ТҮРКІСТАН: ТЕАТРДА ЖАҢА МАУСЫМ ШЫМЫЛДЫҒЫ ТҮРІЛДІ

288 көрілім

Райымбек Сейтметов атындағы Түркістан қаласы сазды-драма театрында жаңа маусымның шымылдығы түрілді. Жәдігер шаһар Түркістан өнерінің қара шаңырағына айналған руханият ордасында 24-театр маусымының ашылуына көрермен көп жиналды. Маусымашарға Түркістан облысы мәдениет және туризм басқармасының басшысы Әзімхан Қойлыбаев қатысып, театр ұжымы мен өнерсүйер қауымды жаңа маусымның ашылуымен құттықтады.

– Түркістан облысының әкімі Дархан Амангелдіұлы мәдениет саласын дамытуды тапсырған болатын. Нәтижесінде облыс орталығында игі бастамалар қолға алынып, жаңа мамандар келіп жатыр. Облыстағы 3 театрымызда да оң өзгерістер орын алуда. Театр әртістері жазда Еуропаға фестивальге қатысып қайтты. Міне, соның бірі осы қара шаңырақ ғимаратына былтыр күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Ал биыл Райымбек Сейтметов ағамыздың 85 жылдығына орай, қарашада республикалық театр фестивалі өтеді. Бүгінгі маусымның ашылуымен баршаңызды құттықтаймын. Мол табысқа жете беріңіздер, – деді басқарма басшысы.

Жаңа маусым украиндық драматург Мария Ладоның «Болмаған оқиға» драмасымен ашылды. Жақында ғана тұсауы кесілген қойылымда әлем дамыған сайын адам баласының қатыгездігі қатар дамып жатқаны туралы баяндалады. Бүгінде адамда бәрі бар, барлығы жетеді, алайда мейірім жеткіліксіз. Ал жер бетіндегі хайуандардың, әсіресе үй жануарларының адамнан мейірімді, жүрегі жұмсақ екенін біз біле бермейді екенбіз. Білсек те тәкаппарланып мойындамаймыз. Неге? Міне, жауабы жоқ сұрақтарға театр әртістері сахна арқылы жауап беруге тырысады.

Шығарманы қазақ тіліне аударған Құжырғали Төлеуішев. Қойылым режиссері – Махамбет сыйлығының иегері, елімізге танымал режиссер Мұханғали Томанов. Суретшісі – Қ.Шериев. Рөлдерді К.Аштекова, Ә.Жұман, Ж.Адырбекова, Ж.Маханов, А.Ильясов, Ғ.Бейсенбаев, М.Құрманбеков, А.Үндемесова, Ж.Сейдахметова, Т.Қарынбаев, Б.Шаймахан сынды театр әртістері сомдап шықты. Театрдың көркемдік жетекшісі – Айдар Наурызбаев.

Қойылым соңында көрермендер театр труппасына жылы лебіздерін білдіріп, жаңа маусымға сәттілік тіледі. Түркістан қаласының құрметті азаматы, ҚР Мәдениет қайраткері, әйелдер алқасының төрайымы Ұлжан Мұстафаева, Жұмат Шанин атындағы Шымкент қалалық академиялық қазақ драма театрының көркемдік жетекшісі, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, профессор Бекболат Құрманғожаев сөз сөйлеп, қойылым туралы пікірлері мен әртістерге алғыстарын айтып, жаңа маусымның ашылуымен құттықтады. Облыс әкімдігі, қала басшылығы тарапынан ықылас гүлдері тарту етілді.

Ә.ТӘШІМ.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы