Өткен аптаның сенбісінде Түркістан облысы бойынша іскер әйелдер қауымдастығының мүшелері сенбілікке шықты. Олар қаладағы №3 облыстық перинаталды орталықтың ауласына шырша ағаштары мен әсем гүлдер отырғызды. Өңірдегі қауымдастық төрайымы Намазбаева Инара Әбдіғаппарқызының бастамасымен қауымдастықтың облысымызда құрылғанына 5 жыл толуына орай арулар аталған акцияға атсалысты.
Игі бастамаға іскер ханымдар өздері демеушілік жасап, жиналған қаржыға 40 дана шырша ағашының көшеті мен 50 дана хризантема көп жылдық гүлдерді сан түрлі түстерімен қаз-қатар отырғызып шықты. Ұзақ жылдан бері ағаш отырғызу, күтіп-баптау жұмысымен тұрақты түрде айналысып келе жатқан жеке кәсіпкер Үсен мырза мен Дильназ ханым сауапты іс саналатын ағаш отырғызуға айрықша үлес қосты.
Бірлік пен достықтан құралған сенбілікке орталықтың Бас дәрігері Аязбеков Ардақ Керімханұлы бастаған ұжым мүшелері және қауымдастықтың мүшесі, ОПО №3 емдеу ісі бойынша басшы орынбасары Досжанова Роза Мұратқызы қолдау көрсетіп, іскер ханымдарды құшақ жая қарсы алды.
«Бабалар еккен шынарды балалар саялайды» демекші, келешекте перинаталды орталықтың ауласында іскер әйелдер қауымдастығының қолтаңбасы қалардай шыршалар жайқалып тұратын болады. Осы перзентханада дүниеге келер ұрпағымызға сая болады. Оларды баптап суару бос уақытта орталықтағы ақ халатты қызметкерлердің еншісінде болмақ.
Сенбілік соңында Ардақ Керімханұлы іскер қыз-келіншектерді мәжіліс залда жалғасқан дөңгелек үстелде жинап, ана мен бала өміріне жауапты орталықтың тыныс-тіршілігімен кеңінен таныстырды. Алдағы уақытта қауымдастықпен іскерлік байланыс орнатып, тәжірибе алмаса отырып, бірге жұмыс атқаруға уағдаласты.
Ержан СМАҒҰЛ.