ҚАЗЫҒҰРТ – ҰЛЫ ЖІБЕК ЖОЛЫНЫҢ БОЙЫНДА ОРНАЛАСҚАН ТУРИСТІК АЙМАҚ

169 көрілім

Бүкіл қазақ білетін киелі Қазығұрт тауына саяхат жасайтындар аз емес. Осы таудың ең биік нүктесі 1768 метрге көтеріліп, демалысына демалыс қосып, өз-өзіне адреналин сыйлайтындар да жетерлік. Ол әрі спорт, әрі туған жердің тарихына деген жанашырлық.

Дәм бұйырып, жуырда Қазығұрт тауының бауырында жатқан Тұрбат ауылына барудың сәті түсті. Қазығұрт кентінен шығыста 20 км жерде, Қосмола шоқысының етегінде жатқан ауыл қазіргі кезде аумағында үш бірдей ортағасырлық қала орны мен сегіз архитектуралық ескерткіші бар санаулы елдімекендердің бірі. Алдымен Тұрбаттан 8 км қашықтықтағы биікте бой көтерген «Нұртау» демалыс аймағына ат басын бұрдық. Басшысы осы ауылдың азаматы Нұрлан Қадыров деген жеке кәсіпкер. Өз ауылына жанашыр жан екен. Жеке қаржысына үлкен футбол алаңын салып беріпті. Тағы біраз жоспарлары бар көрінеді.

«Нұртау»-дың кереметін бір-бірінен естіп, демалуды хош көргендер көп. Былтырғы жаздың өзінде оған 18-ге жуық елден туристер келіп, демалып кетіпті. Келушілерге толық жағдай жасалған. Фин моншасы бар.«Көпшілік жанға жайлы мекенді, табиғат аясында тыныштықта серуен құрғанды ұнатады. Мұнда оған мүмкіндік мол. Тау бөктерінде сарқыраманың суына шомылу ерекше әсер сыйлайды. Доланасы жүрекке ем. Құрт, май, қымыз-шұбат дегеніңіз бәрі табиғи. Ағаш бұтасынан жасалған қарапайым шарбаққа дейін шетелдіктерге қызық», дейді кәсіпкер. Ерекшелігі, бұл жердің суы өте шипалы екен.

Көктерек бұлағының суы көкжөтелге, сүйелге, тіпті бүйрек ауруына да ем көрінеді. Емдік суды іздеп сонау Ташкенттен келеді екен жұрт. Байқағанымыз, демалыс аймағының ауасы өте таза. Жұта бергің келеді.

Бұдан соң «Ысмайыл ата» архитектуралық кешеніне бет түзедік. Ол Тұрбат ауылында орналасқан, ХІV ғасырда Әмір Темірдің бұйрығымен салынған. Бұл кешен: Ысмайыл ата кесенесі, Жәбірейіл ата кесенесі, Қошқар ата кесенесі, шілдехана, қақпа, мешіттен тұрады. 1976 жылдан бастап мемлекет қарауына алынған, 2006 жылы реконструкциялық жұмыстар жүргізілген.

1896 ж. Тұрбат ауылынан бір бетінде ұзын имек тұмсықты құстың басы бейнеленген, біржүзді, сабы бар қола пышақ табылған екен. Б. з. д. VIII–IV ғғ. жататын бұл зат осы тау бөктерін адамдар ерте көшпенділер дәуірінде-ақ игеріп алғанын айғақтайды. Алайда Тұрбат ескерткіштерінің басым бөлігі ортағасырлық кезеңге жатады.

Мұнда әулиелер қатарындағы ортағасырда кеңінен танымал болған шайқылар – Ысмайыл ата мен Ысқақ атаның кесенелері орналасқан діни кешендер тұр. ХIV ғ. өмір сүрген олар Қожа Ахмет Яссауи ілімін ұстанған үлкен сопылық қауымның тәлімгер-шайқылары болған. Аңыз бойынша, бұл қауымның бірінші басшысы Ибраһим ата, оның Ысмайыл және Жәбірейіл есімді екі баласы болған. Ысмайыл 20 жасқа толғанда қалмақ шапқыншылығы болып, жау оның ата-анасы мен бауыры Жәбірейілді өлтіреді. Ысмайыл тұтқынға түсіп, құл ретінде басқа діндегілердің малын бағады. Жас жігіттің көрсеткен ғажайыптары «қалмақтарды» ислам дінін қабылдауға мәжбүр етіп оны құлдықтан құтқарады.

Қазығұрт Шымкент қаласынан оңтүстікке қарай 35 км-дей қашықтықта. Шымкент-Ташкент тас жолы Қазығұртты кесіп өтеді. Жол тегіс. Туристерге ыңғайлы десе болғандай. Бүгінде үлкен күре жолдың бойындағы Қазығұрт жотасына Нұх пайғамбар кемесінің символдық макеті қойылған. Алыстан көзге шалынады. Бұл әрине, туристерді тартудың, ел азаматтарын рухтандырудың бір тамаша белгісі.

Қазығұрт өңірі құнарлы да шұрайлы өлке. Ауылы берекеге толы, ауасы таза, тұнық өзендерін көру бір бақыт. Қымызы мен шұбаты, құрты мен қазысының дәмі ше, таңдайыңызда жүреді. Бұл дегеніңіз, туристерді тартуға үлкен мүмкіндік. Жазушы Мархабат Байғұт ағамыздың былай дейтіні бар: «Қазығұрт – тек Қазығұрт ауданы ғана емес. Шымкентіңіз сол таудың баурайында. Сондықтан таяу маңайдағы Төле би, шығыс жақтағы Сайрам, сәл терістік тұсқа таманғы Ордабасы аудандары атыраптарынан әкелінер қымыздың бәрін бір сөзбен Қазығұрттың қымызы деуге әбден болады». Жөн-ақ дерсіз. Былтыр жазда ұзақ қашықтыққа жүгіретін әйгілі желаяқ, американдық Дин Карназес Қазығұртқа келген. Сонда қонақ боп, қазақтың ұлттық ас мәзіріне риза болыпты. «Ұлттық сусындарыңызға ешбір сусын жетпейді» деп сіміре беріпті.

Қазығұрт өңірі – жаңа өркениеттің, жаңа өмірдің бастауы дейміз. Көктем Оңтүстіктен басталады деп жиі айтылады. Атақ-даңқы алты алашқа жайылып, әулие атанған ғалым Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы «Наурыз Қазығұрттан басталады» депті. Текке айтпаса керек. Осыдан он үш мың жыл бұрын Ұлыстың Ұлы күні Нұх пайғамбар кемесі тоқтаған тұста мерекеленген деген аңыз бар. Белгілі этнограф-ғалым Жағда Бабалық бұл орайда нақты дәлелдер келтірген.

Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай Түркістан облысы, Қазығұрт ауданы, Сарапхана ауылындағы «Мәңгілік ел» саябағында үш бірдей ескерткіш ашылды. Әрбірінің өзіндік орны мен маңызы бар. Дегенмен «Не көрсем де Алаш үшін көргенім!» деп жанын шүберекке түйген Алаш арыстары, яғни тоғыз қайраткердің тұлғасы мүсінделген ескерткіштің орны бөлек. Кешенді ескерткіштегі Әли­хан Бөкейхан, Ахмет Бай­тұр­сынұлы, Міржақып Дулат­ұлы, Мұстафа Шоқай, Мұха­мед­­жан Тынышбайұлы, Жүсіп­бек Аймауытұлы, Мағжан Жұма­баев, Әлімхан Ермекұлы, Жаһан­­ша Досмұхамедұлы мү­сін­­дері орнатылған тұғыр­дың екі жағында 140 Алаш зиялы­ларының есімі таңбаланған. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың: «Алаш қай­рат­керлері өткен ғасырдың ба­сын­да тәуелсіздік идеяларын халық арасында дәріптеуге зор еңбек сіңіріп, азаттық жолын­да құрбан болды. Алаш арыс­тарының асыл мұрасын жас­тары­мызға және бүкіл әлемге паш етуіміз керек» деген сөздері де ойып жазылған. Ескерткіштің ашылу салтанатына еліміздің түкпір-түкпірінен зиялы қауым өкілдері, қоғам қайраткерлері, тарихшылар мен қаламгерлер қатысты. Салтанатты рәсімде сөз алғандар меценат Бекет Тұр­ғараев пен жергілікті әкімдіктің үйлесімді ісіне ризашылықтарын білдірді. Алаш идеясы, Алаш ама­наты туралы сөз қозғады. Ұлт­­тық демократиялық мемлекет құру Алаш арыстары ұсынған идея­ның негізі екені де айтылды. Алаш идеясын ту етіп көтерген азаматтарды жер, жердің асты мен үстіндегі байлық қазақ­­тың игілігіне жұмсалуы, тіл, дін және діл үстемдігі, ұлттық дәс­түр мен тәуелсіз ғылымға негіз­дел­ген, заңға сүйенген ұлттық демократиялық мемлекет құру сынды мақсат біріктірді. Осы мақсат-мұраттардың жолында олар ештеңеден аянған жоқ. Ғалымдар, сондай-ақ Алаш қайраткерлері туған халқын қалай сүюдің, оның мұң-мүдде­сін әртүрлі саяси жағдайларда қалай қорғаудың, Отанға адал және риясыз қызмет етудің тең­дессіз үлгісін көрсеткенін бү­гінгі ұрпаққа үлгі етті. Тәуел­сіз ел боламыз десек, Алаш қағи­даттары мен ұстанымын үлгі етуге шақырды. Еркін ел­дің ертеңі қандай болатыны бүгін­гі­­лердің іс-әрекеттерінен бас­та­ла­­тынын ескертті. Осы бір игі істерге бастамашы болып, ұйым­дастырып жүрген «Жеті жарғы және Қожаберген жырау» халықаралық қоғамдық қайы­рым­дылық қорының төрағасы, заң ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстанның ең­бек сіңірген қайраткері Бекет Тұр­ғараевқа алғыстарын жет­кізді. Мысалы, Қазығұрт ауданы­ның әкімі Арман Абдуллаев өз сөзінде Алаш қозғалысы қа­зақ­тың сан ғасырлы тарихын­дағы ең жарқын, ең айбынды оқиға екенін атап өтті.

«Бабалар рухына тағзым» кешенінде Алаш арыс­тары, Асыл ана, Қажымұқан Мұңайтпасов ескерткіштерінің ашылуы аудан халқының ғана емес, жалпы еліміздің үлкен қуа­ны­шы мен мақтанышы. Біз жаңа дәуірге қадам басып келе жатқан егемен елміз. Бірақ өткенді ұмытпаймыз. Өйт­кені ба­ба­ларымыздың елі­міз үшін атқарған еңбектері ұрпақ­қа өне­ге болып, жастарды отан­шыл­дық рухта тәрбиелеуге тамаша үлгі болып қала береді», деді аудан әкімі. Ал мемлекет және қоғам қайраткері Қуаныш Айтаханов тәуелсіздігімізді мәң­гілік ету үшін ел тари­хын терең зерттеу қажет екенін айтып өтті. «Осыдан оншақты жыл бұрын мына төбе ауылдың қозы-лағы жайылып жүретін жота болатын. Ал енді қазір қазақ халқының тарихи-танымдық кешеніне айналды. Еліміздің түкпір-түк­пірінде ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы қарсаңында көптеген жұмыс атқарылып жатыр», деді Қ.Айтаханов. Профессор,  Қазақстаның еңбек сіңірген қайраткері Өмірзақ Озғанбаев биыл Қарағанды облысында Алаш қайраткері Әлихан Нұрмұханбетұлы атын­дағы аудан, Семейде университет ашылғанын, сондай-ақ Солтүстік Қазақстан облысының көптеген мектебіне Алаш қай­рат­керлерінің есімі беріл­генін жеткізді. «Ескерткіш елі­міз­ді бірлікке шақырады. Біз қа­шанда осы Қазығұрттан қайта жан­данғанбыз. Қазығұрт біз­дің киелі жеріміз, біздің жаңғыруы­мыздың бастауы. Сондықтан бұл ескерткіш қашанда жастар­дың әсіресе, білімге, ғылымға ұм­тыл­ған ұрпақтың келіп, тағзым ете­тін, тәлім алатын жері бола­ды. Бұйырса алаштану жал­ға­сады. Алаш болып оянып, Алаш болып жүруіміз керек, 24 саға­тымыз жауапкершілік болуға тиіс. Бұл ескерткіш соған ша­қырып тұр», деді филология ғылымдарының докторы, профессор, академик Дихан Қам­забекұлы. Сонымен бірге осы күні «Анаға тағзым» және Қажы­мұқан Мұңайтпасовқа арналған ескерткіштердің де ашылу салтанаты өтті. Даңқты балуанның 150 жылдығына арналған ескерткішке және ананың мейірімі суреттелген өнер туындысына қонақтар оң бағасын берді. Белгілі ақын, жазушы Нармахан Бегалиев күш ат­асы Қажымұқан Мұңайтпасов ес­керткішінің маңызына тоқ­та­лып, осы игі істі жүзеге асыр­ған Бекет Тұрғараевқа «Қажы­мұ­қ­ан қағанаты» кітабын тарту етті.

Түркістан өңірінде туризм саласын дамыту, оның әлеуетін арттыру әрі туристерге тартымды ету бүгінгі күннің басты талаптарының бірі болып отыр. Туризмді өңірдің негізгі драйверлерінің бірі ретінде дамыту назарда тұр.

Туризм саласын дамытуға бағытталған жұмыстар нәтижесінде өңірдің туристік әлеуеті күшейді. Нысандар пайдалануға беріліп, инфрақұрылымы жақсарды. Өңірге туристерді молынан тартуда жолдың да маңызы зор. 2021 жылы 591 нысан немесе 1189,1 шақырым пайдалануға беріліп, жергілікті маңызы бар автомобиль жолдарының қанағатты жағдайдағы үлесі 79%-дан 87%-ға дейін артты. Былтыр 1300 шақырымнан астам жол мен көше құрылыс-жөндеу жұмысымен қамтылды.

Қазығұрт ауданы халқының табысын арттыру мақсатында мемлекеттік бағдарламалар аясында былтыр 7 мыңға жуық адам жұмыспен қамтылған. Сонымен қатар Мемлекет басшысының «10 мың тұрғынға 100 тұрақты жұмыс орындарын ашу» жөніндегі тапсырмасына сәйкес, ауданнын экономикалық белсенді халық санына қарай 551 жаңа жұмыс орнын ашу жоспарланып, 829-і ашылды. Халықтың табысын арттыруға бағытталған жұмыстар жалғасын табатын болады.

Бүгінгі таңда облысымыз­да Қазығұрттың атымен аудан, ауыл, мектеп, көше және жекеменшік (тойхана, кафе, дү­кен, т.б.) бірқатар нысандар аталады. Қазығұртты жаңғырту және оны елге танымал ету мақсатында облыс, аудан тарапынан көптеген ауқымды жұмыстар атқарылды. Атап айтсақ, Шымкент – Ташкент тас жолының бойындағы асуға «Кеме қалған» монументі орнатылды, «Қазығұрт» энциклопедиясы жарық көрді, бірлік пен берекенің, татулық пен достықтың, ырыс пен ынтымақтың жарқын мерекесі «Наурыз мейрамы» Қазығұрттан бастау алды.

Ауданның экономикасы да қарқындап өсіп келеді. Бірқатар игі істер қолға алынып, Қазығұртқа түрлі қоғамдық ұйымдардың қатысуымен саяхаттар ұйымдастырылуда.

Елдің тұрмыс жағдайы жақсара түссе, келушілерге жылы пейіл танытып жатса, туризмнің дамуына ол да сеп болары анық. Былтыр облыс әкімі Дархан Сатыбалды Қазығұрт ауданына іссапармен барды. Өңір басшысы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың арнайы тапсырмасымен Түркістан облысында «Жайлы мектеп» пилоттық ұлттық жобасы әзірленгенін жеткізді. Салынатын мектептер жаңа форматта болады. Жоба шеңберінде Қазығұрт ауданында үш мектеп салынбақ.

– Қазығұрт ауданын дамыту мәселесі назарда тұр. Ауасы таза, табиғаты көркем аймақта ауыл шаруашылығы, туризм, кәсіпкерлік салаларын дамытуға мүмкіндік мол. Өздеріңізбен арнайы жүздесіп, өтініштер мен ұсыныстарды тыңдауға келдік. Басқарма басшылары да осында тұр. Еркін пікір алмасуға дайынбыз. Жалпы ауданды дамыту бағытында «Ауыл – Ел бесігі» жобасы аясында биыл 7 елді мекенде 14 жоба іске асырылуда. Атап айтқанда, Шанақ, Жігерген елді мекендерінде жаңадан 200 орындық мәдениет үйлерін салуға, Қақпақ, Ынталы елді мекендерінде 2 дәрігерлік амбулатория салуға қаржы қаралды. Жігерген, Қаржан елді мекендерінде 21 шақырымды құрайтын 13 көшеге асфальт төселеді. Жаңабазар елді мекенінде жаңадан спорт алаңшасын салуға, Шанақ, Ақжар елді мекендерін табиғи газбен қамтуға тиісті қаражат бағытталды, – деді Дархан Сатыбалды.

Өңір басшысы кездесу барысында қазығұрттықтардың қойған сұрақтарына жауап беріп, ұсыныстарын тыңдады. Сонымен қатар жеке қабылдау өткізіп, жергілікті билік өкілдері мен басқарма басшыларына қабылдауда болған азаматтардың мәселелерін шешуді тапсырды.

Тұрғындар тарапынан мектеп салу, жер мәселесі, ономастика, ауыз су, инфрақұрылымды жақсарту, Өгем суын тиімді пайдалану және өзге де түйткілдер бойынша сұрақтар қойылды.

Қазығұрт ауданының инженерлік инфрақұрылым жүйесін дамыту үшін 15 бюджеттік инвестициялық жоба жүзеге асырылды.

Аудан тұрғындарының 98,6%-ы немесе 100 мыңнан астам адам таза ауыз сумен қамтылған. Табиғи газбен 98,2% қамтылған. Ызабұлақ, Шанақ және Ақжар ауылдарын табиғи газбен қамту бойынша 3 жоба жүзеге асырылуда. Жалпы құны – 889,9 млн. теңге. Биыл пайдалануға беріледі.

Қазығұрт ауданына іссапарымен келген Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды Қақпақ ауыл округінде орналасқан «Қарқын – 2030» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің шұжық шығару цехына барды. Кәсіпорынның ірі қара малды бордақылау алаңының қуаттылығы 800 бас болса, бордақылаудағы мал саны – 400 бас. Ет өңдеу цехы тәулігіне 5 тонна шұжық өнімдерінің 60 түрін шығарады. Кәсіпорында жалпы 100 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Өңір басшысы кәсіпорын жұмысын оң бағалап, кәсіпкерлікті қолдауға баса назар аудару керек екенін айтты.

Қазығұрт ауданы – Ұлы Жібек жолының бойында орналасқан аграрлы аймақ. Шөбі шүйгін, топырағы құнарлы. Шыбық шаншысаң, шынар өсіп шығады.

Баршамыздың алдымыздағы ендігі міндет – туризмді түлете түсу. Ұлы Жібек жолының бойында тұрған біздің дәуіріміздің алып ескерткіші – Қазығұртты адамзат тіршілігі мен бірлігінің символы ретінде оның маңайын ұлттық табиғи, тарихи қорыққа айналдырып, шетел қонақтарына таныстыру арқылы рухани жәдігерімізді бүкіл әлемге әйгілі ету! Осы жолда жұмыла жұмыс істесек, туған жердің қадір-қасиеті арта түсетіні анық.

Саламат Айбар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы