ТҮРКІСТАН ТӨРІНДЕ АЛАМАН АЙТЫС ПЕН АҚЫНДАР МҮШӘЙРАСЫ ӨТТІ

209 көрілім

Түркілердің төрі саналатын киелі шаһар, рухани астанамыз Түркістан облысының құрылғанына 5 жыл толуына орай «Фараб» әмбебап кітапханасының үлкен залында аламан айтыс өтті. Қала әкімінің қолдауымен, қалалық мәдениет үйінің ұйымдастыруымен «Түрленген, гүлденген Түркістан» атты тақырыпта өткен жыр бәйгесінде республикадан ең үздік ақындар қатысып, қала тұрғындарына сөз барымтасының көркем үлгісін көрсетті.

Атап айтсақ, Нұрмат Мансұр, Жансая Мусина, Рауан Қайдаров, Қажымұқан Абзалов, Мөлдір Айтбай секілді шебер ақындармен қатар, жастар айтысының жарық жұлдыздарына айналған ақындар да бақ сынады. Аламан айтыс қорытындысы бойынша халықтың қошеметі мен қазылардың жоғары бағасына ие болып, бас бәйгені Дәурен Ақсақалов алды. Ал, бірінші орын Нұрмат Мансұрға, екінші орын Жансая Мусина мен Мөлдір Айтбайға бұйырды. Аян Ниязбек пен Қажымұқан Абзалов болса үшінші орынды қанжығаларына байлады. Сондай-ақ, көпшілікті тапқыр сөз, тұшымды өлеңмен тәнті еткен бірнеше ақынға арнайы жүлделер табысталды. Дәлірек айтсақ, “Қаныбек Сарыбаев” атындағы жүлдемен Нұрмахан Жақыпбек, “Әселхан Қалыбекова” атындағы жүлдемен Айым Асылбекқызы, “Әбдікәрім Манапов” атындағы жүлдемен Рауан Қайдаров, “Тәушен Әбуова” атындағы жүлдемен Нұрғали Әнапия, “Көпбай Омаров” атындағы жүлдемен Дәурен Ысқақ, “Жарқынбек Наушабеков” атындағы жүлдемен Мұхаметхан Сіламхан марапатталды.

Айта кетейік, түрленген Түркістанды жырға қосып, жүлделі болған айтыскер-лердің бәріне қаржылай сыйақы берілді. Шалқар шабыт пен шебер шумақтарын киелі шаһарға арнаған ақындарға алдағы уақытта да жарқын жеңістер тілейміз!

Сонымен қатар, ҚМДБ Түркістан қаласы имамдарының бастамасымен шаһардың бас имамы Мұхаммеджан Ергешбайұлының ұйытқы болуымен ұйымдастырылған, Пайғамбарымызға арналған «Адамзаттың ардағы, қос дүние сардары» атты республикалық жыр мүшәйрасының жеңімпаздары анықталып марапатталды. «Фараб» ғылыми-әмбебап кітапханасында ҚМДБ үгіт-насихат бөлімінің меңгерушісі Батыржан Мансұровтың модераторлық етуімен өткен жыр додасының ашылуы Түркістан қаласының бас имамы Мұхамеджан Ергешбайұлының құран бағыштауы және ҚМДБ-ның төраға орынбасары Сансызбай Құрбанұлының бата беруімен басталды.

Айта кетейік, елімізде тұңғыш рет өткен Пайғамбарымызға арналған жыр мүшәйрасына өңірлерден жүзден аса ақын өз өлеңдерін бәйгеге қосты. Небір сен тұр мен атайын деген шайырлар қатысқан жыр додасының әділ өтуі үшін қазыларға өлеңдер авторы көрсетілмей, тек нөмірленген күйінде ұсынылды. Сол жүздеген қаламгердің арасынан жүйрік деп танылған 12 ақын марапаттау кешінде жиналған көрерменнің алдында өз өнерлерін ортаға салып, рухани кештің мәнін арттырып, көпшіліктің қошеметіне ие болды.

Жәдігер қаланың төрінде өткен айтулы жыр мүшәйрасын-да ҚМДБ-ның төраға орынбасары Сансызбай Құрбанұлы, қала әкімінің орынбасары Ерлан Күзембаев, облыстық ақсақалдар алқасының төрағасы Жарылқасын Әзіретберге-нов, қалалық мәслихат төрағасы Ғаппар Сәрсенбаев, облыс-тық мәслихат депутаты, ақын Бекарыс Шойбеков, «Ақжол» ЖШС директоры Сабыр Атаев, қаланың бас имамы Мұха-меджан Ергешбайұлы, Шымкент қаласының бас имамының орынбасары Мұсабек Ақтамберді, Түркістан қаласының құрметті азаматы Мақсат Таңғатаров пен қалалық мәслихат депутаты Ғалымжан Құдияровтар жылы лебіздерін білдірді.

Сондай-ақ, жыр мүшәйрасының барысында Пайғамбарымыз Мұхаммедке (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын) арналған ақындардың жырлары енгізілген «Қос дүние сардары» атты кітаптың тұсауы кесіліп, оқырмандарға жол тартты. Кешті ұйымдастырушылар тарапынан жыр мүшәйрасын өткізуге белсене атсалысқан бірқатар азаматтарға, сондай-ақ қазылар алқасының мүшелеріне алғыс хаттарын табыстап, сый-сияпаттарын көрсетті.

Кеш соңында Сансызбай Құрбанұлы бастаған қазылар алқасының шешімі жарияланып, жүлдегерлер арнайы сыйлықтармен марапатталды. Нәтижесінде, бас жүлдені жеңіп алған ұлытаулық ақын Абай Ораз темір тұлпарды тақымдаса, жүлделі 1-орынды иеленген Қуанышбек Шарманов 1 000 000 теңгені қанжығалады.

2-орынға лайық деп танылған Бауыржан Ширмединұлы, Біржан Байтуов, Нұрқанат Қайратқа Ұмра қажылығына жолдама табысталды.

Ал, Қажымұқан Абзалов, Батырхан Сәрсенхан, Жәкеш Ғалымға 3-орынды еншілеп, 500000 теңге қаржылай сыйлықтар табысталды.

Сондай-ақ, жыр додасына қатысушы ақындар 300 000 теңге арнайы жүлдеге ие болды. «Серік Қалиев» атындағы жүлдені Біржан Ахмер, «Әселхан Қалыбекова» атындағы жүлдені Алпамыс Файзолла, «Шал ақын» атындағы жүлдені Алмас Ақтасов, «Майлықожа» атындағы жүлдені Дәулет Жадырасын иеленіп, көрермен ықыласына бөленді.

Дәурен ТІЛЕУХАН,

Азамат ӘЛІБЕК.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы