazeera Airways», «Fly Arystan», «Scat», «Qazaq Air» және «Южное небо» авиакомпаниялары орындайды. 2024 жылдың қаңтарында «Түркістан – Абу-Даби» әуе рейсінің ашылуы жоспарлануда. Сондай-ақ отандық және шетелдік авиакомпаниялармен 3 халықаралық (Анталья, Тбилиси, Самарқанд) және 3 республикаішілік (Көкшетау, Қостанай және Үшарал) авиарейстер ашу бойынша келіссөздер жүргізілуде. Түркістан әуежайының жүк тасымалдау динамикасын арттыру мақсатында отандық «Alpha Sky», түріктің «MNG», «Turkish Cargo», әзірбайжандық «Silkway Airlines-Cargo» авиакомпанияларымен жүк тасымалдарын дамыту бойынша келіссөздер жүргізілуде.

Облыстың туристік, оның ішінде «зиярат» туризмінің әлеуетін ескере отырып, жақын арада Өзбекстан Республикасының Нұрафшон қаласымен автобус қатынасын ашу жоспарлануда. Бүгінгі таңда барлық келіссөздер жүргізіліп, тиісті рәсімдер аяқталды.

Сессияда «YDA Group» компаниясының мүшесі, авиация секторының басшысы Х.Гувенч, Қазақстандағы «Turkish Cargo» операциялар жөніндегі менеджері Корай Дурсун, «Транскаспий халықаралық көлік бағыты» халықаралық қауымдастығының Бас хатшысы Г.Әбдікерімов, «KAZLOGISTICS» Қазақстан көлікшілер одағының атқарушы директоры К.Мурадым, «KTZ Express» АҚ Бас директорының м.а. Д.Қожахметов, «Alpha Sky» ЖШС директоры Г. Джанибекова өз бағыттары бойынша сөз алып, компания мүмкіндіктерімен бөлісті. Ірі компания өкілдері жүк тасымалы бойынша өз қызметтерін ұсынып, жеңілдіктер қарастыру арқылы бірге жұмыс істеуге дайын екендерін жеткізді.

Айта кетейік, облыс бойынша магистральдық теміржол желісі – 476,4 шақырым. Осы жылдың 10 айында жүктерді тиеу-түсіру 294 133 вагонды (тәулігіне 968 вагон) немесе 18 млн. тоннаны құрады. Негізгі бағыттары – Ресей, Қытай, Өзбекстан және республика іші.

Дүниежүзілік туристік ұйымның дерегі бойынша, әлемдік жалпы өнімнің оннан бір бөлігін, халықаралық инвестицияның 10 пайызын туризм қамтамасыз етеді. Тіпті әлемдік тәжірибеде туризмнен түскен табыспен ғана күн көріп отырған елдер бар. Жаһандық өндірістегі әрбір тоғызыншы жұмыс орны да осы саланың үлесіне тиесілі. Сондықтан дамыған елдердің қатарына енуге талаптанып отырған Қазақстан үшін туризмді дамытудың маңызы зор. Оның ішінде, Түркістан өңірінде туризмді дамытудың мүмкіндігі мол.

Түркістан қаласындағы туризм саласын дамыту Мемлекет басшысы белгілеген басты міндеттердің бірі. Бүгінде бұл салада айтарлықтай тың өзгерістер орын алған. Соның дәлелі Түркістан республикалық деңгейдегі топ-10 негізгі дестинациялардың қатарына қосылған. Осы тұрғыда, туристік инфрақұрылымды жақсартуға, соның ішінде қонақ үйлер мен туристік кешендер салуға ерекше көңіл бөлінуде. Өңірде қазіргі таңда сұранысқа ие діни, танымдық және рекреациялық туристік бағыттар бірінші кезекте. Бұл әрине қаладағы тарихи ескерткіштердің көп шоғырлануы және «Керуен-сарай» туристік кешенімен байланысты. Сонымен қатар қазіргі таңда этнотуризм, іскерлік туризм, спорттық туризм салалары дамып келе жатыр. Туристерді тартудың магниті – Қ.А.Ясауи кесенесі. Кесенеге 2022 жылы 566 457 адам келсе, жалпы қала бойынша басқа да туристік бағыттарға 1,5 млн. жуық туристер келген. Эко туризм бағыты өзге өңірлермен салыстырмалы түрде қарағанда жақсы дамымаған. Алайда оны тек табиғат аясындағы туризмдік бағытпен шектеп қарауға болмайды. Мәселен қала тазалығы, қоқыстарды оңды-солды шашпай, табиғи өнімдерді жиі тұтыну көрсеткішінің өзі эко туризмнің алғышартына сыйып кетеді. Ал қалаға келетін әрбір туристің айтатыны қаланың тазалығы жайындағы мәселе. Яғни шаһар тазалығының жоғары екендігін тілге тиек етеді. Ал этнотуризмге келер болсақ, қалада арнайы этноауыл кешені іске қосылған. Этноауыл аймағында қазақтың ұлттық салт-дәстүрлерін насихаттайтын іс-шаралар тұрақты түрде өтіп тұрады. Сондай-ақ, Түркістан-Отырар тас жолында тағы да этноауылдың құрылысы аяқталып тұр. Енді оны жүйелі жүргізу үшін сенімгерлік басқаруға беру жұмыстары жүргізілуде. Этнотуризмнің тағы бір бағыты ретінде қазір қолөнершілердің туындыларын танытуға да көңіл бөлініп жатыр. Қалада қазіргі таңда, қолөнершілердің көрмесін ұйымдастыру да дәстүрге айналып келеді. Себебі қолөнер креативті индустрияның ажырамас бөлігі саналады. Сондай-ақ ағымдағы жылы Өзбекстан мемлекетіне қолөнер саласы бойынша қолөнершілер мен туризм саласының мамандарынан тұратын арнайы іс-сапар ұйымдастырылған болатын. Одан бөлек, 2024 жылға қарай мәдени-рухани орталық аумағынан «Қолөнершілер» қалашығын салу жоспарлануда. Аталған кешен этнотуризм саласын жандандыруға өз септігін тигізері хақ. Түркістан облысы тарихи ескерткіштерге бай өлке. Облыс орталығы болғалы өңірде мәдени-рухани орталықтар, рекреациялық орталықтар, парктер салынуда. Қалада тарихи ресурстарға  тоқталатын болсақ, «Қ.А.Ясауи» кесенесі, «Сұлтан Бегім» кесенесі, «Есiм – Хан» кесенесі, «Тәуке хан» кесенесі, «Шілдехана», Ортағасырлық шығыс моншасы Цитадель қамал қабырғасы, «Хан» ордасы, «Хан» мешіті, «Дарбаза» қақпасы, «Мүсәллә» қақпасы, «Такия» қақпасы, «Жеті ата» қақпасы, «Құмшық ата» жерасты мешіті, «Жұма» мешіті, археологиялык қазбалар, ежелгі «Күлтөбе» қалашығының павильоны, казарма ғимараты, «Әлқожа ата» кесенесі және т.б. тарихи ескерткіштердің қазіргі таңда, рестоврациялық яғни қайта қалпына келтіру жұмыстары кезең-кезеңімен тұрақты түрде жүргізілуде. Мысалы ретінде 2021-2022 жылдары Қ.А.Ясауи кесенесінің күмбезі, «Сұлтан Бегім» кесенесінің сыртқы және ішкі бөліктері, «Жұма» мешіті туристік нысандарына рестоврациялық жұмыстар жүргізілді. Сондай-ақ, 2023 жылға Ортағасырлық «Жеті ата» көшесін қалпына келтіру жұмыстарын аяқтау жоспарлануда. Туристік орындарға апаратын барлық автомобиль жолдары күрделі жөндеуден өткізіліп, арнайы автотұрақтармен қамтамасыз етілген. Қалада                   20 бағытта 220 автобустар қызмет көрсетуде. Автобустарда цифрландыру мақсатында «Alempay» электронды билеттеу жүйесі енгізілді. Темір жол көлігін дамыту мақсатында, 2024-2026 жылдарға Ташкент-Шымкент-Түркістан бағытында жоғары жылдамдықты темір жолы жобасын іске асыру жоспарлануда.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы