ТҮРКІСТАН: “ОТБАСЫ – АЛТЫН ДІҢГЕК” БАЙҚАУЫ ӨТТІ

248 көрілім

Отан – отбасынан басталады. Тәуелсіз еліміздің босағасын берік, шаңырағын биіктете түсуде бір-бір уық боп бекіп жатқан отбасылардың ұлттық құндылықтарымызды ұлықтап, ата-дәстүр, салт-сананы ұрпақ бойына сіңірудегі еңбектері мен ізденістерін, жетістіктерін жалпақ жұртқа жария ету жолында тәлім аларлық іс-шаралар жібін үзбей жалғасып келеді. Осы мақсатта жыл сайын Түркістан қалалық Мәдениет үйінің ұйымдастыруымен отбасылар арасында байқау өтіп тұрады. Тамыры тереңдей түскен, дәстүрінен жаңылмаған дода биыл да өз жалғасын тапты.

“Фараб” кітапханасында өткен дәстүрлі байқау бұл жолы “Отбасы – алтын діңгек” тақырыбын қамтыды. Атауы айтып тұрғандай, тағылымы мен тәлімі мол байқауға 5 отбасы қатысып, 4 кезең бойынша бақтарын сынады. Отбасылар сайысының өнерін тамашаламаққа қаламыздың бірқатар зиялы қауымы қонақ болды. Олардың қатарында Түркістан қаласы әкімінің орынбасары Байдулла Оразбеков, Түркістан қалалық мәслихат төрағасы Ғаппар Сәрсенбаев, ҚР Мәдениет қайраткерлері Ұлжан Мұстафаева, Сауран Елеуов, Түркістан облыстық аналар кеңесінің төрайымы  Гүлсара Тоққұлова, Түркістан облысы мәслихатының депутаты Инара Намазбаевалар арнайы келіп, кіреберіс файеде тұрған әр үміткер отбасының ас мәзіріне қатысты жұмыстарына қанықты. Одан соң залға еніп, байқауды ашып беру үшін сөз алып, қатысушыларға сәттілік тіледі.

Жыл сайын өткізілетін байқау қорытындысында жүлде алған үлгілі отбасылар бүгінде өзінен кейінгі буынға өнеге болып келеді. Өткен жылғы Бас жүлдені еншілеп, жеңімпаз атанған Жакиповтар отбасы сахна шымылдығын ашып, “Махаббат станциясы” фильмінен үзінді көрсетті. Жалпы байқаудың шарты мен ережесі, әр сәт сайын кіл мықтыны анықтайтын бірнеше кезеңнен тұрды. Алғашқы кезең таныстыру болса, екінші кезеңде ән айтып, би билеп, спорттық және қолөнер шеберлігімен өзге де өнерлерімен көпшілікті тәнті еткендер өнер сайысында бақ сынады. Үміткерлер үшінші кезең бойынша “Ас мәзірі” яғни отағасының сүйікті тағамы, қадірменді меймандарға ұсынылатын тағамдар мен күзгі өнімдерден әртүрлі салаттар әзірлеу тиіс болатын. Соңғы қорытынды сайыс “Ата дәстүрі- тәрбиенің бастауы” деп аталды. Мұнда қатысушылар Төле, Қазыбек, Әйтеке билердің сөздерінен, ақын-жазушылардың шығармаларынан, Абайдың қара сөздерінен жатқа айту керек болды.

Осындай кезеңдерді қамтыған үміткерлерді саралап, еңбегін бағалаған қазылар алқасының құрамында қалалық әжелер алқасының төрайымы, Түркістан қаласының «Құрметті азаматы» ҚР Білім беру ісінің Құрметті қызметкері, Ыбырай Алтынсарин төсбелгісінің иегері, Қазақстан Республикасының Құрметті азаматы Айғаным Серім Абанқызы және Еңбек ардагері, «Түркістан қалалық Әйелдер алқасы» қоғамдық бірлестігінің, «Қалалық ардагерлер кеңесінің» пленум мүшесі, зейнеткер, ҚР Мәдениет қайраткері Сержанова Раушан Нүрпейісқызы. Сондай-ақ,«Ұлы Дала Елі» орталығының директоры ҚР Мәдениет саласының үздігі, ҚР Құрметті азаматы, Түркістан қаласының Құрметті азаматы Дюсенбаева Гүлжанат Ибрагимқызы болды. Олар байқауға қатысқан Ақтуреевтер, Атаевтар, Алшынбековтер, Парменовтар  және Жақыпбековтар отбасына қазылық етті.

Өзара тартысты өткен сайыста әрбір қатысушы отбасы үшін барын салды. Қай отбасының бірлігі бекем, ырысы тасыған, мерейі асқаны да байқау барысында белгілі болды. Тағылымды шарада отбасы мүшелерінің спорттық өнерімен бірге, бала тәрбиелеудегі біліктілігі де бағаланды. Балаларды сахнаға шыңдап, өнерге бейімдеп, отбасылық жылулықты жастайынан сезіндіруді месе тұтқан бәйгеде үміткерлер кезек-кезегімен байқау шарттарына сай додалы жарыс жалғасын тауып жатты. Жырсүйер халқымызға қара өлеңнен оңайы жоқ десек қателеспейміз. Мұны өздерін таныстыруда төгілткен жыр түйдектерінен анық аңғардық. «Әу демейтін қазақ жоқ» демекші, жас отбасылар ұлттық өнерден де құралақан емес екенін паш етті. Бірі дөңгелене би билей жүріп ән салса, енді бірі суретші, тағы бірі спортшы, тіпті қолөнер шебері екенін де сүт пісірім уақытта-ақ танытып жатты. Ал, шаңыраққа жылу сыйлап, отбасының берекесін кіргізер сәт сыналған кезеңдерде қамыр илеу, бауырсақ пісіру, құрт жасау сынды үй шаруасындағы шеберліктерін көрсетті. Осылайша, он саусағынан өнер тамған шеберлік сынында да сүрініп қалмай, алдарына жан салмай, бірінен-бірі озғаны анық.

Ата-салтқа адалдық танытып, ағайын-туыстың алтын арқауына айналумен қатар, қоғам дамуына сүбелі үлес қосып жүрген босағасы берік, шаңырағы биік отбасылардың өнері мен ерен еңбектеріне әділқазылар алқасы оң бағасын берді. Сонымен байқау қорытындысы бойынша жүлделі ІІІ орынның көгінен Актуреевтер отбасы көрініп, 100 мың теңге қаржылай сыйлықты қанжығаларына байласа, ІІ орын Алтынбековтер отбасына 150 мың теңгесімен қоса бұйырды. Сондай-ақ, тағы бір ІІ орынды Парменовтар отбасы ақшалай сияпатымен қоса алса, І орынның биігін Атаевтар отбасы 200 мың теңгесімен бағындырды. Бәйгеде оза шауып, бас жүлдені еншілеген Джакипбековтер отбасы 250 мың теңгемен марапатталды. Барлық марапат иелеріне қала әкімі атынан Дипломдар берілді. Өнері мен білімі шыңдалған белсенді отбасылардың өнеріне қазылық еткен әділқазы мүшелеріне де арнайы Алғыс хаттар мен қаржылай сыйлықтар табысталды.Байқау жеңімпаздары мен көрермендер назарына Түркістан қалалық Мәдениет үйінің әншілері әннен шашу шашып, үміткерлерге шалқар шабыт сыйлады.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы