Күні кеше ғана 27 қыркүйек халықаралық туризм күні атап өтілді. Бұл айтулы мерекенің салмағы әлем елдері үшін маңызды. Себебі туризм – әлемнің әрбір оныншы тұрғынын жұмыспен қамтамасыз етіп келе жатқан сала. Көптеген мемлекеті үшін бұл экономиканың қозғаушы күші, қаржының қайнары, жергілікті тұрғындар үшін қолжетімді табыс көзі. Осы мақстата, Қасым Жомарт Тоқаев туризмді дамыту мәселесіне баса назар аударуға тиіс екенін атап өткен болатын. Тіпті республика көлемінде бірнеше бағыттағы жобалар қолға алынып, жұмыс басталып кетті. Алайда, Президент жарлығына салғырттық па, жергілікті билік Түркістан туризміне аса қатты алаңдамайтын секілді. Себебі бақандай 3 айдан бері туристік нысанның басты қайнары, сырттан келген қонақтарға жалғыз жол сілтеуге арналған «Сапар орталық (визит центр)» ғимараты құлыптаулы тұр.
Сенімгерлік басқаруға сенімсіздік
«Визит центр» ғимараты қазіргі таңда сенімгерлік басқару құқығында. Одан бөлек, Түркістан қаласындағы тағы үш нысан сатып алу құқығынсыз сенімгерлік басқаруға берілген болатын. Олар: Қолөнершілер ғимараты, Шығыс моншасы, Неке сарайы және Сапар орталығы (Визит-центр). Сенімгерлік басқарудың негізгі міндеттеріне көз жүгіртіп шықсақ, қаладағы туризмге деген көзқарастың деңгейін бағамдаймыз. Мәселен мемлекеттік нысанды сенімгерлікке өткізудегі мақсат – бюджетті үнемдеу, шығындарды азайту. Сондай-ақ, нысанның сақталуын ғана емес, пайда түсіруін де көздейді. Себебі, мемлекет тарапынан салынған қаржы өтеліп, кері қайтып тұрса, сол қаражаттар есебінен өзге де мәселелер шешімін тауып, жаңа нысандар бой көтере береді. Ол арқылы екінші тарапқа жаңа мүмкіндіктер беріледі, яғни кәсіпкерліктің дамуы мен жаңа жұмыс орындарының ашылуына ықпал болады. Ал Түркістандағы туристік ғимарат жоғарыда көрсетілген сенімгерлік басқару талаптарына сай ма? Үш айдан бері сапар орталығының жабық тұрғандығы бұл сауалымызға жауап болары сөзсіз. Одан бөлек, ғимарат ішіндегі қызметкерлер үш айдан бері айлық алмаған деген сыбыстар шықты. Тіпті бірнеше ай ғимаратта жарық болмаған.

Мәселенің мән-жайын білмек ниетпен Түркістан қаласының Кәсіпкерлік және туризм бөлімінің басшысы Талғат Қыдырбаевқа байланысқа шықтық. Алайда, шаһар туризміне жауапты басшы экономика және қаржы бөліміне жөн сілтеді. Түркістан қаласы әкімінің баспасөз хатшысы бұл мәселе бойынша орталықты қала балансына қайтаруға сот процессі жүріп жатқанын айтты. Біздің болжам бойынша, «Visit Turkistan» орталығы шығынға батқан, сол себепті қызметкерлеріне жалақы үлестіре алмай, жарық мекемесіне қарыз болған. Ендігі оқиғаның қалай өрбитіні, сот процессі біткеннен кейін мәлім болады. Ал сенімгерлік қағидатының негізгі мақсаты – бюджет есебінен нысанды күтіп ұстау шығындарын азайтату болатын. Егер олар шығындарды толық өтей алмаса компания сенімгерлік басқару қағидатын бұзған болып саналады.
Сіз кімсіз Айко?
Сапар орталығының басшылығымен байланысқа шыға алмадық. «Visit Turkistan» орталығының заңды түрде директоры – Инна Юрьевна. Алайда қызметкерлер ондай адамды танымайтынын, тек Айко есімді қыз бен Сейтжан Искабеков деген директорды білетіндерін айтты. Ал «Egov» деректеріне сүйенсек, орталық 2020 жылы алғашқы тіркеуден өткен. Бірінші басшы ретінде РЕЙ КРИСТИНА ВЛАДИМИРОВНА бекітілсе, құрылтайшы КОККОЗОВА АЙКО ЕРСИНҚЫЗЫ көрсетілген.

Жоғарыдағы қызметкерлер «Айко» деп атаған басшы шын мәнінде, сапар орталығының негізгі құрылтайшысы – КОККОЗОВА АЙКО ЕРСИНҚЫЗЫ. Қызметкерлер атын атаған соң ашық дереккөз арқылы ол туралы мәлімет іздеп көрдік. Нәтижесінде, оған қатысты біршама тың ақпаратқа қанық болдық. Коккозова Айко Ерсинқызының артында «CityLabTurkistan» ЖШС тіркелген.

Аталмыш, компания 2021 жылы Түркістан облысы мәдениет және туризм басқармасының “Облыстық мәдениет және халық шығармашылығы орталығы” мемлекеттік коммуналдық қазыналық кәсіпорнынан құны 7 млн теңгелік тапсырысты біркөзден алған. Тапсырыс мақсаты Түркістан облысының 17 аудан құрама командалары үшін FIRST LEGO LEAGUE Challenge оқыту курсын өткізу. Бір қызығы, «CityLabTurkistan» ЖШС 2021 жылдың 6 ақпанында құрылған. Яғни, құрылғанына небәрі 9 ай өткеннен кейін, Түркістан облысынан біркөзден сатып алу арқылы тапсырыс алған.
Айко Ерсинқызына қатысы бар үшінші компания – “SUCCESS K” ЖШС. Оның басшысы болып КОККОЗОВА ЛЯЗЗАТ тіркелген. Байқасаңыз, тіркелген басшының тегі «Коккозова». Бұл сәйкестік кездейсоқтық емес болып шықты. Себебі дәл осы компанияның негізгі құрылтайшысы – КОККОЗОВ ЕРСИН. Ал ол сапар орталығын сенімгерлік басқаруға алған «Айконың» әкесі. Демек “SUCCESS K” ЖШС отбасылық үлкен кәсіп болуы мүмкін.

Ал компанияның заңды түрдегі мекен-жайы Астана қаласында тіркелген. Алайда, аяқ астынан астаналық компания 2019 жылдан бастап Түркістаннан біркөзден сатып алу бойынша тапсырыс ала бастайды. Нәтижесінде, дәл осы компания үш жыл бойы Түркістан облысынан ең қомақты қаржыда тапсырыс алып келген.

Біздің көзімізге ілікке төртінші компания «Yassi Media» ЖШС. Оның құрылтайшысы ИСКАБЕКОВ СЕЙТЖАН ЕСЕНБЕКҰЛЫ. Бұл жоғарыда қызметкерлер «визит центрдың директоры» деп атап өткен Искабеков Сейтжанмен бір адам. Демек, оның визит центрда жұмыс істегенін ескерсек, аталмыш компания Айконы айналып өтпейтіні анық. Ал «Yassi Media» ЖШС небәрі 2021 жылы құрылған. Дәл осы компания биыл Түркістан қаласы әкімдігінің Инфрақұрылым және коммуникациялар бөлімінен 22 млн 767 мың тұратын тапсырсыты тағы да біркөзден алған. Тапсырыстың негізгі шарты – жөндеу, абаттандыру жұмыстары.

Түйін
Түркістан қаласындағы рухани-мәдени аймақта орналасқан, су жаңа «Визит центр» ғимараты сенімгерлік басқаруға беріледі деген уақытта біраз зиялы қауым өкілдері, депутаттар қарсы болғаны ел есінде. Себебі туризмнің кіндігі саналатын, тарихи шаһар Түркістан үшін қонақтарды қарсы алатын жалғыз орталық болатын. Енді міне, қаншама қарсылыққа құлақ аспай, үлкен үмітпен сенімгерлік басқаруға берілген ғимарат мемлекетке пайда түсірмек түгілі, өз шығындарын жаба алмай, қарызға батқан. Ал жоғарыдағы бір емес бірнеше компанияның тізгінін ұстаған құрылтайшы деректеріне сүйенсек айналдырған он шақты қызметкерге айлық төлей алмай, шығынға ұшырады дегенге сенгіміз келмейді. Жанға бататыны, Түркістан туризм күнін дүркіретіп тойлап жатқанда, ең маңызды ғимарат есігі жабық тұрғаны…
Бүкіләлемдік туризм күні құтты болсын!
Лия САУЫТ