- ВКонтакте
- РћРТвЂВВВВВВВВнокласснРСвЂВВВВВВВВРєРСвЂВВВВВВВВ
- Skype
- Telegram
Түркістанда Сидней Олимпиадасының жеңімпазы, Қазақстан Республикасына еңбегі сіңген спорт шебері, І дәрежелі «Барыс» орденінің иегері Бекзат Саттархановты еске алуға арналған дәстүрлі республикалық турнир басталды.
Турнирдің ашылу салтанатында қала әкімі Нұрбол Тұрашбеков елге Бекзаттай ұл сыйлаған Сырлыкүл анаға құрметін білдіріп, қатысушыларға сәттілік тіледі. Спорттың дамуына сүбелі үлес қосып жүрген жаттықтырушыларды марапаттады.
Бекзат Саттархановтын анасы, Түркістан қаласының Құрметті азаматы Сырлыкүл Шойбекова өз кезегінде чемпиондық ең алдымен қайсарлықты қажет ететінін тілге тиек етті. Ұлының жетістік жолынан естеліктер айтып, турнирді ұйымдастырушыларға аналық алғысын білдірді.
Биылғы додада 2010-2011 жылы туған жасөспірімдер қолғап түйістіріп, өзара мықтыларды анықтайды. Жарысқа қатысуға 175 спортшы ниет білдіріп, бағын сынамақ. Сайыс үш күнге жалғасады.
Бекзат Саттархановтың өмір жолы:
Айта кетейік, Бекзат Саттарханов 1980 жылдың 4 сәуірінде Түркістан қаласында дүниеге келген. Үйдің кенжесі кішкентайынан әлжуаз болып өскен соң, ата-анасы Бекзатты спорт үйірмесіне беруді жөн санайды. Алғашында күрес үйірмесіне қатысқан ол балуандар сайысын құп көрмей, 1995 жылдан бастап былғары қолғапқа құмартқан.
Бекзаттың бокстағы ғұмыры бар-жоғы бес жылға созылған. Кейбіреулер үшін жылдар бойы бағынбай кеткен Олимпиада биігі Бекзатқа бес жылдың ішінде бұйырғаны да таң қаларлық жайт. Айналдырған екі жылдың ішінде ересектер құрамасына өтіп, 1998 жылы жастар арасындағы әлем чемпионатының күмісін иеленген Саттархановтан Сидней жүлдесін күткендер аз еді. Тіпті, ұлттық құрамадағы тісқаққан спортшылар болмаса, Бекзатты жақын танитын жанкүйерлердің саны да көп емес-тін.
Десе де, бала күнінен чемпиондық атақты армандап, тоқсаныншы жылдардың қиындығына қарамай жаттыққан Бекзат өз жеңісіне сенімді болып шықты.
Сидней Олимпиадасында ол әлемнің ең үздік боксшыларын жүлдеден қақты. Атап айтар болсақ, алғашқы айналымда румыниялық Овидиу Бобирнатты 14:5 есебімен жеңді.
Екінші кездесуде Оңтүстік Африка Республикасының өкілін 16:5 есебімен сүріндірді.
Саттархановтың Сиднейдегі ең басты жекпе-жегі деп Рамазан Палианимен өткен кездесуді айтуға болады. Бүкіл түрік жұртының үміті, Еуропа чемпионы Палианиді 12:11 есебімен ұтқан соң, Бекзаттың мықтылығын мойындайтындар қатары көбейді.
Жартылай финала марокколық Тамсаманиді 12 ұпай басымдығымен жеңген қазақ батырын финалда басқа емес, 1999 жылғы әлем чемпионы, америкалық Рикардо Хуарес күтіп тұрды.
Әйтсе де, азулы америкалық та Бекзатқа тісін батыра алған жоқ. Сидней Олимпиадасының финалында Саттарханов Хуаресті 22:14 есебімен таза жеңіп, Қазақстанға тарихи алтын жүлдені сыйлады.
Бекзат Саттарханов Олимпиада чемпионы атанған соң бар болғаны үш ай ғана өмір сүрді. Сол үш айда еліміздің бар өңірін аралап, өзі үшін тақым қысқан қарапайым халықпен жүздесті. Ең соңғы рет туған қаласындағы мерекелік жиында «Жылдың үздік спортшысы» атағын алды да, анасымен қоштасып, мәңгілік сапарға кете барды.
Бекзат Саттархановтың өміріндегі қызықты оқиғалар:
Еске сала кетейік, Бекзат Сидней Олимпиадасының финалына боксшы Ермахан Ыбырайымовтың спорттық жейдесін киіп шыққан. Бір деректер бойынша, ол бокстағы бетке ұстар ағасының жейдесін ырымдап киіпті. Екінші бір дерекке сүйенсек, оның өз жейдесінде жарнама жазылғандықтан, ұйымдастырушылар өз жейдесін киюге рұқсат бермеген.
Бекзат жаттығу жұмыстарынан кейін тез арада қалыпқа келетіндігімен ерекшеленген. 2000 жылдың маусымында Тайландта жаттығып жүргенде тай елінің дәрігерлері қатты таңғалады. Себебі, 33 минут жүгіріп келген Бекзат Саттархановтың жүрек соғысы 3-4 минутта қалпына келеді екен. Бекзаттың бұл ерекше қасиетін бапкерлер Тұрсынғали Еділов, Александр Апачинский, Анатолий Визирякин мен құраманың дәрігері Юсуп Шамузов қана біледі екен.
Бекзаттың бойында бала күнінен бері байқалатын бір қасиет болған. Ол өзін жеңген боксшыдан міндетті түрде есе қайтаруды мақсат тұтады екен. 1995 жылы облыстық жарыстардың бірінде Данияр есімді баладан жеңілген Бекзат кезекті сайыста қарсыласын соққының астында қалдырған. Ал Аргентинада өткен жастар арасындағы әлем чемпионатының финалында ол украиналық Сервин Сүлейменовтан жеңіліп қалады. Сервиннен жеңілгеніне қатты намыстанған ол “алдағы уақытта оны міндетті түрде жеңемін” деп бапкерлеріне сөз беріпті. Айтқандай-ақ, Ресейде өткен ТМД елдерінің боксшылары қатысқан халықаралық бокс бәсекесінде Сервин Сулеймановтың тізесін дірілдетеді. Осы жекпе жекте Бекзаттың оң қолы ісіп, бармақ сүйегі шығып кеткен. Ұлттық құраманың бас бапкері Тұрсынғали Еділов Бекзаттың бокс қолғабын күшпен тартып шешкен кезде, қолғапқа қан толып қалғанын көреді. Намысқой Бекзат бармақ сүйегі шығып кетсе де, шыдамдылық танытып, жеңіске жеткен.
Бекзаттың Бекзат есімді інісі өсіп келе жатыр. Ата-анасы Бекзатты мәңгі есте қалдыру мақсатында немерелерінің біріне Бекзат есімін берген.
Бекзат Сейілханұлы Саттарханов шаршы алаңда 143 жекпе-жек өткізіп, оның 132-сінде жеңіске жеткен.