Түркістан, Кентау қалалары мен Сауран ауданының Құрметті азаматы, журналист, ғалым, композитор Бекжігіт Сердәлінің «Ризамын ағайын, ауылыма» атты шығармашылық кеші өтті. Жиынға Сауран ауданының әкімі Мақсат Таңғатаров, аудандық мәслихат төрағасы Сержан Байсбаев, Түркістан қаласының Құрметті азаматы, мәдениет қайраткері Ұлжан Мұстафаева, «Turkistan Media Holding» ЖШС-нің басқарушы директоры, журналист Тельман Бейсен және өмірдегі, өнердегі жора жолдастары қатысты. Кеште Сауран ауданының әкімі Мақсат Таңғатаров пен аудандық мәслихат төрағасы Сержан Байсбаев құттықтау сөз сөйлеп, кеш иесі Бекжігіт Сердәліге сый-сияпат жасап, құрмет көрсетті.
Бекжігітке атақ-даңқ әперген «Жас жұбайлар» жыры еді
Осыдан қырық жылдай уақыт бұрын жүрек сезімдері жарасып, отау құрған жастарға арналған «Жас жұбайлар» («Сендерге әрдайым орын бар») атты ән пайда болды. Поезда пайда болған ән аз уақыт ішінде қазақ даласында танымалдана түсіп, миллиондаған қазақ жастарының үйлену тойында айтылатын той жырына айналып үлгерген еді. Себебі аңызға айналған бұл әнді шырқамаған адам кемде кем шығар. Тіптен бұл ән шетелде де орындалып жүр. Бұл әннің авторы бүгінде 63 жасқа келіп отыр.
Бекжігіт Кенжебекұлының мұнан өзге «Неге, неге» («Ақ көңілдім, ақ арманым»), «Ауыл жатыр той жасап», «Түркістаным – Тұраным» (Түркістан қаласының төлұраны), «Астанам – асқақ ән» атты әндерінде ел сүйіп орындайды. «Маған кезіккен адам: «сіз танымал әндердің авторысыз, бақытты шығарсыз», – дейді. Біз ауылда жүргеннен кейін танымалмыз деп айта алмаймыз. Танымал болуға да ұмтылмаймыз. Өйткені танымалдықтың түсінігі қазір басқа деңгейде. Танымал болу үшін міндетті түрде Нұр-Сұлтан, Алматы сияқты ірі қалаларда тұруың керек. Өйткені танымал болуға онда мүмкіндік көп» – деп айтқанындай Бекеңнің өзінен гөрі әні қазақтың жалпақ даласына әлдеқайда танымал. «Қарап отырсақ, біздің тек таңдаулы деген әндеріміз ғана халыққа жетіп жатады екен. Демек, бізде өз әндеріміздің жақсы-жаманын іріктеп алуға мүмкіндік бар. Біздің көркемдік кеңесіміз – халық», – дейді Бекең.
Үлгілінің үкілеген ұлы
Қарапайым халықтың қалың ортасынан шыққан, ауылдың шаңын бұрқыратып ойнап, Қаратаудың бөктерінде қызғалдақ теріп, достарымен тай-құлындай тебісін өскен жан туған өлкесінен кіндігін ажыратпаса керек.
Бекжiгiт Кенжебекұлы Сердәлi 1960 жылы 20 қыркүйекте қазіргі Сауран ауданы Үлгілі ауылында туған. Әкесі Кенжебек – ауыл почтальоны, анасы Оңласын – үй шаруасында болған. Өзі Алматы қаласындағы КазГУ-де Журналистика факультетін бітірген. Еңбек жолын Кентау қалалық «Кентауская правда»-»Кентау правдасы» газетінде аудармашы болып бастады. 1987-1996 жылдар аралығында осы газетте әдеби қызметкер, тілші, редактордың орынбасары қызметтерін атқарды. Бірінші шақырылған Кентау қалалық мәслихатының депутаты, І Республикалық патриоттар форумының делегаты. 1996 жылы Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ-ға қызметке шақырылды. Осында 1996-2005 жылдар аралығында оқу ісі жөніндегі орынбасары, ХҚТУ Түркістан орталығы директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары қызметтерін атқарды. 2005 жылдан «Журналистика» кафедрасының, 2007-2015 жылдар аралығында «Орыс филологиясы және журналистика» кафедрасының меңгерушісі болды. 1999 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің К14А.01.19 Диссертациялық кеңесінде кандидаттық диссертациясын қорғады. 2017 жылы ҚР Білім және ғылым министрлігінің Білім және ғылым саласындағы мемлекеттік қадағалау және аттестаттау комитетінің №940 шешімімен профессор ғылыми атағы берілді. 13 оқу құралының, 20-дан астам оқу-әдістемелік құралдардың, 100-ден астам ғылыми мақалалардың авторы (оның 38-і алыс шетелде жарияланған). «Қазақстан» ұлттық арнасының 50 жылдығына орай өткен ғылыми бәйгенің 2007 жылғы бас жүлдегері, 2010 жылы және 2022 жылы екі мәрте «ЖОО үздік оқытушысы» грантының иегері. «Елім менің» республикалық патриоттық әндер байқауының 3 дүркін лауреаты.
Бекжiгiт Кенжебекұлы Сердәлi Қазақстан композиторлары арасын-да өзiндiк салмағы бар талантты өнер иесi. Оның ұлттық нақышта жа-зылған әндерi бүгiнде республика көлемiнде ғана емес, көршiлес түркi мемлекеттерiнде, атап айтқанда Түркияда, Арменияда, Чувашияда, Қытайда, Моңғолияда, Ресейде, Өзбекстан мен Қырғызстанда кеңiнен танылған. Ол музыка саласы бойынша Васлей Митта атындағы халық-аралық сыйлықтың иегері (Чувашия). Абайдың, М.Мақатаевтың, Т.Молдағалиевтің т.б. ақындардың сөздеріне жазылған «Жас жұбай-лар», «Неге, неге», «Ризамын», «Ауыл жатыр той жасап», «Текемет», «Түркістаным -Тұраным» сияқты елге танымал әндердің авторы. Бұл әндердiң бiрқатары Мәскеу қазақтары қауымдастығының демеу-шiлiгiмен Германияда лазерлi дискiге жазылып, шет мемлекеттерге таралған. Шет елден алған марапаттары: Еуропа ғылыми-өндірістік консорциумының «Primus Inter Pares» ордені (Ресей, 2014); «За заслуги в культуре и искусстве» медалі (Ресей, 2014); «Халықаралық көркемдік кеңес мүшесі» төсбелгісі (2017); «Халықаралық көркемөнерпаздар одағының мүшесі» төсбелгісі (2017); Түркі халықтарының әдебиеті мен өнеріне қосқан үлесі үшін «Алтын медаль» (2018);
Осынау жетiстiктерi және ән әлемiндегi өзiндiк қолтаңбасы ескерiле отырып, Бекжігіт Сердәлi 1998 жылы халық шығармашылығын дамытуға қосқан үлесi үшiн – «Қазақстан Жастар одағы сыйлығын» иелендi. 2001 жылы Шымкентте өткен «Әуелетсек әуенiн Отанымның» атты патриоттық әндер байқауында Б.Сердәлi бас жүлденi жеңiп алып, «Ең үздiк композитор» номинациясы бойынша лауреат атанды. Қазақстан Республикасында мәдениет пен өнердi қолдаудың мемлекеттiк қорының «Мәдениет қайраткерi» төсбелгiсiмен марапатталды. Оның ел iшiнде жүрген әндерi топтастырылып, Алматыдан жеке ән жинақ болып жарық көрдi.
Бекжігіт қоғам белсендісі
Бекжігіттің басқаладардан бір ерекшелігі пендешіліктен аулақ, еліміздегі барлық саяси, қоғамдық істерге белсене араласып, әлеуметтік желіде де өзінің парақшасында ойын бүкпесіз жариялап отырады. Соның арқасындаБекжігіт Сердәлі Қазақстан Композиторлар одағының және Қазақстан Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Amanat» партиясы Түркістан облыстық филиалы жанындағы «Мирас» қоғамдық кеңесінің мүшесі. Түркiстан қаласының 2002 жылғы «Жыл адамы», «Түркістан қаласына сіңірген еңбегі үшін», «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» төсбелгілерімен, Түркiстан, Кентау қалаларының және Сауран ауданының «Құрметті азаматы».
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Алғыс хаттарымен (2019, 2021), «Қазақстан мәслихаттарына 20 жыл», «Қазақстан мәслихаттарына 25 жыл», «Қазақстан мәслихаттарына 30 жыл», «Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігіне 30 жыл» мерекелік медальдарымен, ҚР Білім және ғылым министрлігінің «ҚР Білім беру ісінің құрметті қызметкері», «Ыбырай Алтынсарин» төсбелгілерімен марапатталған.
Ғалымдығы, ұстаздығы бір төбе
Қазір Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ Журналистика кафедрасының профессоры қызметінде. Бекжігіт барлық өнерді меңгерген, адамгершілік қасиеті жоғары, жан-жағына шуағын шашып жүретін кісі. Шәкірттеріне өз баласындай жаны ашып, ақылын айтып, көмегін беріп жүреді. Нағыз зиялы лайық мінезі бар қарапайым, менмендігі жоқ жан. Ғылымның талай белесін бағындырған Бекең 1999 жылы филология ғылымдарының кандидаты, 2017 жылы профессор дәрежесін алса, 2015 жылы Халықаралық Ақпараттандыру Академиясының академигі және 2014 жылы Аймақтық Менеджмент Академиясының академигі атанған. Өнермен қатар ғалымдықты да қатар алып жүрген ағамыздың ғылыми еңбектері жетерлік. Атап айтқанда, 80-нен астам ғылыми мақалалар (оның 30-ы шетел журналдарында, 5-еуі нөлдік емес импакт-факторлы журналдарда), 3 монографиясы (1-еуі Ресейде) бар. Ғылымның жолына түскен ағамыз елімізге танымал қаншама журналист шәкірттерді тәрбиелей отырып, шығармашылықтан да қол үзбеді. Олай дейтініміз, бір бойынан өнердің неше түрлісі табылатын әріптес-ағамның 15 астам шығарған әні бар. Сондай-ақ, Бекеңнің қарымды қаламынан 20 астам әдеми шығармалар, оқу құралдары мен монографиялар жарыққа шықты. Айталық, «Ұлт журналистикасының ұлықпаны», «Жорналшы жазбалары», «Шаттық ұялаған шаңырақ», «Әнім – әлемім», «О, махаббат!» «Танымал әннің тарихы», «Сөз айттым, құлақ ассаң» сынды т.б кітаптардың авторы. Түркістан қаласының төңірегіндегі қазіргі Бабайқорған ауыл округіне қарасты Үлгілі ауылында дүниеге келген Бекжігіт Сердәлі ҚазҰУ-дің журналистика факультетін 1987 жылы бітірген. Жоғары оқу орнын бітірген соң Бекжігіт Сердәлі қалалық, аудандық газеттердің тілшісі болып еңбек етеді. Содан, Қ.А.Ясауи халықаралық қазақ-түрік университетінде журналистика мамандығы ашылғалы ұстаздық етіп келеді. Кафедра меңгерушісі болып біраз жылдар мамандыққа басшылық жасады. Бекеңнің еңбектері бағаланып, 1998 жылы «Қазақстан Жастар одағы сыйлығының лауреаты», 2010 жылы, «Қазақстанның мәдениет қайраткері» атанды. Сондай-ақ оған «Түркістан қаласының Құрметті азаматы», «Кентау қаласының Құрметті азаматы» атағы берілген. 2010 жылы «ЖОО үздік оқытушысы» мемлекеттік грантын иемденген.
Ал 2008 жылы «Қазақстанның білім беру ісінің құрметті қызметкері», 2010 жылы музыка саласы бойынша Васьлей Митта атындағы халықаралық сыйлықтың иегері (Чуваш Республикасы, «За заслуги в культуре и искусстве» медалі (Ресей, 2014) және «Заслуженный работник науки и образовании» құрметті атағы (Ресей, 2014) бар. Бекең, барлық өнерді меңгерген, адамгершілік қасиеті жоғары, жан-жағына шуағын шашып жүретін кісі. Шәкірттеріне өз баласындай жаны ашып, ақылын айтып, көмегін беріп жүреді. Нағыз зиялы лайық мінезі бар қарапайым, менмендігі жоқ жан. «Өз кәсібін жанындай сүйген адам қашанда бәріне үлгереді. Адамда тыным болмау керек. Бір сәт те тоқтап қалуға болмайды. Тоқтағаның – тоқырағаның» – дейді ұстаз. Онысы рас, қазіргі цифрландырылған заманда Бекең соңғы техникаларды, компьютерді жетік меңгерген, үнемі ізденіс үстінде жүреді. Ия, осындай ұстаздан білім, тәлім-тәрбие алып отырған шәкірттері белсенді. Алпыстың үшеуіне шығып зейнеткерлікке жасы келгенімен ХКТУ басшылығы да, өзі де Бекжігіттің өзі де еңбек демалысына шыққысы келіп отырғанға ұқсамайды. Қайта шығармашылық кемеліне келіп, ақыл тоқтатып үлскен істерді енді бастамақ ойда. Біз әріптесімізге шалқар шабыт, шығармашылық табыс тілейміз!
Ескендір ЕРТАЙ