ТҮРКІСТАН :  САУРАНДА ФУТБОЛ БӘСЕКЕСІ ӨТТІ

762 көрілім

Салауатты өмір салтын сақтау мақсатында Сауран ауданы Оранғай ауылдық округіндегі аудандық спорт кешенінде Сауран ауданы әкімдігі мен мәслихат депутаттарының қолдауымен шағын футболдан ашық біріншілік өтті. Біріншіліктің ашылу салтанатына аудан әкімінің орынбасары Мақсат Таңғатаров, аудандық мәслихат төрағасы Сержан Байсбаев, облыстық мәслихат депутаты Баймахан Сүлейменов, «Түркістан Медиа» ЖШС директоры Мәлік Дәулетов, LLF әуесқойлар футбол лигасы Түркістан қаласы бойынша филиалының директоры Нұрғали Асанов, аудандық мәслихат депутаттары қатысып, командаларға сәттілік тіледі.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа арнаған Жолдауларында өскелең ұрпақтың спорттық және шығармашылық әлеуетіне аса назар аудару қажеттігін айтты. Сондай-ақ Президент мемлекеттің және квазимемлекеттік компаниялардың бюджетінен миллиардтаған теңге тиімсіз жұмсалуда екенін айтып, қаржы тапшылығы кезінде мемлекет бюджеті есебінен кәсіби спорт клубтарын толықтай қамтамасыз етудің қажеті жоқтығын да ескертті. «Бұқаралық спортқа, дене тәрбиесіне және балаларға басымдық беру керек. Әр облыста, ірі аудан орталықтарында спорт үйірмелерін ашу қажет»,- деді Мемлекет басшысы. Бұқаралық спортты дамытып, ауыл жастарын спортқа баулуды мақсат еткен сайыста салауатты өмір салты мен ауыл тұрғындарының ынтымағы насихатталды.

Айта кетейік, теңбіл доптан өткен аудандық ашық біріншілікке 30 команда өтінім берген. Шын жүйріктер қатысатын додада ауданға қарасты 12 ауыл округінен 24 команда бақтарын сынады. Командалар бұған дейін де алаңда шапшаңдық танытып жүрген кіл мықтылар. Сайыстың бір ерекшелігі қатысушылардың жасына шектеу қойылмаған. Тіпті 60 жасты алқымдаған ардагерлерден құралған “Ардагер” командасы да ойын алаңында төбе көрсетті. Жарыстың басынан-ақ ойыншылар ерекше ептілік пен өзгеше ойын өрнегін көрсетіп, көрермен көңілінен шығуда.

Бұл сайыс — үлкен додалардың бастауы десек қателеспейміз. Олай дейтініміз, қазір ала доп шеберлері мен спорттың бұл түріне қызығушылардың саны күн санап артуда. Жарысты ұйымдастырушылар осыны ескере отырып, жастардың жігерін шыңдағымыз келеді дейді. Сондай-ақ, алдағы уақытта спорттық шараны дәстүрлі түрде өткізуді қолға алатынын айтып отыр ұйымдастырушылар. Нәтижесінде халықаралық, республикалық бәсекелерде ауданның намысын қорғайтын команда құру үшін мықты ойыншылар жасақталынып алынады.

Айта кетейік, ашық біріншілік аудандық мәслихат депутаттарының демеушілігімен аудан көлемінде алғаш рет ұйымдастырылып отыр. Екі күнге жалғасқан ала доп аламаны мәресіне жетті. Нәтижесінде Жүйнек ауыл округінен жасақталған «Жүйнек» құрама командасы жеңімпаз атанды. Құрама команда шаршы алаңда шапшаң ойын көрсетті. Соңғы минуттарда «Қосқорған» құрама командасының қақпасына 3 гол соғып басым түсті. Жеңіс тұғырына дейін «Ескі Иқан», «Қарашық», «Ынтымақ» құрама командаларын басым ұпаймен ойсыратып жеңген болатын. Жеңімпаз команда аудан әкімдігінің арнайы кубогы мен қаржылай жүлде қорына ие болды.

Екінші орынға «Қосқорған» құрама командасы тұрақтады. Финалға дейін қарсылас командаларының жеңісіне тұсау салған «Жүйнек» құрама командасымен есепті теңістіре алмады. Құрама командаға қаржылай сыйлық табысталды.

Үшінші орынға шаршы алаңда сәтті ойын көрсеткен «Ескі Иқан» командасы тұрақтады. Депутаттардың демеушілігі тарапынан берілген қаржылай сыйлықты иеленді. Доп додасының жабылу салтанатына аудан әкімінің кеңесшісі Жолдас Мырзабеков, Оранғай ауылдық округінің әкімі Берік Қуандық пен аудандық мәслихат депутаттары қатысты. Естеріңізге сала кетейік, ашық біріншілік жыл сайын ұйымдастыралады деп күтілуде. Мықты ойыншыларды іріктеп, ауданның құрама командасын жасақтауды мақсат етіп отыр.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы