Жақында «Түркістан қаласына ерекше мәртебе беру туралы» заң жобасы жасалып, ол көпшіліктің талқысына ұсынылды.
Аталған заң Түркістанда туризмнің дамуына серпін береді.
Соңғы 5 жылдың көлемінде Түркістан қаласында көптеген туристік нысандар салынды. Туристік жобалар жүзеге асуда. Соның нәтижесінде Түркістан облысына келушілер мен туристер санында оң динамика байқалып отыр. 2022 жылы өңірге 470 мыңнан астам турист келген. Орналастыру орындары – 253,4 мың, шипажайлар – 142,4 мың, табиғи аумақтар – 74,9 мың туристі қабылдаған. Оған қоса 1,2 миллионнан астам зияратшы мен қонақ келген. Дегенмен туризм саласында әлі де ізденіс, тың идеялар керек.
– Түркістан өңірі туризмін дамыту бойынша нақты жоспары болуы керек. Түрлі идеяларды қарастырыңыздар. Таулы аймақтарда, Сарыағашта туристік нысандар мен шипажайлар арнайы жоспарға сай салынуы тиіс. Кәсіпкерлер аудандарда туризмді дамытуға, бюджет түсімін арттыруға үлес қосса, қолдау көрсетіледі. Бірақ тәртіп болуы қажет. Жоспарсыз құрылысқа жол берілмейді. Жауапты басқарма туризм бойынша кеңес өткізсін. Осы саланы жақсы білетін туроператорларды, мамандарды, сарапшыларды шақырып, кеңесіңіздер. Меймандостық және туризм университетін де осы салаға жұмылдырған жөн. Түрлі туристік бағыттар әзірленсін, нақты ұсыныстар беріңіздер, – деді жуырда Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды өңірдегі туризм саласында атқарылған жұмыстарды талқылаған жиында.
Түркістан облысы мәдениет және туризм басқармасының басшысы Әзімхан Қойлыбаевтың айтуынша, орналастыру орындарымен көрсетілген қызмет көлемі өткен жылы 5 млрд теңгеге жеткен, биылғы 1-тоқсанының қорытындысымен 1 млрд теңгені құрап отыр. Туристік қызмет саласының негізгі капиталына салынған инвестиция 2022 жылы 68,9 млрд теңге болса, биыл 5 айда 10,8 млрд теңгеге жеткен.
Басқарма тарапынан аталған бағытта тиісті жұмыстар жүргізіліп, туризмді 3 бағытта кластерлік дамыту ұсынылды. Біріншісі – Түркістан қаласындағы, Отырар, Сауран және Бәйдібек аудандарында орналасқан тарихи нысандарды қамтитын тарихи-танымдық туризм кластері. Екіншісі – ерекше қорғалатын табиғи аумақтар мен Түркістан қаласы маңындағы Жетікөлді қамтитын экологиялық белсенді туризм кластері. Үшіншісі – Сарыағаш, Арыс, Манкент курорттық аумақтарын қамтитын емдік туризм кластері. Сонымен қатар облыс орталығы Түркістан қаласына келушілер ағынын арттыру және туристердің болу ұзықтығын ұлғайту мақсатында қаланың төңірегіндегі 60 шақырым радиуста орналасқан туристік нысандарды дамыту және қала аумағында аталған нысандар бойынша ақпараттар орналастыру керек.
Нысандардың инфрақұрылымын жетілдіре отырып, жаңа туристік бағыттар ашу жоспарлануда. Ақмешіт үңгірін туристификациялау да маңызды мәселе. Атқарылған жұмыстар нәтижесінде үңгір жергілікті маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштер тізіміне енгізілді. Қазіргі таңда үңгір орналасқан жер телімін мемлекет мұқтаждығына қайтару мәселесі қарастырылуда.
Профессор, медицина ғылымдарыныц докторы, Қазақстан Республикасы Ұлттық Ғылым академиясының академигі, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Қазақстан Республикасы ғылымына еңбегі сіңген ңайраткер Камал Ормантаев «Сарыағаш» емдеу-сауықтыру орталығының кереметтілігі, суның шипалығы жөнінде мынадай ой айтады: «Сарыағаш — қазақтың маңдайына біткен бағы» десек артық айтқандық болмас. Өткен ғасырдың 40-жылының соңынан бастап осы бір қасиетті жерден атқылап шығып жатқан кәусар бұлақты ішіп, әрі суына түсіп, қаншама мыңдаған адам ем алды десеңізші?! Сарыағаш курортының негізгі тарихы 1963 жылдың 16 қарашасынан басталады. Сол күні мемлекетіміздің біртуар қайраткері, қайталанбас тұлға Дінмұхаммед Ахметұлы Қонаев өз қолымен санаторийді салтанатты түрде ашқан болатын. Сарыағашта агротуризмнің әлеуеті зор. «Шипажайлар ол әрдайым Сарыағаштың бренді болып қала береді. Сонымен қоса бізге ауыл шаруашылығында туризмді өркендетуге болады. Қалайша? Мәселен бұрын әйгілі Қапланбек совхозына жүзімдік алқаптарын көруге, ондағы дайындалатын шарап түрлерінен дәм татып көруге елдің әр түкпірінен туристік топтарды әкелетін. Осы үрдісті қайта қолға алып көруге болады. қала іргесінде бүгінде 300 гектар жерге жайқалған жүзімдік алқаптары бар.
Онда жүзімнің жоғары сұрыпты өнімдері өсіріледі. Олар піскен кезде өңделіп тікелей Еуропаға жөнелтіледі. Міне осы алқапқа туристерді әкеп көрсетіп, тәтті жемістен одан дайындалатын әртүрлі шарап түрлерінен дәм ауыз тигізіп, дегустация жасатып, туризмнің ерекше саласы ретінде дамытуға әбден болады. Қазақстандықтар қазір шетелге көп шығады. Әсіресе ең ұнамды елінің бірі Біріккен араб әмірліктері десем қателеспеймін. Ол жердеде де туристерді қала іргесіндегі ашық құмды шөлге апарып, көңіл көтергізіп қайтады. Құмды шөлге қарағанда өзіміздің түгін тарсаң май шығатын, тасын түртсең небір тарихи оқиғалардан хабар беретін Сарыағаш аймағының артықшылығы көзге ерекше түсетіні белгілі.
Сол үшін дәл солардың жүйесін өзімізде де қолдануға болады. сонымен бірге әкімшілік жанынан тек туризм ісімен айналысатын арнайы бөлім құрған жөн. Әлгі айтылған сервисті жақсарту, туристер тарту басқа да осы салаға байланысты шаруалармен осы бөлім айналысар еді. Бұдан бөлек аймақтағы шипажай иелері бірлесіп бір одақ құрса, және соның аясында туристік саладағы, медициналық туризмдегі түйткілді мәселелерді бірлесіп шешіп отырса, құба-құп болар еді. Дей тұрғанмен аймақтың туризмнің қалай өркендетуге болады деген сауал біраз анализді, талдауды зерделеуді қажет етеді», — дейді Әбілқасым Досболов.
Сарыағаш суы таза табиғи күйінде 16 түрлі емге қолданылады. Ішу, тіс ұяларын, тоқ ішекті шаю, асқазанды жуу, тік ішекті тазалап, әртүрлі емдік клизмалар жасау, дуоденалды түтікшелеу (зондтау), гинекологиялық шаю, минералды ванналар, су астында сумен массаж, циркулярлы душ, шат арасына берілетін душ сияқты емдеудің арнайы түрлері бар. Ең негізгі ем Сарыағаш минералды суын ішу десе де болады. Суды ішкенде төмендегі 7 ережені есте ұстаған жөн:
Біріншіден. Емдік су таңертеңгі, түскі, кешкі астың алдында ішіледі. Су ішу мен тамақтану арасындағы уақыт асқазан сөлінің қышқылдығына байланысты. Асқазан сөлінің қышқылдығы төмен жағдайда ас ішуден 5-15 минут бұрын, кейде ас ішер алдында, қышқылдық қалыпты болса, 30-45 минут, ал қышқылдық жоғары болған жағдайда және асқазанның, ұлтабардың ойық жарасы (язва) кезінде 1-1,5 сағат бұрын ішуге кеңес беріледі. Бұлай ішу минералды судың асқазанға түскенде оның сөлінің бөлінуін тежейтіндігіне байланысты. Ғалымдардың пайымдауынша асқазан сөлінің қышқылшылығын, ферменттердің бөлінуін арттыру үшін минералды су тамақтың алдында ішілгені мақұл. Ондай жағдайда ішілген ас қарынның ұлтабарға өтер тұсын жауып, ішекке ауысуы кідірген себепті асқазан сөлінің барынша молырақ бөлінуіне мүмкіндік туады. Екіншіден. Минералды суды ішудің екпініне де мән беру керек. Жоғары қышқылдықта, язва ауруында оны тездетіп ішкен жөн. Ал төмен қышқылдықта асықпай, бювет ішін қыдыра жүріп, аз мөлшерде жұтқан дұрыс.
