ТҮРКІСТАН: ОБЛЫСТЫҢ ТУРИСТІК ӘЛЕУЕТІН АРТТЫРУ БОЙЫНША ТАЛҚЫЛАУ ӨТКІЗІЛДІ

291 көрілім

Түркістан қаласындағы «Ұлы Дала елі» орталығында облыс аумағында туризм саласының дамуы туралы талқылау жиыны өтті. Еркін форматтағы мәжіліске Түркістан облысы әкімінің орынбасары Бейсен Тәжібаев, облыстық туризм және мәдениет басқармасы басшысының міндетін уақытша атқарушы Әділ Қонысбеков, жауапты сала мамандары мен оңтүстіктің туризм саласы өкілдері қатысты. Атап айтқанда, жиынға ерекше қорғалатын табиғи аумақтарға жауапты басшылар, қонақ үй мен мейрамханалардың негізін қалаушылар, гидтер, туроператорлар, қоғам белсенділері шақыртылды.

Бейсен Дәулетұлы биыл күзде Түркі мемлекеттері ұйымдарына мүше елдердің туризм министрлерінің қатысуымен маңызды жиын өткізу көзделіп отырғанын хабарлады. Ауқымды шарада 2024 жылы Түркістан қаласына түркі әлемінің туристік астанасы статусын беру қарастырылады.

Алдымен туризм саласында облыс көлемінде атқарылып жатқан жұмыстар мен жобалар таныстырылды. Түркістан өңірінде тарихи-танымдық, экологиялық және емдік-сауықтыру туризм бағыттары бойынша жұмыстар атқарылады. Облыстық мәдениет және туризм басқармасының бөлім басшысы Нұрдәулет Медеуовтің мәлімдеуінше, облысқа 2022 жылы 470 мың турист келген. 2023 жылдың 5 айында көрсеткіш 100 мыңды құрап отыр. Статистика EQONAQ туристерді есепке алатын бірыңғай ақпараттық жүйесіне тұрақты түрде енгізіледі. Туристік компания мен қонақ үйлердің мәліметі бойынша наурыз, мамыр және тамыз айларында сұраныс жоғары.

Туризм саласына тартылған инвестиция өткен жылмен салыстырғанда артқан. Бұл тұста жеке инвесторлардың белсене атсалысқаны байқалады. Жыл соңына дейін 16 жоба және 20 оқиғалық туристік іс-шара өткізу жоспарлануда. Әуе рейстерінің аясын кеңейту қолға алынды. Өзбекстан Республикасымен туризмді дамыту келіссөздері жүргізілуде. Қазақстанның өзге де аймақтарымен ынтымақтастық орнатылады.

Басқосуда инфрақұрылымды жүйелеу, экологиялық белсенді және балалар туризмін дамыту, гидтермен тығыз байланыста жұмыс жүргізу және оларды оқыту, ақпараттық-танымдық кітаптар шығару, жобаларды туризм саласының өкілдерімен кеңесе жүзеге асыру жөнінде ұсыныс-пікірлер ортаға салынып, алаңдатқан сауалдарға жауаптар берілді. Өңір басшысы Д.Сатыбалды да өткен кездесулерде:

– Бес жыл бұрын Түркістан облысы құрылып, Түркістан қаласы облыс орталығына айналды. Мемлекет басшылығының қолдауымен бес жылда шаһарда ауқымды жұмыс атқарылды. Мәдениет, білім, спорт ғимараттары, тұрғын үйлер, және туристік нысандар бой көтерді. Халықаралық әуежай ашылып, қазір оның мүмкіндігі кеңейтіліп, бауырлас елдермен тұрақты рейстерді көбейту бағытында жұмыс жүруде. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен Түркістанға ерекше мәртебе беру бойынша жұмыстар атқарылуда. Туризм – облыс экономикасының басым салаларының бірі. Бірегей архитектуралық-тарихи және археологиялық ескерткіштері, таңғажайып табиғаты мен өзіндік мәдениеті бар біздің өңіріміз туризмді халықаралық деңгейде дамыту үшін зор әлеуетке ие. Облысты ашық аспан астындағы мұражай деуге болады. Өңірде 1770 тарих және мәдениет ескерткіш бар. Соның ішінде ЮНЕСКО-ның дүниежүзілік мәдени мұра нысандарының тізіміне енгізілген Қожа Ахмет Ясауи кесенесі орналасқан. Ясауи бабамыз, қазақтың хандары мен билері осында мәңгі қоныс тапқан. Атқарылған жұмыстар нәтижесінде облысымыз күн санап көркейіп келеді. Біздің алға қойған мақсатымыз жоғары. Әлі де маңызды жобаларды жүзеге асырамыз. Ақпараттық тур барысында тарих пен өркениет тоғысқан Түркістан облысының көркіне өздеріңіз куә боласыздар. Өңіріміздің туристік әлеуетін өз елдеріңізде кеңінен насихаттайды деп сенемін, – деген болатын.

Сонымен қатар, қала ішіндегі жолдардың жөнделуі, қоқыс жәшіктердің орнатылуы, мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған жолақтар, тұрақтар және саябақтардағы қызмет көрсету орындарының ретімен орналасуы қала өмірінің әлеуметтік мәселелерін қамтиды. Бұл мәселелер қаладағы қазіргі қалыптасып отырған құрылыс нысандардың архитектуралық ерекшелігіне қарай, олардың қызметі аясында шешілуі тиіс.
Қазіргі қалалардағы заманауи архитектуралық нысандар адам өмірінің қолайлылық үдесінен шығуды көздейді. Бұл ретте Түркістан қаласының туристік және облыстың әкімшілік орталығы ретінде салынып жатқан ғимараттардың өзіндік функциясы бар. Ол қазіргі Түркістандағы архитектуралық нысандар көпфункционалды қызмет атқаратынын анықтайды. Мәселен, ірі бизнес орталықтарында тек қана бизнес құрылымдардың қызметі емес, сондай-ақ оқу курстарының, сауда орындары мен дәмханалардың және т.б.
қызметтер де табылады. Заманауи үрдістерге қарағанда мұндай құбылыстар қаладағы көпсалалы қызметтердің орталықтануын қарастырады. Соның негізінде адамдардың ғимарат ішінде өзіне қолайлы өмір сүруіне жағдай жасалады.
Түркістан қаласын дамытудың Бас жоспарында қала тұрғындарының саны 2050
жылға қарай 500 мың адамды құрайтынын көрсетеді. Бұл қаланың жан-жақты
кеңейіп, тұрғын үйлердің көбеюін қамтамасыз ету мәселесін туындатады. Осыған
орай жоспарда Түркістан қаласының тұрғын жай қорын кеңейту қарастырылған.
Ал, ескі Түркістандағы әртүрлі кезеңде салынған тұрғын үйлер мен қоғамдық ғимараттар өз тарихын айшықтай
беретін болады.

Түркістан облыс орталығы болған уақыттан бері біраз өзгерістерді бастан кешіп, қаланың көркін арттырар ауқымды құрылыс нысандары салынып, дамудың жаңа кезеңіне беттеп бара жатқаны сөзімізге дәлел. Жаңа Түркістан мәдени-рухани және әкімшілік-іскерлік бөліктерден тұратынын ескерсек, тарихи-мәдени құндылықтарды бойына сіңірген қала болғандықтан қаланы дамыту жобалары жергілікті аймақтың ерекшелігі мен ондағы қалыптасқан дәстүрге негізделуі тиіс. Мәселен, «Керуен сарайы» көпсалалы кешені көркем жарықшамдар, түп-түзу жол, жағалай су бүркіген субұрқақтар, балғын көк майсамен көмкеріле Түркістанның қасиетін арттырған Қожа Ахмет Яссауи кесенесімен жалғасып жатыр. Қала тұрғындарының өзі осы бір сұлулыққа таңырқап, қаланың жаңа статусқа ие болуы тұрмыстарына басқаша сипат бергенін айтып мақтануда. Келген туристер өңірімізде орын тепкен киелі жерлерге зиярат етіп, туристік бағыттарды насихаттау керек екенін ескеруіміз керек. Осы орайда қатысушылардың және халықтың да пікірі тыңдалып, желіде талқыға түсті:

– «Осыдан бес жыл бұрын Түркістан қаласына облыс орталығы мәртебесі берілген кезде қала түбірімен өзгерсе екен, түрленсе екен, сәулеттік келбеті жаңарса екен деген көкейде жүрген бірқатар ойларымызды алқалы ортада айтқанбыз. Әрине, оған біраз уақыт керек болды. Бәрі бір сәтте бола салуы мүмкін емес қой деп өзімізді-өзіміз жұбаттық. Астананың өзіне де қазіргі келбетіне келу үшін 26 жыл уақыт кеткен жоқ па? Сол тұста біздікі бос қиял болып көрінген шығар, дегенмен қаланың келешегін көз алдыңа әкелер мынадай ойларды айтқан едік. Қайсыбір сәулетті қала да шаһар ішін қуалай ағар өзенімен сұлу. Мәскеуде – Волга, Парижде – Сена, Астанада – Есіл, Алматыда – Есентай, Римде – Тибр, Вашингтонда – Потомак, Стамбулда – Босфор бұғазы… Мұндай өзендер бір жағынан қалаға көрік берсе, екінші жағынан көгерісін ұлғайтады, жағалауы туризм кластерін дамытуға мүмкіндік ашып, шаһарға салқын ауа әкеледі. Мәселен, Сырдария өзені Түркістаннан 50 шақырымға жетпейтін қашықтықтан ағып өтеді. Еңдетіп терең канал қазу арқылы арнасын қалаға  қарай иіп әкеліп, шаһар ішімен бір жылғалатып барып, қайта Сырға құйса керемет болар еді. Жел тұрса ақтүтек шаңның борауы Түркiстанда қалыпты әдетке айналған. Аңызақ жел азын-аулақ есiк алдында өсiп тұрған өсiмдiктi, тізіп еккен тал-дарақты қуратып жiбередi. Мұнымен күресудiң бiрден-бiр жолы – қаланы абаттандыру. Жақсылап ойланса, қалада осы сияқты көлікке де, жаяу жүргіншіге де ыңғайлы басқа демалыс аймақтарын тауып алуға болады. Оны бізден гөрі қаланың байырғы тұрғындары жақсы білсе керек. Қазір барлық нәрседен адамның құндылығы қымбат. Сондықтан адамға да бір мезгіл жағдай жасап қойған артықтық етпес» – деген ойлар ортаға салынды.

            Сондай-ақ, сарапшылар да Түркістанның әлеуметтік-экономикалық дамуымен қатар, идеологиялық дамуының 4 бағытын айқындауды ұсынып отыр. Бұл идеологиялық ұстанымның бірінші басымдығына сай – осы қалаға келген адам күллі Қазақ мемлекетінің басынан өткен тарихи оқиғалардан мағлұмат алатындай болуы тиіс. Екіншіден, Түркістанда әлемдік деңгейдегі шеберлер орталығы болуы керек. Өйткені, Қожа Ахмет Ясауи кесенесінде ғасырлар бойы қалыптасқан өркениеттік құрылыс тәжірибесінің ізі жатыр. Тарих қойнауында қалған, көнеден келе жатқан ұлттық қолөнерімізді кейінгі ұрпаққа жеткізу үшін, шеберлік құпиялары мен қолөнер технологияларын сақтау, нығайту және жаңғырту үшін жағдай жасау қажет. Үшіншіден, бұл қаланы ірі сауда, өнер, туризм орталығына айналдырудың кешенді тетігін дайындауымыз қажет. Заманауи қол өнер цехтары, қыш-шыны индустриясы, тері өңдеу мен түскиіз фабрикалары, кілем тоқу өнімдері Түркістанның және Ясауидің кескіні мен келбетін насихаттайтын орталықтарға айналуы керек. Әлеуметтік-экономикалық мәселелерді жүзеге асыру тетігі мәдениет, өркениет, сауда, сәулет, қолөнер, музыка сияқты салаларды қайта жаңғыртудан басталады. Кеше тарихи Ұлы Жібек Жолы да осы Түркістаннан өткен болса, бүгін де сол жол жалғасып келеді. Төртіншіден, Қожа Ахмет Ясауи – жалпы түркі руханияты кеңістігінде өзіндік ілім қалыптастырып, исламдық құндылықтар негізінде ғылымның моральдық-этикалық арнасы мен үлгісін көрсетіп кеткен тарихи тұлға. Осы мақсатта Қожа Ахмет Ясауидың Түркия, Өзбекстан, Иран, Индонезия және Еуропа елдеріндегі шәкірттерінің басын қосатын симпозиум ұйымдастыру жоспарда бар.

Сонымен қатар, қала архитектурасындағы әлеуметтік үрдістер
қала антропологиясының негізгі зерттеу нысаны ретінде қарастырылады. Бұл келешекте Түркістан қаласының архитектурасын символикалық, семиотикалық
тұрғыда зерттеу қажеттігін түсіндіреді.

Жиынды ұйымдастырушылар барлық айтылған сындар, көтерілген мәселелер ескерусіз қалмайтынын және облыстың туризм саласын дамытуда бірлесіп нәтижелі іс атқарылатынын жеткізді.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы