БЕКЗАТТЫҢ ТАЛАНТТЫ СПОРТШЫ БОЛҒАНЫ ОТБАСЫНДАҒЫ ТҮСІНІСТІК, БІРЛІКТІҢ АРҚАСЫНДА

270 көрілім

«Алып анадан туады» дейді дана халқымыз. Дәрігерлер рұқсат бермесе де, Бекзаттай батыр ұлды дүниеге әкелген алтын құрсақты ана Сырлыкүл Саттарханованы ел-жұрт жақсы біледі. Олимп шыңын бағындырып, Қазақстан қоржынына бокс тарихындағы АЙТУЛЫ алтынды салған біртуар азамат тірі болғанда сәуірдің 4-і күні 42 жасқа толар еді. Отыз жылын елге қызметке арнаған аяулы жар, асыл ана, ардақты әженің өмір жолы мен Бекзат Саттархановтың жарқын бейнесі жайлы Сырлыкүл апайымыздың әсерлі әңгіме, өнегелі өсиетін өз аузынан тыңдап, сұхбат жасаған едік.

— Сырлыкүл апай, алдымен өзіңіздің өмір жолыңызға сапар шегіп қайтсақ. Жастық шағыңыз, Сейілхан ағамызбен қалай шаңырақ құрғаныңыз жайлы айтып берсеңіз…

— Мен 1950 жылы 3 шілдеде қазіргі Жалаңтөс ауылында дүниеге келдім. 8 жылдық мектепті бітіріп, 1965 жылы медучилищеге оқуға түсіп, тәмамдап, он сегіз жасымнан бастап еңбекке араласып, медпункт меңгерушісі болдым. Он сегіз жасымнан талай сәбидің кіндік шешесі болдым. 1970 жылы жолдасым Сейілхан Саттархановпен отау құрдық. Отыз жыл елге қызмет істеп, 1996 жылы зейнеткерлікке шықтым.

Құдайға шүкір, төрт ұлым болды, төртіншісі – олимпиада чемпионы Бекзат Саттарханов. Негізі менің өмір жолым қызу еңбекпен өтті. Алдыңа жылаған сәбилер, ауру адам келгенде жүрегің езіледі, көмегім тисе екен деп құрақ ұшасың. «Ауруына шипа іздеген жанға қайтсем көмектесемін» деген ниетпен халыққа қызмет еттік.

Біз Сейілхан ағаң екеуміз берекелі шаңырағымызда елу жыл бірге өмір сүрдік. Үш баламыз, шүкір, елге еңбек етіп жүр. Ал кенже ұлымыз қазақ еліне де, әлемге де белгілі Бекзаттың атын әкесі қойған. Менің өмір тарихымдағы жүрегімді қуанышқа кенелтетін керемет уақыттар осы ұлдармен байланысты деп ойлаймын. Өйткені бала – отбасының берекесі, қуанышы, мақтанышы ғой. Әттең-ай дейміз, негізі екі ұлдан соң маған дәрігерлер бала босануға рұқсат бермеді. Бірақ кейінгі екі ұлым Мақсат пен Бекзатты «ұрланып» жүріп дүниеге әкеліп, өз өмірімді балаларға айырбастаған анамын. «Баламды алдыруға, тағы басқасына рұқсат бермеймін, осы баланы босанамын және соған ризамын» деп жазған қағазым бар болатын үлкен карточкада. Міне, солай төрт ұл тәрбиелеген ата-анамыз. Бала тәрбиесінде көбінде ананың ролі зор. Өйткені ұл-қызымен көп уақыт өткізіп, қасында болатын, олардың арман-мақсатын танитын аналар. Ер кісі түздің адамы ғой.

— Сіздердің шаңырақ құрған уақыттарыңыз алмағайып заманға тап келді ғой. Сол кездің қиындығына қалай қарсы тұрдыңыздар? Жетіспеушілік, дағдарыс дегендерден батыр ұлдарды жетілдіріп шығару оңайға түспеген шығар.

— Біздің уақытта қиындық көп еді. Қазір айтсаң, ертегі секілді естілуі мүмкін. Сейілхан ағаң екеуміз қосылғанда табатын айлығымыз азғантай-ақ теңге болатын. Қатты жоқшылық қысқан уақыттар да кездесті, рас. Өмір болған соң бәрі болады емес пе? Егер ерлі-зайыпты тіл табысатын болса, қиындықтың өзі жеңіледі. Біз жолдасым екеуміз кішкентайымыздан бірге өстік. Бір сыныпта оқып, медколледжге бірге оқуға түстік, жұмысымыз да бірге болды. Бір-бірімізді түсіндік. Қанағат болды. Тәрбиенің орны да ерекше. Бала кезден отбасымыздан берекелі өмір көріп өстік, мұның да әсері болды ғой деймін. Әйтеуір ауыр кезеңдердің бәрін екеулеп жүріп бірге көтердік. Балаларымыз да біреуден кем болып өсті деп айта алмаймын. Бекзаттың бапкерлердің көзіне түсіп, талантты спортшы болғаны отбасындағы түсіністік, бірліктің арқасында шығар деп ойлаймын.

— Бесікте жатқан Бекзатқа қарап оны Олимпиада чемпионы болса деп армандапсыз. Бұл арманның тууына не себеп болды? Бекзат ағамыздың аталары балуан болғанын, өзіңіздің де жеңіл атлетикаға бейім болғаныңызды естідік. Осының бәрі талантты боксшының спортқа деген талабын шыңдаған болар?

— Біздің кезіміздегі мектеп керемет еді ғой. Интернет, телефон жоқ болатын. Қай нәрсеге икеміңіз бар болса, мұғалімдер алып кетіп үйірмеге қатыстыратын. Иә, Сейілхан да, мен де спорт үйірмелеріне қатыстық. Мен жеңіл атлетикаға жақын болдым, мектепте бәрі мені желаяқ деп атап жүрді. Әкем қыз баланың спортпен айналысқанын жақтырмайтын, бірақ мұғалімдер мені сұрап алып, жарыстарға қатыстыратын. Сөйтіп, 8-сыныпты бітірер жылы облыстық жарыста бірінші орын алдым. Қыз балада спортты алып жүретін мақсат болмайды ғой көп жағдайда, сөйтіп, медучилищеге келдік. Волейболға да қатыстым сол кездері, сосын бойжетіп кеттік те, бәрін тастап оқу мен жұмысқа кірістік. Сейілхан ағаң да спортты өте қатты жақсы көрді. Боксқа, жеңіл атлетикаға қатысты. Кеңес заманында үйімізде қорап-қорап спорттық газет-журналдар тұратын. Бізді көріп, сол газет тігінділерін оқып өскен балаларымыз да спортқа бейім болды. Аталарымыз да балуан болған адамдар.

— «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің» деген керемет сөз бар. Бекзат ағамызға дейін өмірге келген перзенттеріңіз де елге белгілі тұлғалар ғой. Балаларыңыздың бір-біріне жанашыр, қамқор боп өсуіне не ықпал етті деп ойлайсыз? Әр отбасының өзіндік сыры, дәстүрі бар. Отбасылық ұстанымдарыңыз туралы айтып берсеңіз, ұрпаққа үлгі болсын.

— Иә, отбасымызда өз ұстанымдарымыз болды. Қазір қарап отырсам, көп нәрсеге қарным ашады. Балалар қараусыз қалып жатыр. Ата-аналар таңертең жұмысқа кетеді, кешке келеді. Сол аралықта балалар уақытылы тамақ ішті ме, бос уақытын қалай өткізіп жатыр деген есеп жоқ қой. Ал біздің уақытымызда сондай есеп болды. Өз басым азанда тұрғаннан ұлдарымның күнделікті тамағын беріп, түсте өзім тамақтанбасам да солардың түстенгенін көзіммен көріп, соған риза болатын едім. Үлкен екі баламыз күреске қатысып, жаттығуларына барып жүретін. Ағайынды Саттархановтар боп танылды халыққа. Сол уақытта газеттерге шығып, біраз биіктерді бағындырып еді. Одан кейінгі ұлымыз Мақсат бокспен айналысып, үлкен турнирлерде жеңімпаз боп жүрді. Осының бәріне жету үшін бірінші жақсы тәрбие керек. Сосын біздің үйде қыз бала болмағандықтан, өзім азанда жұмысқа кеткенде ыдыс жуу керек болады немесе кір жуу керек болады. Осыны ұлдар өздері істеп өсті. Балаларымды еңбекке, тазалыққа дағдыландырып өсірдім. Тіпті күн сайын кезекшілік қойып, үй тазалау, сырттың жұмыстарын реттеу дегендей шаруаларды бөліп беретін едім. Қыз бала болмаса да, осылай әрқайсы бір-біріне қолғабыс етіп ер жетті.

— «Баласы атқа қонса, анасы үйде тақымын қысады» ғой. Бекзат ағамызды сын сағаттарда қалай жігерлендіргеніңізді айтып беріңізші.

— Жарыс болған соң бірде жеңіс, бірде жеңіліс болады ғой. Кейде бұрмалаушылық та кездесіп жатады. Қазақстан біріншіліктерінде өзінен жасы да, атағы да үлкен ағаларын алдына шығарып, Бекзатты бір саты төменге ысырып қояды екен. Соған Бекзатым қатты ренжіп келетін, бірақ қай жарыстан болсын жүлдесіз оралған емес. Ол уақытта телефон деген жоқ. Баламыздың кеткенін білеміз, қашан келетінін білмейміз. Бекзат келсе үйде кішігірім той болады. Жарыстан жеңіліп келгенде көңілі түсіңкі болса, есіктен кіре «ой, балам, мазаң жоқ қой?» деп әдейі сұраймын, сол кезде өкпе-ренішін айтып тастайды. Жанында отырып біраз қайрайтын сөздер айтатын ем. Сондағы қолдап, жұбататын сөздерім ұлыма жігер береді екен. Кейін есейгенде өз-өзіне қолдау білдіріп отыратын болды. Жеңіліп қалса да жасымай, менің бұрын айтқан ақылдарымды қайталап, рухты, намысшыл боп өсті. Өкінішке орай, Бекзатымызға небәрі жиырма ғана жыл ғұмыр беріпті. Бес жылдың ішінде ол бокстың барлық қыр-сырын меңгеріп, алдағы мақсатына ғана өмірін арнады. Осындай жетістіктерге жету үшін әуелі жақындардың жәрдемі керек деп ойлаймын. Біздің, ата-ананың бір ауыз жақсы әңгімесі, қолдауы балалардың жанына ем ғой.

— Бекзат ағамызды қандай қиындықпен дүниеге әкелгеніңізді айтып өттіңіз. Сол кезден-ақ батыр ағамыздың айрықша адам екенін ішіңіз сезген болар?

— Ерекшелігі сол кезде-ақ байқалатын. Бірақ мінезі жібектей жұмсақ еді. Рингтегі оның реңі мен күнделікті өмірдегі сәттерін қарасаңыз, ол баланы боксшы деп айта алмайсыз. Ашулануды, біреуге дөрекі сөйлеуді білмейтін, жымиып қана жүретін иманды, ақылды, алғыр бала болды. Қанша шаршаса да қабағын шытып қарамайтын адам баласына. Бекзаттан басқа мамандық иесі шығатын шығар деп ойлайтынмын. Бір қызығы, 2-3 жасар шағында балабақшаға жетектеп бара жатсам, орыс ағайындардың ауласында өсіп тұрған гүлдерді көріп, соны үзіп алып бермейінше жүрмей тұрып алатын. Гүлге қатты құмар еді. Сол мінезінен, сол тәрбиесінен айнымады еш уақытта. Мектебінде ағайынды екі бала болды, бірі Бекзатпен сыныптас, екіншісі бірі жас үлкен. Әке-шешесі жоқ балалар екен, дене тәрбиесі сабағында спорттық киімдері болмағасын мүғалімдері ұрысатын көрінеді. Ұлым үйге келіп, «мама, ағаларымның сыймай қалған киімдері болса соларға берейікші. Киім әперетін әке-шешесі жоқ қой. Ал апай-ағайлар оларға ұрыса береді» деп жүрегі езіліп тұр. Сол кезде 4-сыныпта оқитын. Ол уақытта спорт дүкендері жоқ, жалпы дүкендер ғана бар. Содан мен келісіп, екі баланы ертіп кел деп тапсырдым. Дүкенге апарып әлгі балаларға киім алып беріп, Бекзатқа «саған не әперейін?» десем, бұрыштағы допқа қызығып, алғысы кеп тұр екен. Қызыққан добына қолы жетіп, ана жетім балаларға киім алып бергенімдегі баламның қуанышы әлі көз алдымнан кетпейді. Өзі киінгендей бақытты боп тұрды. Осындай сәттерден оның өзгеше бала екенін бірден байқайтынмын. Мектепте де жаман аты шықпады. Жақсы балаларды, әсіресе, мінезі өзіне ұқсас, тәрбиесі де жақсы жігіттерді жанына жақын тұтатын. Бүгінде сол достарының бәрі халықтың қалаулы азаматтарына айналды.

— Бекзат ағамызға талай қыздар ғашық болғанын білеміз. Осы орайда, келіндеріңізді өзіңіз таңдадыңыз ба, әлде ұлдарыңыздың таңдауы болды ма деген сұрақ туып тұр.

— Жоқ. Біз Сейілхан ағаң екеуіміз өзіміз таңдап, өзіміз шешім қабылдап шаңырақ құрдық қой. Сол секілді біз де ұлдарымыздың ешқайсына үстемдік жасамадық. Мен отау құру жағын жастардың өз таңдауына берсек бір-біріне жауапкершілікпен қарап, бір-бірін түсіне, кешіре, сезіне алады деген пікірдемін. Сондықтан да мен ол жағына араласпадым. Өздері тәуір көрген қыздарын алып келді, ешқайсысы жаман болмады. Құдайға шүкір, бүгінде он немерем, алты шөберем бар. Немерелерім де мектепті озат оқып, жақсы жұмыс істеп жүр.

— Өзіңіздің келіндік өміріңіз бен қазіргі келіндеріңіздің өмірінен қандай айырмашылықтарды байқайсыз?

— Өте көп айырмашылық бар. Қазір біздің уақыттағы келіндік өмірді айтсам, ертегі айтып отырғандай боламыз ғой(күлді). Қазір бәрі дайын. Бір түймесін бассаң болды, кір жуылып, тамақ жасалып, жылу қосылып тұрады. Барлығы оңай дейміз біз, бірақ сонда да қазіргі келіндерге оңай емес, өз қиындығы бар, уақыт жетпейді. Ал енді біздің уақытты айтып берейін. Біздің уақытта азанда тұрғаннан бастап шаруамыз шаш етектен болатын. Ерте тұрып бау-бақшаға барлық жеміс, көкөністерді егетінмін. Базардан ештеңе сатып алмай, қол өнімдерін пайдаланып, бәріне үлгеріп жүретін едім. Ол жылдарда қазіргідей бәрі қолжетімді емес еді. Одан қала берді жұмыс пен балаларға қараймын. Сөйтіп, кіріміз де жуылып, бақшамыз да көктеп, жұмысқа да, балалардың сабағына да қарайлап үлгеріп жататынбыз. Қарап отырсаңыз ауыр қол еңбегі ғой бәрі. Бірақ сол ауырлықты тіпті сезінбейтін де едік. Ал қазір жаңағы айтқандай, бәрі дайын. Бірақ уақыт жетпейді. Заманына қарай қазіргі келіндердің майда-шүйдесі көп. Келіндер тойға баратын болса уақыттарының бәрін шашын жөндеуге, бетін бояуға жібереді. Қол еңбегін көп істемесе де, шаршаңқы. «Неге?» деген сұрақ туады осы жерде. Оған себеп – заман мен уақыт. Экология да, ауа райы да өзгеріп кетті. Небір сұмдықтарды да көріп жатырмыз. Мысалы, бұрын СПИД деген ауруды оқығанымыз болмаса, білмейтін едік. Қазір соның бәрі келіп жатыр, тіпті мынау КОВИД деген ауруды да көрдік, балам. Келіндердің, жалпы адамдардың шаршап жүретіні содан шығар деп ойлаймын. Тіпті «неге артықтау жұмыс жасамайсың?» деп келіндеріме айтуға да ұяламын. Керісінше, келіндеріме шайын қойып, тамағын дайындап қолғабыс боп жүремін. Қазіргі енелер «келін бәрін білу керек» дейді де, оларға көп жүк артып, сынап жатады. Меніңше, аналар келіннің кем-кетік тұстарын өздері үйретіп, баулып отыруы керек.

— Құдайға шүкір, немере, шөбере сүйіп отырған сүйікті әжесіз. Бала тәрбиесіне қатысты қандай ақыл-кеңестермен бөлісер едіңіз?

— Қазақта үлкен кісілерге «ардақты қария боп қартай» деген тілек айтылады. Жақсы ұрпақ тәрбиелеп, асыл ана, ардақты әже болу үшін мен де жастарға өсиет, тағылым айтып жүремін. Теледидардан небір жаман хабарларды көріп, қорқып отырамын. Қыздарымыз, ұлдарымыз шет жақта оқып жүргеннен соң, ақыл қосып, жақсы мен жаманды, арам мен адалды айыра алсын деп, келіндеріме де кеңес беремін. Жастарға айтарым, адам бірінші жақсы ата-ана бола білу керек. Құдай перзент сүйдіргеннен соң олардың болашағына, жағдайына қарау керек әрі соған міндеттіміз. Бала шаңырақта нені көріп өссе, өміріне соны азық етіп, солай тәрбиеленеді. Бастысы, аналар ақылды болса, перзенттерін жылатпаса екен.

— «Адамға адам, сөзге сөз жарығын да, көлеңкесін де түсіріп тұрады» деген қанатты сөз бар. Тағылымды, парасатты әңгімелеріңіз талай адамның санасына жарық түсіретініне сенімдімін. Сұхбатымыздың соңын елге айтар ізгі тілегіңізбен аяқтасақ…

— Заман өзгеріп жатыр. Дәл қазірдің өзінде Кеңес Одағы кезінде бауырлас болған, бір құшақта өскен Украина арандатудың кесірінен қаншама зардап шегіп жатыр. Сондайдан сақтасын, бетін аулақ қылсын деп тілеймін. Ең бірінші амандықта, шаңырақтарыңыз шайқалмай өмір сүруді бұйыртсын дегім келеді. Күні кеше ғана Президентіміздің қандай керемет жолдауы болды. Жақсы әңгімелер айтылды. Қас қақпай тыңдадық. Халық болмаса, біз болмасақ, президенттің де қолынан ештеңе келмейді ғой. Сондықтан көңіліне қонып жатса, сол кісінің айтқанына сеніп, тіршілік жасап, халық та тыныш, бейбіт өмірді сақтаса деп армандаймын. Еліміз аман болсын, өсіп-өне берейік!

— Сұхбатыңызға көп рақмет, Сырлыкүл апай!

Әңгімелескен:

Дәурен ТІЛЕУХАН.

Б.БАЙРАМ: ТҮРКІСТАН ТАРИХЫ ТУРАЛЫ ІРГЕЛІ ЗЕРТТЕУЛЕР КЕРЕК

Бүгінде ғылымның өзекті мәселелерін көтеруде түркітану ғылымының маңызы зор. Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті мен жанынын ашылған Түркология ғылыми зерттеу институты түбі бір түркі халықтарының тарихы мен мәдениетін зерттеп әлемге танытатын білім мен ғылым ордасына айналып келеді. Осы орайда біз институт директоры Бүлент Байрам мырзамен орталықтағы зерттеулер барысы жөнінде сұхбаттасқан едік.

– Түркология ғылыми-зерттеу институтының директоры ретінде өзіңіз басшылық ететін ғылыми-зерттеу орталығының бағыт-бағдарын айтып берсеңіз. Болашақтағы жоба-жоспары қандай?

– Түркология – түркі халықтарының тілі мен әдебиетін, тарихы мен антропологиясын зерттейтін ғылым саласы. Мәдени және рухани құндылықтарды жинақтап, басын біріктіреді. Нақты айтқанда түркі халықтарының тілі мен әдебиеті, фольклоры, этнографиясы тарихы, археологиясы, теологиясы сияқты көп нәрсені қамтиды. Сондықтан институттың негізгі бағыт-бағдары – түркі мәдениетіне негізделген, түркология ғылымына тән тілдік, тарихи, археологиялық ескерткіштерге байланысты теориялық-әдіснамалық зерттеу жүргізу. Осы бағыт арқылы ғылым мен білімнің дамуын және өндірістің өркендеуін нығайта аламыз. Түркі жұртшылығының білім ошағы саналатын университеттің де зияткерлік және инновациялық әлеуетін көтереміз.

Түркология Батыста өте жоғары деңгейде дамыған ғылым. Еуропада, Ресейде бұл тарапта жүйелі ғылыми зерттеу мектептері қалыптасқан. Көне түрік тілін зерттеген, грамматикасын жүйелеп жазған Аннемари фон Габайн айтады: «Түркология ғылым, сонымен қатар ол да бір машық немесе кәсіп. Бірақ түрік халықтары үшін кәсіптен гөрі, ұлттық міндет, парыз деп есептеймін», дейді. Мен бұл пікірмен толық келісемін. Сондықтан біз ұлттық міндетті атқарғандаймыз. Тарихымыз бен тек-тамырымызды зерттеп-зерделеу бойынша жұмыс істеуге міндеттіміз. Институтта тіл бойынша еңбектер жазған ғалымдар, фольклортанушылар, әдебиеттанушылар, тарихшылар, археологтарымыз бар. Әрқайсысы өз саласы бойынша зерттеулер жүргізіп келеді. Бірақ біз мұнымен ғана шектеліп қалмаймыз. Бүгінде Түркістан түркі халықтарының рухани орталығына айналды. Сондықтан, біз Түркологияны тереңдеп зерттеуге міндеттіміз, осы бағытта көп жұмыс істеуіміз керек. Түркіні зерттеу тек Түркияның не Қазақстанның ғана мүддесі емес. Ол тұтас түркі халықтарының Еуропадан Камчаткаға, Солтүстік мұзды мұхитқа, Үндістанға дейін, араб елдеріне ұласқан тұтас аймақтарда өмір сүретін түркі халықтары бар. Олардың кейбірі өзгеріп, тілдері ұмытылып өзге халықтардың құрамына еніп кеткенмен олардың түбі бір түрік халқынан тараған ұлттар мен ұлыстар екені мәлім. Міне, біз осынау үлкен географиялық аймақты алып жатқан Түрік дүниесін, түркі халықтарының тілі мен әдебиетін, этнографиясын, тарихын, археологиясын зерттеу мақсат-міндетіміз деп есептейміз.

Болашақта қандай міндеттер қойылмақ? Түркістанды – түркі дүниесінің рухани астанасы деп білсек, біз осы түркілерді біріктіретін рухани тамырларымызды зерттеуіміз керек. Іргелі зерттеулер Түркістанда жасалуы тиіс. Түркология ғылыми зертеу институтын түркология ғылымы бойынша үлкен орталыққа айналдыруымыз керек. Біздің бірінші міндетіміз осы. 2002 жылдан бері институт жанынан шығатын (тоқсандық) үш айда бір жарық көретін «Түркология» журналын шығарып келеміз. Осы ғылыми басылымымызда, өткізіп жүрген конференция, дөңгелек үстел материалдарында Түркологияның өзекті мәселелері талқыланады. Ғылыми принциптерге сүйене отырып, өз көзқарасымызды, ұстанымымызды танытудамыз. Қысқасы, алдағы уақытта институтты түркология ғылымы бойынша ірі, іргелі зерттеулер жасайтын орталыққа айналдырсақ деген жоспар бар.

– Түркі халықтарының тарихи тамыры, рухани-мәдени өмірі бір-бірімен етене байланысып жатыр. Бұл турасында кезінде «Ататүріктің де айтқаны бар: «Тіл деген бір көпір, тарих бір көпір, мәдениет деген көпір, осы көпірлерді құлатпауымыз керек». Болашақта өзара ықпалдастық, ынтымақтастық тұрғысынан қандай мәселелерде бірігуіміз керек деп ойлайсыз?

– Ататүрік бұл пікірін білдірген кезде Кеңес үкіметінің кезі еді. 1933 жылы Түркия тәуелсіздігінің 10 жылдығына орай өткен жиында Мұстафа Кемал Ататүрік: «Бүгін Кеңестік Ресей – көршіміз, одақтасымыз. Бұған біз бүгін мұқтажбыз. Бірақ, ертең не боларын ешкім кесіп айта алмайды. Дәл Осман империясы сияқты, дәл Австрия-Венгрия сияқты оның да ыдырауы мүмкін, бөлшектенуі мүмкін. Бүгін қолында мықтап ұстап отырған халықтары уысынан шығып кетуі мүмкін. Әлемде сонда жаңа тепе-теңдік орнайды. Міне, сонда Түркия не істейтінін білуге тиіс. Біздің бұл «досымыздың» билігінде тілі бір, наным-сенімі бір, өзегі бір бауырларымыз бар. Соларға қол ұшын беруге дайын болуымыз керек. Дайын болу деген сөз – сол күнді күтіп отыру деген сөз емес. Әсіресе, рухани көпірлерге мән беруіміз керек. Тіл – бір көпір, наным-сенім – бір көпір, тарих ­­– бір көпір… Бүгін біз олардан тіл тұрғысынан да, салт-дәстүр жөнінен де, тарихи байланыстардан да ажырап, өте алыста қалып қойдық. Біз тұрған белес дұрыс па, олар тұрған деңгей дұрыс па, мұны есептеп жатудың пайдасы жоқ. Олардың бізге жақындасуын күте алмаймыз. Біз оларға жақындасуымыз қажет. Тарихи байланыстарымызды жаңғыртуымыз керек, — деген болатын. Содан 58 жыл өтіп, КСРО ыдыраған кезде, Ататүріктің сөзін ұмытпаған Түркия Қазақстанның тәуелсіздігін бірінші болып мойындады.

1991 жылы Кеңес үкіметі құлап Тәуелсіздікпен бірге шаңырақ көтерген осы оқу ордасы, оның іле-шала Қазақ-түрік университетіне айналып, қос елдің достығының символына айналып күллі түрік балаларын бір шаңырақ астына біріктіріп білім беріп отырған осы Ахмет Ясауи университетінің өзі туыстығымыздың, достығымыздың, яки Ататүріктің жоғарыда айтылған пікірінің жемісі деуімізге болады.

Түркология ғылымы, түркі тануды зерттеу бұл университетіміздің алғашқы жылдарынан бастау алады. Университеттің бірінші жылдарынан бастап негізінде бар дүние деп айта аламыз.

Жалпы алатын болсақ, Түркияда түркология ғылым Ататүріктің тұсында бастау алған. Ол «Түрік тілі», «Түркі тарихы» орталықтарын құрды. Өткен ғасырдың басында, осыдан 100 жыл бұрын шамасында Алаш қайраткерлері А.Байтұрсынұлы, М.Жұмабаев, Ә.Бөкейхандар, Еділ-Жайық бойындағы түріктер: татар-башқұрттар, татар зиялысы Ы.Гаспыралы, өзбек зиялысы Абдулла Чулпон болсын, Анадолы зиялылары болсын, қысқасы сол дәуірдегі түрік халықтары зиялылары бір-бірінің шығармаларын оқып, аудармасыз-ақ түсінетін халде еді. Ол кезде түрік халықтары оқымыстыларында өзара мықты мәдени байланыс, жақындық болған. Үлкен Түркістан, Ұлы Түркістан ұғымы болды. Бірақ, түрлі саяси жағдайлардың әсерінен біз бір-бірімізден алшақтап кеттік. Қазір, бір өкінішті жайт: туыс болсақ та біз бір-бірімізді аудармасыз түсіне алмаймыз.

1992 жылдан бастап Түрік тілдес мемлекеттердің Саммиті өткізіліп келеді. 1993 жылы «Түркі мәдениетін және өнерін дамыту халықаралық ұйымы» (TÜRKSOY) жұмыс істейді. 2009 жылдың 3 қазанында Нахчыван келісіміне сәйкес Түркі тілдес мемлекеттердің ұйымы ретінде Түркі кеңесі құрылған еді. Түркі Кеңесінің VIII саммиті 2021 жылдың күзінде Ыстанбұлда өтті. Осы алқалы басқосуда – ұйымның атауын Түркі мемлекеттері ұйымы деп өзгерту туралы шешім қабылданды. Әріптес елдер мен бақылаушылардың мәртебесі нақтыланды. Сондай-ақ бауырлас түркі елдерінің «2040 тұжырымдамасын» бекітті. Бұл тұжырымдама, яғни Президенттеріміз қол қойған маңызды құжат, біздер үшін 2040 жылға межеленген бағдарлама. Бұл тұжырымдамада көп маңызды нәрселер жазылған. Онда тіл, мәдениет, туризм, экономика бойынша өзара ынтымақтастық байланыс туралы жоспар бар. Алда, көп игі жұмыстар жүргізіледі деп ойлаймын. Келешекте біз мемлекеттік өзара достық байланыс жұмыстарын жүргізу арқылы жаңа буынды жақындастыруымыз керек. Жас ұрпақтың санасына түркілік тек тамырымызды, тарихымызды танытуда көп түсіндірмелер жасауымыз керек деп ойлаймын. Түркологияның маңызы осында. Түркияда біз Мағжан Жұмабаев, Абдулла Чулпон еңбектері бойынша түрік филологиясы кафедраларында диссертациялар жазылып, ғылыми айналымға енгізілді. Ататүрік айтқандай, тіл-әдебиет бойынша да, мәдениет бойынша да біз бір-бірімізге өте жақын, туыс халықтармыз. Түбіміз, тамырымыз бір. Осыны кейінгі буын жастарға, жаңа толқын ұрпақтарға ұғындыруымыз керек.Оны қалай ұғындырамыз? Түркология орталықтары мен зерттеу институттарының жұмыстары арқылы жүргізе аламыз. Ғалымдар зерттеу жасағанда, мысалы бір мәтінді оқып қарағанда түрік халықтарының жақындығын таниды, сонымен қатар айырмашылықтарын да аңғарады. Біздің туыстығымызбен қатар алшақтығымыз да бар екен ғой деп ойлауыңыз мүмкін. Айырмашылықтар әрине, әр халықтың менталитетіне байланысты болады.

Мәдениет жағынан жақынырақ болуы үшін бірлік керек. Бізде тұтас түрік халықтарының әдебиеті мен тілі, фольклоры деп қарастырылады. Тұтас Түрік елдері, бір туған түрік баласы деп қараймыз. Түркияға оқуға барып жүрген жастар мұны біледі. Қазақстан, Өзбекстан, Түркіменстан, Әзербайжан т.б. қай түркі тілдес мемлекеттерден болсын Түркияда жүрген бауырлас елдердің өкілдері өздерін жат, «шетелдікпін» деп сезінбейді, Түркия – түрік халықтарының өкілдерін өз баласындай бауырына тартады. Мұнда, жалпы түркі тілдес Орталық Азия елдерінің барлығында өкінішке қарай ұлтқа байланысты, менталитетке орай айырмашылықтарға басымдық беріліп кеткендей. Өкінішке қарай, біз мұнда «шетелдік», яки «түркиялық» екенімізді сезініп қаламыз, Түркі халықтарының өкілдері қай елде, қай мемлекетте болмасын өзін шетелдік, жат сезінбеуі керек. Біз бір-бірімізге бөтен емеспіз ғой. Осы көзқарасты жоюымыз керек деп ойлаймын. ХХ ғасыр басында Қырым татарлары өкілі, Жәдид мектептерінің негізін салушы ағартушы Исмаил Ғаспыралы шығарған «Тәржіман» газеті сол тұстағы күллі түрік халықтарына таралған. Соны түсініп оқи білген еді аға буын. Ысмаил бей Гаспыралы айтқан «Тілде, пікірде, істе бірлік!» болды. Осы сөз әлі де өзекті, осы бірлік қазіргі бізде болуы тиіс. Тіл бойынша, мәдениет бойынша да, экономика тарапында да бірлік керек. Мұны модерн, заманауи талаптарға да сәйкес келетіндей жасауымыз керек деп ойлаймын.

– Түркі әлемінің төрі – Түркістан. Түркістан ұғымы түркі дүниесінде зор маңызға ие. Түркістанның жаңа статусына сай, бауырлас елдер ынтымағын нығайтуға бағытталған қандай іс-шара өткізу ойларыңызда бар?

– «Түркістан», «Тұран» деген ұғымның өзі терең. Түпкі мәні «Түркістан – түріктердің, күллі түрік халықтарының мекені» деген ұғымды білдіреді. Бұл үлкен географиялық аймақ. Кейін саяси-тарихи себептермен Шығыс Түркістан, Батыс Түркістан деген бөліктерге бөлінді. Үлкен, тұтас Түркістан тарихтан мәлім осылай жіктеліп, бөлініп кеткен-ді. Қазір ол елдердің әрқайсысы жеке шаңырақ, дербес мемлекет. Бұлардың әрқайсысының салмағы, өз орны бар, әлем құрметтейтін елдер. Мағжан Жұмабаевтың «Түркістан – екі дүние есігі ғой, Түркістан ер түріктің бесігі ғой» деген жыр жолдары дәл осы Ұлы Түркістанға бағытталып жазылған болатын. Алаш қайраткері Мұстафа Шоқайдың «Үлкен Түркістан, тұтас Түркістан» идеясына үңілсек те бұны ұғамыз. Бүгінде Орталық Азия деп аталып жүргенімен, ол осы Үлкен Түркістан, тұтас Түркістан көрінісіндегі елдер ғой. Өкінішке қарай, Ұлы Түркістан ұғымын кешегі Кеңестік империя ауқымын тарылтып, мәртебесін барынша төмендетуге тырысып келгені белгілі.

Кейінгі уақытта Түркістан қаласының облыс орталығы болып, жәдігер шаһарға ерекше көңіл бөлініп, «Түркі халықтарының рухани астанасы» деген мәртебеге ие болуы қуанарлық та, құптарлық жайт. Қазақ елі Үкіметінің бұл шешімі өте маңызды, тарихи мәні зор шешім деп санаймын. «Түркістан» деген атаудың өзі бізді, түркі халықтарын біріктіретін ұғым. Бір-біріміздің туыстығымызды, тұтастығымызды ұдайы еске салып отыратын ұғым деп ойлаймын. Біз де өз тарапымыздан бұл мәртебеге лайықты қызмет етуге тырысамыз, әлбетте. Түркі әлемінің рухани астанасы деп жарияланған Түркістанның жаңа мәртебесіне жарасатындай орталық болуы үшін қолдан келгенше, мүмкіндігінше еңбек жасап жатырмыз.

Университеттің 30 жылдығы аясында оқу орнымыз 30 ірі жобаны жүзеге асыруды жоспарлаған болатын. Біздің «Түркология» ғылыми зерттеу институты да сол жобалардың бірі де бірегейі ретінде «Түркі әлемі интеграциясындағы ТҮРКІСТАН концепциясы (тарихи және әдеби мәтіндердегі ортақ мемлекет ұғымы) деген жобаны қолға алдық. Бұл жобаны университетімізге қарасты «Еуразия» ҒЗИ-мен бірге жүзе асырмақпыз. Қорытындысы осы жылдың аяғына желтоқсан айында шығатын болады. Жобаға түрік тілдес елдерден көптеген ғалымдар, зерттеушілер қатысатын болады. Бұл жоба Түркі халықтарының ортақ отаны – Түркістан атауының әр кезеңдегі тарихи-әдеби шығармалардағы көрінісін айқындай түсетін бір монографиялық зерттеу болмақ. Аталмыш зерттеу бүгінгі таңда бірнеше Түркі тілдес мемлекеттер орналасқан ауқымды географиялық кеңістікті сипаттайтын Түркістанмен байланысты.

Түркі әлемі интеграциясындағы Түркістан концепциясы (тарихи және әдеби мәтіндердегі ортақ мемлекет ұғымы) атты жоба тарих және әдебиет саласында еңбек ететін ғалымдардың Түркістан туралы жазылған еңбектеріндегі түпнұсқа тарауларын қамтитын бір монографиялық зерттеу жоспарланып отыр. Бүгінде академиялық және атақты еңбектерде тарихи Түркістан атауының орнына Орталық Азия атауының жиі қолданылатынын байқаймыз. Алайда түрік деректерінде, батыс ғалымдары, саяхатшылары, миссионерлер мен тарихшыларының жазып қалдырған көптеген еңбектерінде «бұл географиялық аймақта түркілер мекендеген ел» деген мағына беретін Түркістан сөзін қолданғаны бәрімізге мәлім. Бірақ бұл атау бүгінгі таңда күн тәртібіне енгізілсе де, тарихи атаудың әлі толық маңызын ұғынып, тарихи шеңбері мен миссиясына лайықты әдебиетке кіре алмағанын айтқымыз келеді. Қазір де Ахмет Ясауидің кесенесі орналасқан тарихи Яссы қаласының атымен қоса, Қазақстанның бір облысының аты ретінде ғана қолданылып жатыр. Түркістан, 2021 жылы бүгінгі атауы Түркі Мемлекеттерінің Ұйымы болған Түркі кеңесінің шешімімен «Түркі әлемінің рухани астанасы» деп жарияланды. Оңтүстік Қазақстан облысының орталығы Түркістан болып белгіленуі қаншалықты маңызды болса, бұл тарихи қаланың Түркі әлемінің рухани астанасы деп жариялануы да соншалықты маңызды. Бұл жобаның негізгі мақсаты – ұмытылып бара жатқан Түркістан атауын әртүрлі тарихи кезеңдегі дереккөздерде және басқа географиядағы әдеби мәтіндердегі көріністерін ашып көрсету арқылы ұлы Түркістан географиясын қайтадан академиялық тұрғыдан әдебиетке енгізу. Кеңес Одағы тұсында жүйелі түрде жойылған, яки тар мағынада қолданылған тарихи Түркістан атауының осы географияда құрылған мемлекеттермен, осы жерді мекендеген халықтарды меңзегенін академиялық еңбектер негізінде қарастырған жөн деп санаймыз. Бұл зерттеудің түркі әлемінің стратегиялық мақсаттары мен болашақ келбетіне елеулі үлес қосатыны ақиқат.

–Мазмұнды әңгімеңіз үшін көп рахмет. Жұмыстарыңызға табыс тілеймін!

Әтіргүл ТӘШІМ.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы