Halyk bank әлеуметтік бағыттқа қандай үлес қосты?

263 көрілім

Тәуелсіздік алған соң Қазақстан дербес банк жүйесіне көңіл бөлді. Қазір біздің банк жүйесін халықаралық агенттіктер тәуір бағалайды. Активтері де жыл санап өсіп жатыр. Жаппай цифрлану олардың қызметін бұрынғыдан да қолайлы ете түсті. Ал дүниежүзілік нарықтық бәсекелеске үңілер болсақ, ірі банктер тікелей жергілікті елдің идеологиялық бағытына қарай икемделіп, сол аймақтың әлеуметтік статусын көтеруге ат салысады. Әрине Қазақстандық банктер де бұл стандарттан хабарсыз емес. Мәселен 100 жылдық тарихы бар Halyk Bank қоғамдық жобалар мен әлеуметтік бағытта өте белсенді. Осы сөзді растау үшін халық банк жүйесіне үңіліп, негізгі бағытына сараптама жүргізіп көрелік.

«100 жыл халықпен бірге: 100 игі іс»

«Қазақстан Халық Банкі» — 1923 жылы құрылған жетекші коммерциялық банктердің бірі. Бүгінгі таңда банк ел өмірінде маңызды рөл атқаратын республиканың ірі қаржы тобының өзегі болып табылады. Halyk Қазақстан экономикасының нақты секторының негізгі кредиторы болып табылады, сол арқылы гүлденген қоғам орнатуға өз үлесін қосып келеді. Өз мерейтойын атап өту аясында Банк «100 игі іс» жобасын іске қосты. Жыл бойы бүкіл Қазақстан аумағында Halyk банк денсаулық, білім беру, мәдениет және экология саласында қоғамдық маңызы бар жобалар мен әлеуметтік бастамаларды іске асырады. 2023 жылдың басынан бері Банк қазақстандықтарға бірнеше маңызды әрі ауқымды іс-шараны тарту ретінде өткізіп келеді. Айтулы мерейтой қарсаңында Halyk банк директорлар кеңесінің төрағасы Александр Павлов ішкі нарықта ғана емес, Өзбекстанда, Грузияда, Қырғызстанда да жұмыс істейтінін айтқан болатын. Сондай-ақ, банк халық салымдарының едәуір үлесін – 5,14 триллион теңгені шоғырландыра отырып, қоғамның жоғары сеніміне ие болып отыр, оның белсенді клиенттері– жеке тұлғалар саны 9 млн адамнан асып, Қазақстанның ірі компанияларының 80%-ына қызмет етіп келеді. Еліміздегі барлық ірі өнеркәсіп кәсіпорындарын осы банк қаржыландырады. Бұл банктің жүз жылда жүріп өткен жолының айқын дәлелі екенін атап өткен болатын. Ал басқарма төрайымы Үміт Шаяхметова елден ешқашан бөлек болмағанын, қиын сәтте көмек қолын созып, халықпен бірге болғанын жеткізді. Расымен, өткенге көз жүгіртіп көрер болсақ, ел ішіндегі ең қиын сәтте алғаш болып халыққа қол созғандардың бірі болды. Мысалы Арыстағы жарылыс, Семейдегі өрт, қаңтар оқиғасы сынды ең қиын шақтарда халыққа демеу болып, өзінің негізгі ұстанымынан таймады.

Halyk банкпен бірге нық қадам

Биыл 10 сәуірде Amanat партиясы мен Halyk банк «Қарызсыз қоғам» жобасын іске қосу туралы меморандумға қол қойған еді. Жобаның басты мақсаты жеке тұлғалар арасында проблемалық қарыз алушылардың қаржылық сауаттылығын көтеру. Жалпы жоба ауылдық елді мекендердің 80 мыңға жуық тұрғынын, оның ішінде елдің сегіз өңірін: Ақтөбе, Алматы, Түркістан, Солтүстік Қазақстан, Батыс Қазақстан, Жамбыл, Атырау және Маңғыстау облыстарын қамтиды. Қазіргі таңда республика бойынша шалғай ауылдағы тұрғындарды тегін қаржылық сауаттылық тақырыбы бойынша семинар өткізіп, бұқараның нарыққа сай бейімделуіне сеп болуды. Биыл «Қарызсыз қоғам» бағдарламасы арқылы 60 мың адамды оқыту жоспарланған. Осы жоба бойынша 60 сарапшы, 18 юрист жұмыс істеп жатыр. Сарапшылар 45 адамға банкроттыққа өтуге көмектескен және 1 181 адам реструктуризация жасап, 2 551 депозит ашылған. Осы жоба аясындағы барлық шығын халық банк есебінен жүзеге асуда. Жергілікті тұрғындар үшін тиімді әлеуметтік жобаның негізгі бастамасы тағы да Halyk банк ұстанған саясаты арқылы іске асуда.

Halyk 2023 жылы бүкіл Қазақстан бойынша қамқорлыққа алынған балалар үйлері мен мектеп-интернаттарының тәрбиеленушілері үшін «Халық лигасын» бастады. Жоба 2005 жылдан бастап 2019 жылға дейін сәтті жүзеге асырылды. Алайда, коронавирус пандемиясына байланысты оны уақытша тоқтатқан болатын. 2023 жылы «100 игі іс» аясында Банк «Халық лигасын» қайта бастады. Осы 14 жыл ішінде Halyk банк балалар үйі мен мектеп-интернаттардағы балалардың баскетбол сабақтарын қаржыландырып, үздік аймақтық тәлімгерлерді тартты, командаларды жаттығу және ойын формаларымен, сондай-ақ спорт жабдықтарымен қамтамасыз етті.

Halyk Bank өз қаражатынан Алматы мен Астанадағы 200 үйді магистральдық газға қосуды қаржыландырды. Жергілікті әкімдіктер ұсынған тізімдер бойынша халықтың әлеуметтік осал топтары (ХӘОТ) санатына жататын адамдардың үйлері газдандыруға сеп болды. Бір қуантарлығы, газды тұрғын үйге жеткізуден бастап барлық газ коммуникацияларын қосуға және қажетті жабдықты орнатуға дейінгі барлық кезеңдерді толығымен қаржыландыру банктың міндетіне жүктелген.

Halyk банктегі әлеуметтік жобалар

Халық банк тобы қайырымдылық жобаларды белсенді қолдап, спорттық және мәдени жобаларға демеушілік көмек көрсетіп келеді. Банктің әлеуметтік қызметінің басым бағыттары: балалардың денсаулық сақтау, білім беру саласындағы жобаларды қаржыландыру, мәдениетті, өнерді, бұқаралық және кәсіби спортты қолдау, қоршаған ортаны қорғау және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға қамқорлық жасауға негізделген. Мәселен, денсаулық сақтау жобалары бойынша «Аяла», «Сәби», «Бөбек» жобаларын белсенді қолдап, тұрақты түрде әлеуметтік көмек көрсетіп келеді. Одан бөлек, әлеуметтік, спорттық, мәдениет және білім беру бағытындағы көптеген жобалардың серіктесі. Осы негіздемелерді ескере келе Halyk қазіргі таңда бәсекелеске мұқтаж емес, өзінің нарықтық бағытын нақтылап алған ең ірі банк болып саналады. Бұл сөзімізді БҰҰ-ның жаһандық шартына қосылғанымен дәлелдей аламыз. Яғни Halyk Bank БҰҰ-ның Жаһандық шартына қосылған Қазақстандағы алғашқы және жалғыз банк. БҰҰ Жаһандық шарты – 1999 жылдан бері жұмыс істейтін әлемдегі ең ірі ерікті корпоративтік, әлеуметтік жауапкершілік және тұрақтылықтың бастамасы болып саналады. Бүгінгі таңда БҰҰ Жаһандық шарты 160-тан астам елден 20 000-нан астам мүше компанияларды біріктіреді. Айта кету керек, көптеген компаниялар БҰҰ Жаһандық шартына қосыла алмайды. Кейбір ұйымдар мүшелікті растауды алты ай күтеді, тіпті кейбір компаниялар сынақтан өтпей қалып жатады. Бірақ Halyk Bank Жаһандық шартқа мүшелікке көптеген басқа халықаралық компаниялармен салыстырғанда рекордтық мерзімде өте жылдам мақұлданған. Халық Банк соңғы кездері өз еркімен қолға алған Тұрақты даму мақсаттарының экологиялық, гендерлік, институционалдық және басқа да мәселелеріне қатысты барлық бастамалардың арқасында жүзеге асты.

Менің ойымша, Halyk Bank шынымен де БҰҰ Жаһандық шартының мақсаттары мен қағидаттарын жергілікті деңгейде ғана емес, халықаралық деңгейде жүзеге асыруда көшбасшы болуды мақсат етіп отырғанының дәлелі. Алдағы уақытта ел игілігі үшін халықтық банктің атқарар қызметі орасан.

Ғалия БИСЕЙІТ

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы