Түркістан қаласының облыс орталығы атанғанына 5 жыл толуына орай облыс әкімдігінің қолдауымен «АРТ Түркістан» халықаралық өнер фестивалі өтті.
Он күндік шара аясында халықаралық дәрежедегі Қазақстан бейнелеу өнері майталмандарының «Түркістан – түркілердің тұмары» симпозиумы ұйымдастырылған. ТМД елдерінен және Астана, Алматы қалаларымен қатар, Павлодар, Қарағанды өңірлерінен осы салада еңбегі сіңген танымал суретшілер қатысқан симпозиум барысында суретші-лер Түркістан тарихынан сыр шертетін 12 көлемді шығарма жазып, ізденіс жұмыстарын музей қорына тапсырды. Сонымен қатар, фестиваль аясында Халықаралық дәрежедегі ТМД елдерінен шақыртылған өнертанушы-сарапшылар салынған туындыларға анықтамалық сараптама жұмыстарын жүргізген.
– Түркістан түркі әлемінің орталығына айналған қасиетті өңір. Бұл шаһар ғасырлар бойы бүтін бір өркениеттің қайнаған қазаны атанып, озық ойлар мен ұлы ойшылдардың отаны атанды. Биыл Түркістан облысының құрылғанына 5 жыл толып отыр. Аз уақыт ішінде қала көркейіп, заманауи ғимараттар мен рухани-мәдени орталықтар арқылы жаңа кейіпке еніп отыр. Руханият ордасына айналған Түркістанда тек облыстық шаралар емес, республикалық және халықаралық шаралардың өтуі біз үшін мәртебе. Соның бірі осы «АРТ Түркістан» халықаралық өнер фестивалі. Қатысып отырған суретшілерге сәттілік, шығармашылық табыс тілеймін, – деген еді фестивальдің ашылу салтанатында Түркістан облысы мәдениет және туризм басқармасының басшысы Әзімхан Қойлыбаев.
Айта кетейік, фестиваль аясында «Түркістан – түркілердің тұмары!» суретшілер симпозиумы өтіп, оған Ресей, Түркия, Әзірбайжан, Қарақалпақ, Қырғызстан және Қазақстан елдерінен 9 сарапшы 5 күн бойы көне картиналарға талдау жүргізді. Шетелдік мамандар шараның маңыздылығын сөз етіп, қазақстандық суретшілердің жұмысын жоғары бағалады. Сондай-ақ, әйгілі суретшілермен қатар, авторы белгісіз картиналардың үлкен көрмесі ұсынылған. Фестивальдің соңғы күнінде суретшілер симпозиумының қатысушылары, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері марапатталды. Олар он күні бойы Түркістан тарихы туралы үлкен көлемді сурет салған еді. Аталған фестивальге арнайы ат басын бұрғандар қатарында Әзірбайжан Республикасы Мәдениет министрлігі жанындағы Музей құндылықтары мен бірегей жәдігерлерді ғылыми реставрациялау орталығының директоры, өнертанушы Маликова Зарифа ханым да бар.
– Түркістанды тарихи көне қала деп танығаныммен, мұндай гүлденген қаланы көремін деп күтпедім. Қазақстандағы алғашқы сапарым десем болады. Киелі шаһарға бірінші рет келіп отырмын. Қызықты ескерткіштер бар екен. Мұнда облыстық зәулім музей болғанын қалар едім. Өйткені туристерді қызықтыратын орынның бірі музей болып саналады. Біз сапар барысында кәсіби суретшілермен таныстық. Өте қызықты жұмыстар. Ең бастысы қазақ суретшілерінің жасап жатқан шедевр жұмыстарын бақылап жатырмыз. Бұдан бөлек әйгілі суретшілермен қатар, авторы белгісіз картиналардың үлкен таңдауы ұсынылуда. Біз сол туындыларға сараптама жасаймыз. Талқылау нәтижесінде, бұл жұмыстар музей экспозициясының сәнін келтіріп, келушілерге қуаныш сыйлайды деп үміттенемін. Фестиваль ұйымдастырушыларына мың алғыс, – деді Әзірбайжан сарапшысы.
Халықаралық дәрежедегі өткен іс-шараның қасиетті Түркістан шаһарында өтуінде үлкен мән бар. Кеше мен бүгіннің, кемел келешектің біте қайнасқан ордасына айналған қарт қала тарихы тылсымға толы шара өткізуге таптырмас орын екенін жасырмады құрметті қонақтар.
Досхан ТАЛҒАТҰЛЫ.