ТҮРКІСТАН: ҮСТЕЛ ТЕННИСІНЕН ҚАЗАҚСТАН ЧЕМПИОНАТЫНДА ЖЕРЛЕСТЕРІМІЗ ТАБЫСТЫ ОРАЛДЫ

6  748 көрілім

Жуырда Алматы қаласында үстел теннисінен 2005 жылы туылған және одан кіші жасөспірімдер арасында Қазақстан чемпионаты аяқталды. Түркістан облысының намысын қорғаған жерлестеріміз командалық сайыста қыздар командасы күміс жүлдегер атанып, жерлестеріміздің ыстық ықыласына бөленді. Үстел теннистен бағын сынағандар ішінде Ахмадалиева Шахзода мен Серікбай Назым, Ханиязова Ноила мен Шавкатова Гулера, Ханиязова Мафтуна бар.

Ал, жекелей сында өнер көрсеткен болашағынан мол үміт күттірген Ахмадалиева Шахзода мен Серікбай Назым қола жүлдені еншіледі. Спорт сүйер қауымды өзінің талантының арқасында қуантқан аралас жұптық сында сынға түскен түркістандық

Серікбай Назым алтын медаль иеленіп, жеңіске жетті. Назым Қазақстан чемпионатында барлық қарсыластарын айқындылылықпен ұтып, үздіктердің қатарынан көрінді.

Айта кетейік, Үстел теннисі өте кең тараған ойын. Бұл үстел теннисінің спорттық және қозғалыс ойындары ретінде аса көп материалдық шығынды және спорттық жарыстарда, жаттығуларда аса көп орынды талап етпейді. Сонымен бірге ойын кезінде жоғары қозғалыс белсенділігімен ерекшелене отырып адамның бойына жылдамдық, ептілік, қимылды басқарушылық, зейінділігін арттыру, әрекет жасау, көзбен мөлшерлеу, ойлау сияқты қабілеттіліктерін қалыптастырады.

Үстел теннисі өте қызықты, жан жақты, әр жастағы адамдар үшін қол жетерлік ойын. Қимыл қозғалыстың тездігі, шабуылдардың шапшаңдығымен, техникалық қиыстырулардың кенеттілігімен оқиғалардың әсерлілігімен өзіне қатты қызықтырады. Қимыл қозғалыс, дағдылардың әр түрлілігімен, түрлі үйлестік пен күшейте түсуімен, барлық физикалық сапалардың дамуына жағдай жасайды. Ойын кезінде ойыншы жалынды, жігерлі күшпен бірге дене қозғалысына қосымша күш береді.

Үстел теннисі (Пинг-понг) – белгілі ғимарат ішінде, арнайы ойын үстелінде арнайы ракеткамен ойналатын, шапшаңдыққа бағытталған спорт түрі. Егер қарсылас арнайы допты үстелден тыс жерге асырса немесе сіздің алаңыңызға түсіре алмай допты ракеткамен торға ұрса сіз арнайы ережелер бойынша ұпай ала аласыз. Үстел теннисі әрқашан жылдамдыққа бағытталған қатал сайыс екені рас. Алғашында XIX ғасырда оны түстен кейінгі ойын ретінде ермек қылған. Ойыншылар ас үстелінің үстіне тордың орнына кітаптарды қойып, шылымның қорабымен бөтелкенің тығынын соғып ойнаған. Пинг-понг сөзі 1901 жылдардан бастап кездесе бастады. Оған дейін, ойын кезінде шығатын әр түрлі дыбыстарға байланысты “Флим-флам”, “Виф-ваф”, “Госсим” деп аталып жүрді. Яғни, ресми түрде “Пинг-понг” атауын бір ғасырдай бұрын американдық Джон Джаквес тіркеді. “Пинг” – ракеткамен допты соққан кезде шығатын дыбыс, “понг” – доп ойын үстеліне тигенде шығатын дыбыс.

Алғашқы кезде ракеткалар ретінде жылтыр ағаштар қолданылды. Оларда қазіргі таңдағыдай қаптамалар мүлде болған жоқ. Мұндай ракеткалармен қазіргі таңдағыдай түрлі әдістердегі соққылар жасау мүмкін болған жоқ. 1903 жылы Ч.Гуд алғаш рет каучуктың борпылдақ қабатынан жасалған ракетканы ойлап тапты. Өткен ғасырдың жиырмасыншы жылдары бұндай ракеткалар өте кең түрде таралып, өзге ракеткалардың бәрін қолданыстан ығыстырып шығарды. Борпылдақ каучуктан жасалған ракетка ойынды жеңіл бақылауда ұстауға мүмкіндік берді. Сонымен қатар ойын техникасына да өзгерістер енді. 1950 жылдары шыққан губкалық қабатты ракеткалар ғана качук қаптамасындағы ракеткаларды жеңе алды. Губкалық ракетка Еуропада өте кең таралып кетті. 1952 жылы Бомбейде өткен чемпионатта жапониялық Хиродзи Сато губкалық ракеткамен әлем чемпионы болды. Осы жылы жапондық команда әлем чемпионатына тұңғыш рет қатысып, шабуылдаушы тактикаларының арқасында көптеген жүлделерді еліне алып қайтты. Олардың арасында алтын медальдар да бар. Алайда губкалық ракеткалар үстел теннисінің тартымдылығын төмендетіп жіберді. Себебі бұл ракеткамен соғылған допты қабылдау өте қиын болды. Мұндай ойында физикалық күшпен атқарылатын соққылар бірінші орынға шықты да, техникалық қабілеттіліктерді қажеттілігі шамалы болды. Үстел теннисінің кең таралуына кері әсер еткендіктен, 1959 жылы губкалық резиналы ракетканы пайдалануға тыйым салынды. 1959 жылдан бастап, губканы резинаның негізі ретінде қолдана бастады. Осының әсерінен шығарылған соққыны қабылдау мүмкіндіг артып, ойында техникалық мүмкіндіктерге жол ашылды. Ойын қарқыны да арта түсті. Жасалынатын соққының тек күшпен емес, техникамен атқарылуы ойында үлкен орын атқарды.

Қазақстанда алғаш рет 1952 жылы Өскемен қаласында пайда болып, әуесқойлар арасында алғашқы турнирлер өткізілген. Бұл спорт түрі 1955 жылы әуесқой спортшы, мықты ұйымдастырушылардың бірі Анатолий Харитонович Алматыға келген кезде қарқынды түрде дами бастады. Ал 1993 жылдан бері үстел теннисінен Қазақстан Республикасының чемпионаты үздіксіз өткізіліп келеді. 2017 жылы ТМД елдерінен алғаш болып елордамыз Нұр-Сұлтан қаласы әлемнің ең үздік 16 спортшысы арасында өткен үстел теннисінен «2017 ITTF World Tour Grand Finals» финалдық турнирін қабылдады. Бұл турнир халықаралық сарапшылардың жоғары бағасына ие болды. Үстел теннисінің белсенді дамуы Қасым-Жомарт Тоқаев Федерация президенті болып сайланғаннан кейін байқалды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Республикасының Ұлттық үстел теннисі федерациясын 13 жылдан аса басқарған уақытта елімізде бұл спорт айтарлықтай деңгейге көтерілді. Бүгінгі күні федерацияны Әбілғазин Данияр Рүстемұлы басқарып келеді. Қазақстан үстел теннисі федерациясының президенті еліміздің барлық өңірлерінде үстел теннисін кеңінен насихаттауға ерекше көңіл бөліп жүр.

Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, бүгінде Қазақстанда үстел теннисімен 160 мың адам айналысады. Оның ішінде жеті мыңға жуығы тұрақты түрде шұғылданады.

Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев оқушы кезінде үстел теннисінен спорт шеберлігіне үміткер атанған. Кейін екі жылдай республикалық федерацияны басқарып, спортшыларымыздың әлемдік рейтингте үздіктердің қатарынан көрінуіне үлес қосты. АҚШ-тың бұрынғы Президенті Барак Обама үстел теннисінің нағыз шебері болған. Бұл тізімде әлемдік футбол ойынының жарық жұлдызы Криштиану Роналдудың да есімі бар. Тіпті кәсіби боксшылардың өзі осы ойын арқылы шапшаң қимылдау тәсілдерін жетілдіріп отырады екен. Үстел теннисінің адам ағзасына жағымды әсері мол. Әсіресе Қытай халқы шағын тақтадағы жарыстың жай ғана ойын емес, жылдам ойлау сайысы екенін жақсы түсінген. Сондықтан бұл спортты мектеп бағдарламасына енгізген. Үстел теннисімен шұғылданған баланың дені сау болып, сабақ үлгерімі жақсарады, әрі өзін сергек сезінеді. Бұл ойынды бұқаралық мақсатта дамытқан Қытай елінің денсаулық пен спортта қаншалықты алға кеткені белгілі. Олар үстел теннисі арқылы ұлт саулығын нығайтуға болады деп ойлайды.

Өңіріміздегі үстел теннисі жаттықтырушылар қазіргі уақытта кәсіби спортшылардан бөлек, үстел теннисінен ардагерлер арасында да халықаралық жарыстар ұйымдастыралатынын айтады. «Жасөспірімнен бастап қарияға дейін ойнайтын ойын бүгінде жалпы халықтық спортқа айналды» – дейді жаттықтырушылар.

– Үстел теннисін адамдар үйде, кішігірім алаңқайларда уақыт өткізу үшін ойлап тапқан еді, кейіннен бұл спортқа қызығушылар көбейіп, кәсіби спорт түріне айналды. Ойын бәсекелесетін екі ойыншыдан тұрады, олар үстелдің екі жағында тұрып, тартылған тордан допты қарсылас жағына түсіру керек. Негізінен, үстел теннисі көп энергияны қажет ететін спорт түрі. Мысалы бір партияның өзінде әрбір ойыншы жеті шақырым жаяу жүргендей күш жұмсайды екен. Тіпті әуесқойлардың өзі минутына жүзге жуық соққы жасап үлгереді. Бұл әрине көру қабілетін жақсартып қана қоймай, ептілікті еселеп, шыдамдылық пен шеберлікті шыңдай түсетіні анық, – дейді олар.

Қазақ танымын кеңейтіп, мергендік өнерге баулитын асық ұлттық ойынымыздың бірі болса, француз халқын теннис арқылы танып білуге болады. Үстел теннисі бастауын бірі Азиядан алады десе, енді бірі Еуропа елдерінің төл ойыны деген пікірлер айтады. Қалай болғанда да көпшілік қызығушылық танытқан спорттың салауатты өмір салтын ұстанамын деген жанға берері көп.

– Үстел теннисі шапшаң қозғалысқа құрылған спорт түрі. Бұл спорттың халықаралық федерациясына екі жүзден астам мемлекет мүше және белсенді түрде көптеген жарыстарға қатысып тұрады. Ойынның артықшылығы жылдам шешім қабылдауға және жедел қимылдауға дағдыландырады. Ойнай алмаймын деп тартыншақтау үстел теннисіне келушілерге тән емес. Себебі барлығы да еркін. Тек ойнау тәртібін меңгеріп алса болды.

Сергек болу үшін кез келген спорт түрімен айналысуға болады. Ал жылдам шешім қабылдауды үйренуге үстел теннисінің тигізер пайдасы көп. Ержан мырзаның пайымдауынша, үстел теннисі қызықты, әрі жан-жақты спорт түрі. Ең бастысы адамға пайдалы, ойлау қабілетін жылдам дамытады.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы