Түркістандағы облыстық «Фараб» кітапханасында Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының, «Құрмет» орденінің иегері, ақын Баян Бекетованың шығармашылығына арналған «Ақ періште әлемім! атты кеш өтті. Іс-шараға келушілер алдымен кеш иесінің туындыларынан жасақталған кітап көрмесімен танысты. Содан соң үлкен залда Баян Қадірбайқызы жайлы бейнетуындыны тамашалады. Әдеби кеш шымылдығы «Ақ періште әлемім!» атты монологымен түрілді.
Мазмұнды жиынға Түркістан облысы әкімінің орынбасары Бейсен Тәжібаев арнайы қатысып, құттықтау сөз сөйледі.
– «Түркістан таланттары» жобасының аясында өткізіліп жатқан бүгінгі кездесудің біз үшін орны ерекше, тәрбиелік маңызы зор. Осы жоба өңіріміздегі қаламгерлердің өнерін қалың оқырманға таныстыру мақсатында жүзеге асырылып отыр. Жоба бастау алғалы елімізге белгілі бірқатар қаламгердің кеші оқырман қауымның ерекше ықыласына бөленді. Құрметті Баян Қадірбайқызы, сіз ақындық ұстанымыңыз бен елге деген ерекше сүйіспеншілігіңіздің арқасында халықтың қалаулы қызына айналып, сол арқылы ел руханиятының дамуына орасан зор үлес қосып келе жатқан қаламгерсіз. Туған топырағыңыз Түркістан төрінде өтіп жатқан жыр кешіңізбен құттықтаймын! Жас оқырмандарды поэзия әлеміне баулуда атқарып жатқан еңбегіңіз үшін алғысымды білдіре отырып, бүгінгі кештің жоғары деңгейде өтуіне тілектеспін, – деген облыс әкімінің орынбасары кеш иесіне құрмет көрсетті.
Іс-шараға Қазақстан Композиторлар одағы Түркістан облыстық филиалының төрайымы, «Ерен еңбегі үшін» медаліның иегері әнші, композитор Құралай Сәтмұхамбетова, ҚР Жазушылар одағы төрағасының орынбасары, белгілі ақын Бауыржан Жақып және «Алаш» халықаралық әдеби сыйлығының лауреаты, «Парасат», «Құрмет» орденінің иегері, ақын Ханбибі Есенқарақызы және өңірдің зиялы қауым өкілі қатысып, ізгі лебізін білдірді.
Кеш барысында Баян Бекетованың өлеңдеріне жазылған әндер орындалды, өлеңдері оқылды. «Құс қанатындағы хат» әдеби-сазды қойылымы көрсетілді. Шәмші Қалдаяқов атындағы облыстық филармония ұжымы мен «Конгресс Холл» өнерпаздары өнер көрсетті.
Естеріңізге сала кетейік, Баян Бекетова 1961 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы, Бәйдібек ауылында дүниеге келген. ҚазМУдің журналистика факультетін 1984 жылы бітірген. Қазақ телевизиясы мен радиосы мемлекеттік комитетінде, «Егемен Қазақстан», «Халық кеңесі» республикалық газеттерінде тілшіжурналист қызметтерін атқарған. Алматы қалалық әкімшілігі Тіл басқармасының мемлекеттік және өзге тілдерді дамыту бөлімінің бастығы болған. Қазір Алматы қаласы мемлекеттік санитарлық эпидемиологиялық қадағалау департаментінде Мемлекеттік тілді дамыту бөлімінің бас маман редакторы.
Өлеңдері «Аудитория», «Қарлығаш» атты ұжымдық жыр жинақтарына енген, «Үмітім менің» (1982), «Жалғыздық» (1984), «Сәмбітал» (2001), «Көлбастау» (2001), «Мен сені сағынғанда» (2001) жыр жинақтары жарық көрген. Оның бірде алмастай өткір, бірде күн шуағындай жылы, тау бұлағындай мөлдір, нәзік те сыршыл жырлары оқырман назарын өзіне аударады. Әсіресе, адам жанының нәзік иірімдерін, әйел әлемінің сан қырларын бүкпесіз жырлаған, жүрек толқытып, жан тербер ойлы өлеңдері ХХ ғасыр мен ХХІ ғасырдың тоқайласар тұсындағы талғампаз оқырмандардың жүрегінен жол тапты. Оның «Жалғыздық» атты жыр жинағы шыққан кезде өлең түсінетін жамағат жалт қарасып, елең еткені де елдің есінде. Ол КазГУ-дің журналистика факультетін 1984 жылы бітіріп, жолдамамен Қазақ мемлекеттік телерадио комитетінде редактор, «Егемен Қазақстан», «Халық кеңесі», «Ана тілі» газеттерінде әр жылдары тілші, аға тілші қызметтерін атқарған. Алматы қаласы әкімдігі аппаратының Тіл басқармасында бөлім бастығы болып қызмет етіп, соңғы жылдары осы әкімдіктің құрылымдық бөлімінде мемлекеттік тілді енгізумен айналысады, бас маман-редактор. Өлеңдері «Аудитория», «Қарлығаш», «Күміс күйме», «Қыз-ғұмыр» топтама жыр жинақтарына енген.
ІІ Халықаралық Түркі поэзиясы фестивалінің лауреаты. «Сорос Қазақстан» Халықаралық қорының «Қазіргі заман поэзиясы» бәйгесінің жеңімпазы. Алматы қалалық әкімдігінің Абай оқулары, қала күніне арналған қалалық ақындар мүшәйрасының, т.б. көптеген жыр мүшәйраларының жүлдегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2008).
Қаламгердің нәзік лиризмге толы сыршыл өлеңдері оқырманын таңғы шықтай тазалығымен өр рухты балладалары мен толғаулары терең мазмұнымен баурайды. «Үмітім менің», «Жалғыздық», «Жалын», «Шолпы», «Ұйықтамайды жұлдыздар» секілді жыр жинағымен-ақ, оқырманын елеңдетіп, ертеңіне үкілі үміт байлатса Баян ақын бүгінде, «Сәмбі тал», «Көлбастау» «Мен сені сағынғанда» «Шолпы» атты жыр жинақтары әдеби қауымды қуантып, жыр сүйер қауымды тәнті етіп келеді.
