- ВКонтакте
- РћРТвЂВВВВВВВВнокласснРСвЂВВВВВВВВРєРСвЂВВВВВВВВ
- Skype
- Telegram
Түркістанда Халықаралық көше театрлары фестивалі басталған болатын. Салтанатты ашылуына ТҮРКСОЙ ұйымы Бас хатшысының орынбасары Сайит Юсуф, Түркістан облысы мәдениет және туризм басқармасының басшысы Әзімхан Қойлыбаев қатысты.
Қазақстанда алғаш рет ұйымдастырылып отырған халықаралық көше театрлары фестивалінің қонақтары мен Қазақстан, Түркия, Өзбекстан мен Қырғызстан елдерінен келген үздік 13 өнер ұжымы қызыл кілемнен жүріп өтті. Шара барысында қонақтар арнайы жасақталған көрмемен танысты. Содан соң ұлттық ән мен би қамтылған концерттік бағдарламаға ұласты. Әрі қарай фестивальге қатысушыларға арналған дөңгелек үстелге жалғасты.
Облыс әкімдігінің қолдауымен, облыстық мәдениет және туризм басқармасының ұйымдастыруымен өтіп жатқан фестиваль мақсаты – жастарды азаматтық-патриоттық бағытта тәрбиелеу, көше театрларының мәдениетін көтеру арқылы оның мәдениеттен ажырамас бөлігі ретіндегі рөлін жаңғырту, белсенді қоғамдық бағыт ұстануына жағдай жасау, түркістандықтар мен рухани астана қонақтарының мәдени демалысын ашық алаңдарда театр қызметі формасында дамыту және жетілдіру, салауатты өмір салтын қалыптастыру.
Қаланың рухани-мәдени орталығында еліміздің және шетел көше театрларының мәдениетімен көпшілікті таныстыратын фестивальде алғаш болып қырғыздар өнер көрсетті. Атап айтсақ, Қырғызстан Республикасынан Капар Медетбеков атындағы Талас облыстық музыкалық драма театрының ұжымы Шыңғыс Айтматовтың «Мәңгүрт» қойылымынан үзінді, Түркістан музыкалық-драма театрының ұжымы Қанабек Байсейітов пен Қуандық Шаңғытбаевтың «Беу, қыздар-ай!» комедиясын, Ордабасы аудандық мәдениет үйі жанынан құрылған «Темірлан» халық театры Захардин Қыстаубайұлының «Тәуелсіздіктің ақ таңы» қойылымын, Түркия Республикасы, Бурса муниципалитетінің қалалық театры романтикалық комедиясын, Сайрам аудандық Қазақ халық театры «Сыған серенадасы» қойылымын, Шардара аудандық мәдениет сарайы «Енжарлық түбі –өкініш» қойылымын, Қ.Жандарбеков атындағы Жетісай драма театры «Дара жол» тарихи композициясынан үзінді, А.Тоқпанов атындағы Жамбыл облыстық қазақ драма театры «Суретші» қойылымынан үзінді сахналады. «Керуен Сарай» ойын-сауық орталығының әуе театр ұжымының қойылымы алғашқы күнді қорытындылады.
Фестиваль ертең де жалғасады. Кәсіби мамандардан құралған қазылар алқасы жіті қадағалап, төрелігін айтады. Фестиваль қорытындысына сәйкес жеңімпаз деп танылған ұжымдарға Гран-при, І, ІІ, ІІІ дәрежелі дипломдар, сондай-ақ арнайы жүлделер мен ынталандыру сыйлықтары беріледі.